Саясат • 17 Мамыр, 2019

Жапонияның СІМ басшысы: Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық нығайып келеді

1058 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертең Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында «Орталық Азия+Жапония» диалогының аясында сыртқы істер министрлерінің 7-кеңесі өтеді. Аталған шараның алдында ҚазАқпарат ХАА Жапония сыртқы істер министрі Таро Кононың «Жапонияның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығының перспективалары» атты мақаласын ұсынады.

Жапонияның СІМ басшысы: Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық нығайып келеді

«Ең әуелі мен Орталық Азия жеріне Сыртқы істер министрі ретінде алғаш аяқ басқаныма қуаныштымын. Ертең мен «Орталық Азия+Жапония» диалогының аясында сыртқы істер министрлерінің 7-кеңесіне қатысамын. Осы шара аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесуді асыға күтемін. Өзге де әріптестеріммен аталмыш алаңда серіктестікті нығайту мәселелерін талқылаймыз. 

Орталық Азия елдері өз тәуелсіздіктерін алған тұстан бастап біздің ел өңірдегі елдермен ынтымақтастықты ұдайы дамытып келеді. 2015 жылы премьер-министр Синдзо Абэ өңірдегі 5 мемлекетке тарихи сапар жасады. 2017 жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуын атап өттік. Қазақстанға келер болсақ, 2016 жылдың қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен келді. Көптеген жапониялықтар 2017 жылы өткен Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысты. 2018 жылдың маусымында Астанада Жапония мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметтік және жеке сектордың бірлескен комиссиясының 7-отырысы өтті. 2020 жылы Токиода болатын Олимпиада және Паралимпиада ойындары қарсаңында қазақстандық спортшыларды Кашихара (Нара префектурасы), Курумэ (Фукуока префектурасы) және Юки (Ибараки префектурасы) қалаларында қабылдауға дайындық жүріп жатыр.

 Жапония мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы нығайып келе жатқан тұста жапониялық дипломатия аталмыш өңірдің «ашық, тұрақты және  өз бағытымен дамығанын», «өңірлік серіктестік катализаторы» ретінде барлық елдермен бірлесіп жұмыс атқарғарғанын қолдайтынын айтқым келеді.  Жапония үкіметі өңірдегі өзара байланыстың дамығанын қолдайды және бұл мұхитқа шыға алмайтын Орталық Азияның сыртқы әлем үшін ашық дамуына жол ашады деп санайды. Біздің көне астанамыз Нара қаласындағы қазына қоймасында VIII ғасырда Орталық Азиядан әкелінген музыкалық аспаптар, киім-кешек, қылыштар мен ыдыс-аяқ және тағы басқа жәдігерлер бар. Бұл Жібек жолы арқылы қиылысып жатқан мәдениет пен білімге тоқталмай, Жапония тарихын баяндау мүмкін емес деген сөз. Біз Орталық Азия өңірі ХХІ ғасырда Еуразияның жаңа дәлізіне айналып, батысындағы Еуропаны Каспий мен Кавказ арқылы шығысындағы Азиямен, оңтүстігіндегі Үнді мұхитымен байланыстырып, әрі қарай дамиды деп сенеміз. Сондықтан, осындай дәлізге жол ашқан өңірдің инфрақұрылымы қаржылық тұрақтылыққа, елдің өз бетінше дамуына кедергі келтірмей қалыптасуы керек деп ойлаймын. Керісінше, барлығы үшін ашық болуы тиіс. Біздің ел өз серіктестерімен ашықтық, мөлдірлік, экономикалық тиімділік, қаржылық тұрақтылық сияқты халықаралық стандарттарға сай жоғары  сапалы инфрақұрылым құру бағытында әріптестік орнатуға ниетті. Сондай-ақ, адам ресурстарын дамыту бағытына баса көңіл бөлеміз. Бұл бағыт «Орталық Азия+Жапония» диалогында да қарастырылған.   

Сонымен бірге, өңірде терроризм мен экстремизм негізгі қатер болып тұр. Кеше ғана Шри-Ланка елінде алапат террористік актілер орын алды.  Біз кез келген сипаттағы терроризмді қатаң айыптаймыз. Ауғанстанмен шекаралас жатқан Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі бүкіл әлем қауымдастығының қауіпсіздігімен үндес. Жапония Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтануына, онымен шекаралас елдердің шекаралық бақылау, есірткі контрабандасына қарсы әрекет ету бастамаларын қашанда қолдаған және қолдай береді. «Орталық Азия+Жапония» диалогы аясында адам өмірімен тікелей байланысты ауыл шаруашылығы дамуда. Бұл әр мемлекеттің өзге елдерге тәуелді болмай, ұлттық даму игіліктерін көруіне бағытталған. Еуразиядағы жаңа дәліз өңірдің өз бетімен дамуына жол ашады. Бұл әлеует туризмнің дамуымен тікелей байланысты. Бұл істе Орталық Азия елдері шашырамай, бірлесіп күш салса жемісті болар еді. Туризмді өзара әріптестік кілті ретінде қолдану өңірдегі бейбітшілік пен достықтың бекуіне пайдасын тигізеді.

 Ертеңгі кеңесте аталмыш саладағы әріптестіктің практикалық бағыттары талқыланбақ. Жапонияның  Орталық Азияны «ашық, тұрақты әрі өздігінше дамытуға» бағытталған әрекеті адам ресурсын дамытуды мемлекет құрылысындағы басым бағыт етіп берді. Соңғы 26 жылда Орталық Азиядан 10 мыңнан астам тәлімгер қабылданып, ауыл шаруашылығы мен  көлік қатынасын, экономика мен денсаулық сақтау саласын, мемлекеттік басқару мен туризмді дамыту бағытында 3400 жапониялық сарапшы жіберілді. Жапонияда оқыған шәкірттердің Қазақстан Үкіметінде жоғары лауазымдарда жұмыс істеп, бизнеспен белсенді айналысатынын  үлкен қуанышпен айта аламын. Орталық Азияның табиғи мүмкіндіктері орасан. Әр ел өзінше ерекше десек те,  бірлескен іс-қимыл тиімділікті одан әрі арттырады. 2004 жылы әлемде алғаш рет «Орталық Азия+Жапония» диалогы құрылды. Сондықтан былтыр бұл өңірдегі мемлекет басшыларының Қазақстанда тұңғыш кездесу өткені біз үшін қуанышты жағдай болды.  

Осының арқасында өзара сенім арта түсті. Бұл диалог аясында Қазақстанмен екі арадағы байланыс беки түскенін айтудың қажеті шамалы. Казақстан Орталық Азиядағы ең  жоғары дамып келе жатқан, Еуразия құрлығындағы серіктестіктің кілтін ұстаған ел. Семей мен Хиросима, Нагасакидің тәжірибесі бар қос мемлекет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сияқты халықаралық алаңдарда ядролық қарудан азат әлем құру бойынша тығыз әріптестік орнатты.  Сөз соңында 1 мамыр күні Жапонияның жаңа императоры таққа отырып, басқарудың жаңа дәуірі басталғанын айтқым келеді. Менің бұл жолғы сапарым Жапония мен Орталық Азияның «ынтымақтастығы тарихында» жаңа тарау ашады деп үміттенемін.