Экономика • 20 Мамыр, 2019

Елорда төрінде жаһандық қаржы жүйесінің жаңа мүмкіндіктері қаралды

987 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумының екінші күні де ауқымды мәселелер талқыланған алқалы басқосуларға ұласты. Панельдік отырыстар мен дөңгелек үстелдердің басында отандық және шетелдік саясаткерлер, ғалымдар, бизнесмендер халықаралық деңгейдегі маңызды проблемаларды көтеріп, оны шешу жолдарына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Елорда төрінде жаһандық қаржы жүйесінің жаңа мүмкіндіктері қаралды
Ғылымға бет бұрған арулар көбейді

XII Астана экономика­лық форумы аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орын­басары Гүлшара Әбді­қа­лы­қова «Ғылымдағы, инно­ва­циялардағы, бизнестегі әйел­­дер» атты панель­дік сес­сияға қатысты. Сонымен қатар аталған жиынға Қырғыз Рес­пуб­ликасының экс-президенті Роза Отынбаева, ЕҚДБ Орталық Азия бойынша басқарушы ди­ректоры Балванера Бруно қатысты. 

Өз сөзінде Вице-Премьер Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бо­йын­ша Қазақстанда шикізаттық сек­торға тәуелділіктен бас тарту­ға бағытталған және инновация­ларға негізделген жаңа экономика құрылып жатқанын атап өтті. 

–  Соңғы 5 жылда зерттеуші әйелдердің үлесі 51,6 пайыздан 52,8 пайызға дейін артып, был­тыр 9 217 адамды құрады. Егер 2015-2017 жылдары жүзеге асы­рылып жатқан 1770 ғылыми жоба жетек­шілерінің 566-сы (32%) әйел болса, 2018-2020 жылдардағы 1084 ғылыми жобадағы олардың үлесі 418 адам (38%) болмақ,– деді Г.Әбдіқалықова. 

Шараға қатысушылар әйел­дердің ғылымға, инновация­ға және экономикалық даму­ға қос­қан үлесін арттыру мәселе­лерін тал­қылады, халық­аралық ұйым­д­ардың, мем­лекеттердің және биз­­нестің түрлі қызмет сала­сын­­д­ағы ген­дер­лік алшақтықты азай­тудағы табысты тәжірибе­лерін және гендерлік тепе-тең­дікті іл­гері­летудегі әйелдер қауым­дас­тығының күш-жігерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды. 

Одан әрі форум алаңында Г.Әбдіқалықова бірқатар екіжақ­ты кездесулер өткізді. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы атқарушы-директорының орынбасары Оса Регнермен әңгімелесе отырып, Премьер-Министрдің орын­ба­сары гендерлік теңдік және әйел­­дердің құқықтары мен мүм­кін­­діктерін кеңейту сала­сын­да­ғы Қазақстанның және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелерін атап өтті. Қазақстанда бұл ұйым Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп Үкіметтің қаржылық қолдауы­мен гендерлік-бағдарланған жоспарлау және бюджеттеу, жағдайы төмен әйелдердің экономикалық құқықтарын өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту жолымен кеңейту, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зом­былықты жою жөніндегі жобаларды іске асырады. 

БҰҰ Бас хатшысының көмек­шісі, БҰҰ ДБ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюросының әкімшісі және директоры Мирьяна Спольярич Эггермен кездесуде Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыс мәселелері тал­қы­ланды. Бүгінде ТДМ-ның 80 па­йыз­ы елдің ұлттық стратегия­лық құжаттарымен қамтылған. Қазақстан Үкіметінің жанынан елдегі ТДМ бойынша үйлестіру мен іске асырудың ұлттық тетігі ретінде әрекет ететін Үйлестіру кеңесі құрылды.

Басты өлшем – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев АЭФ-2019 аясындағы «Азаматтық қо­ғам­ды әл-ауқат саясатына тар­ту» панельдік сессиясына қа­тыс­ты. Жиында сөз алған ми­нистр Қазақ­стан бүгінгі таңда өз аза­мат­тарының әл-ауқа­тын көтеруге ниетті екенін, оның ішін­де қатар­дағы орташа статисти­ка­лық қазақстандыққа баса мән бері­летінін айтты. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев экономиканың дамуы халық­тың әл-ауқатымен тікелей бай­ланысты екенін үнемі айтып жүреді. Сарапшылар да мем­лекеттің тиімділігі ішкі жал­пы өнім көлемімен, алтын қоры­мен немесе экономикалық өсім көр­сет­кішімен бағаланатын заман­ның өткенін айтуда. Бүгінде мем­­л­екеттің экономикалық табыс­ты барлық халық тобына қалай бөлетіні маңызды. Тәуелсіздіктің 28 жылында ІЖӨ-нің өскенін көрдік. Бірақ дәл осы 28 жылда Қазақстан халқы бақыттырақ бола алды ма? Бұл тақырыпты талқылау қажет деп есептеймін, – деді министр.

Оның айтуынша, ХХ ғасырда көптеген мемлекет кедейліктен құтылуды мақсат етсе, қазіргі таң­да бақыт пен бақуаттылықтың түсі­нік­тері алдыңғы қатарға шығып отыр. Бірақ бұл рейтингті жүргізуде бірізділік жоқ. 

– Бүкіләлемдік бақыт есебін жасау­шылар жан басына шақ­қандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, өмір сүру ұзақтығы сынды аясы тар критерийлерді негізге алады. Нәтижесінде Финляндия, Дания, Норвегия және Исландия елдері бірінші орында тұрады. Алайда өмірге қанағаттану туралы біре­гей индекс жасап шығарған Жаңа экономика қорының тәжірибесі қызығушылық тудырды. 2012 жылы бұл рейтингте Коста-Рика, Вьетнам, Колумбия елдері озып шықты, – деді министр. 

2011 жылдан бастап, Эконо­микалық ынтымақтас­тық және даму ұйымы  (ЭЫДҰ) жайлы өмір индексін анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізіп келеді. Индекс ауқаттылық өл­шем­дерін 2 топқа бөледі. Ал­ғашқы топ тұрғын үй жағ­дайы, табыс көлемі сынды мате­риал­дық критерийлерді қамтыса, екінші топта – білім, экология, азаматтық құқықтар, денсаулық, қауіпсіздік, өмірге қанағат, жұмыс пен жеке өмір теңгерімі қарастырылады. 

– Мемлекет алдындағы қол­жетім­ді мақсат  – азаматтар­дың әл-ауқатын ЭЫДҰ елдерінің дең­гейіне көтеру. Оның ішінде ор­таша статистикадағы қазақстан­дықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән беріледі. Бұл міндетті орын­дау үшін билік, бизнес жә­не азаматтық қоғам өзара әре­кет­тес­тікте болуы тиіс, – деді Д.Абаев.

Мамандар кеңесі – экономиканы әртараптандыру

Астана экономикалық форумы аясында Таллин техникалық университетінің профессоры, The Other Canon Foundation-ның негізін қалаушы Эрик Рай­нерт БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, бүгінгі әлемдік экономика­да қа­лып­тасқан ахуалдың мән- ж­а­йын кеңінен баяндап берді. Про­фессор Қазақстанда жүзеге асқан реформалар туралы да пікірін білдірді. Ол өз сөзінде экономиканың қоз­ғау­шы күші өндіріс орындары болса, оның шоғырланған жері, яғни қала­лардағы өсімнің жыл са­йын артып келе жатқанын жеткізді.

– Әлемдегі қалалардың қан­ша­­лықты бай екенін білгіңіз кел­се, ондағы мамандықтардың санын санап шығыңыз. Бұл сіз үшін өте қызықты ақпарат болуы ықтимал. Қаланың құрылуының өзі ин­новациялық жобалар шең­берінде туындағанын тарихтан білеміз. Экономиканың заңды­лығы сол – ол күн сайын өзгеріп отырады. Бұл қалыпты жағдай. Өзгерістен қорықпау керек. Керісінше, соған тез бейімделуге тырысқан елде жетістік болады, − деді Эрик Райнерт. 

Оның айтуынша, Қа­зақ­стан экономикасы мұ­най­ға тәуел­діліктен зар­дап шеккен Венесуэланың қателі­гін қайта­ламауға тиіс. Экономи­ка­ның жан-жақты тірегі болатын жобалар мен тетігі болатын бас­тамалар іске асырылып, соның нәтижесінде бір-бірімен байланыста дамитын ауқымды салалар қалыптасуы керек. 

– Менің білуімше, Қазақстан­ның тамақ өнеркәсібін өркен­детуге өресі де, мүмкіндігі де жете­ді. Экономист ретінде сырт­т­ан келетін тауардың көп бол­ғаны жақсылықтың нышаны емес екенін айтқым келеді, – деді Таллин техникалық универ­ситетінің профессоры. 

Бұл пікірмен орайлас ой айт­қан Халықаралық валюта қоры­ның бас экономисі (2001-2003), Гарвард университетінің эконо­мика профессоры Кеннет Ро­гофф болашақта Қазақстан эконо­микасының әртараптануы тұрақ­тылыққа кепілдік береді дейді.  

– Әлемдегі экономикасы ті­келей шикізатқа тәуелді мемле­кет­тердің барлығы бірдей әлеу­меттік салаларға басымдық бере­ді деп айта алмаймын. Бірақ Қазақ­стан белгілі бір салалармен шектеліп қалмай, экономикасын әртараптандыруға бағытталған ілкімді жобаларға кірісуі қажет деген ойдамын. Сонымен қатар орта және шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру, елдегі орта тап­тың жағдайын жақсарту аса маңыз­ды әрі қажетті қадам дер едім. Бұл бағытта Қазақстанның қол­ға алған бастамалары жақсы. Тек межелі міндеттердің толық­тай орындалуын қадағалау қажет, – деді Кеннет Рогофф.

Халықаралық валюта қоры­ның бас экономисі Морис Обст­фельд Еуразиялық кеңіс­тік­тегі экономикалық ахуалға қатысты болжам жасады.

 Орталық Азия экономикасы Ресейге қарсы салынған санкцияларға байланысты қиын­дықтармен бетпе-бет келіп отыр. Бұған қоса, Қытайда да тұрақ­сыздық байқалады. 2014 жылы қара алтын құнының өзгеруі мұнай экспорттаушыларды, оның ішінде Қазақстанды да тығырыққа тіреді. Қазіргі уа­қытта мұнай бағасы қайта қалпына келуде. Егер Еуразия, Еуропа экономикасы жайында айтар болсақ, соңғы тоқсанда белгілі бір баяулау байқалады. Мәселен, Германияда өсімнің баяулағаны байқалып отыр. Ал Шығысқа – Қытайға қарай жолда құлдырау да, өрлеу де бар. Бір алаңдаушылықтың бары анық. Бұл таяу тоқсандағы өнімділік өсімімен байланысты, – деді Морис Обстфельд XII Астана экономикалық форумы аясында. 

Экономист атап өткендей, алдағы 6 айдың ішінде әлемдік саудада тұрақсыздық сақталатын болады.

«Жасыл» стартаптар – игіліктің бастауы

ХІІ Астана экономикалық форумы аясында «Dena» ком­паниясының басқарушы директоры Кристина Хаверками Қазақстан Үкіметі экономиканы «жасылдандыруға» бизнесті тартуы қажет екенін айтты. Оның айтуынша «Жасыл» стартаптар бұл саладағы ынтымақтастық үшін желі құруға көмектеседі.

 ̶ Мәселен, біз жыл сайын эко­логия саласындағы үздік жоба­ларға сыйлық тағайындап, бүкіл әлемге идеяларымызды тара­ту үшін фестивальдар өткі­земіз, – деген ол Қазақстан­ның шикізаттық экономикадан әртарап­тандырылған экономи­каға көшуге әлеуеті өте жоғары екенін айтты.

«Жасыл» экономика үшін инновациялық экожүйелер құру: ғылым, білім және технология­лар» тақырыбындағы сессияда халықаралық сарапшы­лар жасыл жобалар мен экологиялық стартаптарды жүзеге асыру тақы­рыбын жан-жақты талқы­лады. ЭЫДҰ қоршаған орта жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Энтони Кокс Қазақстан «жасыл экономиканы» құру бойын­ша міндеттерді шешу үшін барлық мүмкіндікке ие еке­нін айтты. Оның айтуынша, Қазақ­стан мен Аустралияның «жасыл энергетикаға» көшу тарихында ұқсастық бар.  

«Жасыл энергетиканы» да­мы­ту мәселесі бойынша пікір білдірген «Экологиялық өнер­кәсіп саясаты орталығы» ҒЗИ» ФМАМ қызметкері, Евгений Гашо «Жасыл» экономика – панацея емес, жаңа жағ­дайдағы дамудың жаңа резервтері екенін айтады. «Ресейдегі «жасыл энергетиканы» дамыту идея­лары мен қағидаларын жүзеге асыру осы 5 жылда өнеркәсіп, эко­логиялық және энергетикалық сая­саттың тығыз байланысын­да қалыптасты, Еуропа мен Азия­ға қарағанда мүлдем өзге­ше. Әрбір ел экологиялық қауіп­­сіз­дік пен экономиканың тұ­рақ­­ты дамуының тиімді симбиозын табады», деді ол. Гашо Ресей Қазақстанмен кәсіп­орын­дардан шығарылатын шы­ғарын­­дыларды азайту тәжіри­бесі­мен бөлісуге дайын екенін айтты. Жаһан­дық инновациялар желісінің пре­зиденті мен бас директоры Фре Уолтидің пікірінше, инновациялар әлемде экономиканың дамуын ынталандырады, ал заманауи мегаполис­тер барлық елдерде «ақылды» және таза технологияларды ен­гізу үшін стартап болуға тиіс. 

Сонымен, биыл он екінші мәрте өткен Астана эконо­ми­калық форумы да мәреге жетті. Осы жылдар ішінде форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лау­реаты және 30 жоғары дәрежелі ше­т­ел­дік саяси қайраткерлер қатыс­қанын айта кетейік. Кон­гресс аясында 20 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалды.

АЭФ-тың басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Осы мақсаттың үдесінен көрінген жиын 11 жыл ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде  мойындалды.