Аймақтар • 19 Мамыр, 2019

Қостанайда«Кел, билейік!» хореографиялық байқауы өтті

1249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Кел, билейік» қазақ биінің хореографиялық байқауы өтті. Жобаны Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйі ұйымдастырды.

Қостанайда«Кел, билейік!» хореографиялық байқауы өтті

«Кел, билейік» қазақ биі хореографиялық байқауын өткізгенде ұлттық биiмiздiң бай мағынасын, әсерлi де тартымды көрiнiстерiн жандандыру және жалпы би өнерiнiң мүмкiндiгi мен өрiсiнің өте зор әрi биiк екенін алға тарта отырып, оның жоғары дәрежеде өркен жаюына атсалысуды, көрерменге жеткізуді мақсат тұттық» дейді Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Шолпан Балықбаева.

Байқауға Әулиекөл ауданындағы ауылдардан 5 ұжым қатысты. Байқау бағдарламасында қазақ биінің әр түрлі бағыттары бойынша би нұсқалары ұсынылды. Би өнерінің құдыретін сезініп, киелі сахнаны қыздырған би ұжымдары бірінен бірі асып түсіп, көрермендерді өз шеберліктерімен, өнерімен таң қалдырды. Дегенмен, бәйгенің аты – бәйге, үздіктер анықталды. Қазақ ұлттық биін орындап, өнер көрсеткен Москалев ауылының «Адиэльта» би ұжымы 1 орын (жетекшісі Оксана Мисюра), Қ.Тұрғынбаев ауылынан «Әдемі–ай!» би ұжымы 2 орын (жетекшісі Айнаш Шинкентаева), Құсмұрын кентінен келген «Асар» би ұжымы 3 орын (жетекшісі Ыбышева Эльмира) алды. Сонымен қатар Лесной ауылының «Айналайын» (жетекшісі Әсел Сыздықова) мен Бағаналы ауылының «Искорка» би ұжымдары (жетекшісі Ирина Абрамова) іс-шараға белсенді қатысып, алғыс хаттармен марапатталды.

   Әулиекөл ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жібек Тоқаева жобаға қатысқан би ұжымдарына өз алғысын білдірді.

 «Туған  халқының өнерін құрметтеуге, халық арасында қазақ ұлттық биінің құндылығын арттыру, руханиятты сақтау және дамыту біздің басты мақсатымыздың бірі, бұл алдағы уақытта дәстүрлі жалғасын табатын болады» деді Жібек Кәкімжанқызы.

Қостанай