Руханият • 17 Мамыр, 2019

Ататүріктің «Жолдау» кітабы қазақ тіліне аударылды

1798 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Түркияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының қолдауымен Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығына орай «Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық күресі және Ататүрік» атты конференция өткізілді. Шара барысында Мұстафа Кемал Ататүріктің «Жолдау» кітабының қазақша нұсқасының тұсаукесері өтті.

Ататүріктің «Жолдау» кітабы қазақ тіліне аударылды

Алқалы жиынға Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, қоғам қайраткерлері, түркі әлемінің сыйлы ақсақалдары Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, түркологтар және этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.

Жиында сөз алған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түрік халқын айтуылы мерекемен құттықтай отыра, биылғы жылдың «Ататүрк және ұлт-азаттық күрес» жылы деп жарияланғанын, соған байланысты бірқатар шара өткізіліп жатқанын айтып өтті. «Ататүрк – тек түрік елінінің емес түгел түркі халқының сыйлы перзенті. Өзінің ұлт-азаттық қозғалысымен күллі түркі әлеміне серпіліс алып келді», деді Дархан Қыдырәлі.

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык жиын ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, «1919 жылы 19 мамырда Самсун қаласында басталған ұлт-азаттық күресінің Түркия Республикасының мемлекет ретінде құрылуында маңызы зор. Ұлт-азаттық күрес Отанымызға басқыншылық жасап, халқымызға тұтқын шынжырын тағуды көздегендерге қарсы даңқты тойтарыс болды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген халқымыз бір шаңырақ астында бас қосты», деді.

Тәуелсіздік алған жылдары Түркияға Қазақстан делегациясын бастап барған түркі әлемінің сыйлы ақсақалы Мырзатай Жолдасбеков сол кездің естеліктерімен бөлісе отыра, түрік халқының қазақтарға жасаған жақсылығы мен қолдауы туралы әңгімелеп берді.

Бұдан бөлек Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов, Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков сөз сөйлеп, бауырлас мемлекетке өз лебіздерін білдірді.

Жиында Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрк туралы деректі фильм көрсетіліп, фотокөрме ұйымдастырылды. Шара соңында түркология факультетінің студенттері Ататүркке арналған өлеңдер оқыды.