Аймақтар • 20 Мамыр, 2019

Халықаралық әуежай салынады

1126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс са­па­ры барысында Түркістан қаласы­ның құрылыс жұмыстарын уақты­лы іске асыру және өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету барысын тексерді.

Халықаралық әуежай салынады

Үкімет басшысы облыс орта­л­ы­ғына келген бойда «Turkistan inter­natio­nal ­airport» халықаралық әуежайы құ­рылысының орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Жоба YDA Holding түрік компаниясымен бірлесіп іске асырылады, тартылатын инвестиция көлемі – 70 млн АҚШ долларынан астам.

YDA Holding басқарма төра­ғасы Арслан Хусейн әуежайдың ха­лықаралық стандарттарға сай жо­баланатынын және соңғы шық­қан құрылыс технологияларын пай­далана отырып салынатынын айтты. Терминалдың өткізу қабі­леті жылына 3 млн жолаушы­ны құ­райды. Нысанды 2020 жыл­дың со­ңында пайдалануға беру көз­делген.

Жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттарды салу барысы қаралды, оның қатарында оқушылар сарайы, туристік ба­ғыттағы колледж, спорт және му­зыка мектептері, спорт сарайы, халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы, аттракциондары бар парк, му­зы­калық субұрқақ, амфитеатр, сон­дай-ақ облыстық әкімдік, медиа-орталық және конгресс холл бар.

Қаланың тарихи-мәдени ор­та­лығында Қ.А.Ясауи музейін, об­лыстық ғылыми-әмбебап кітап­хананы, шығыс моншасын салу және визит-орталығының ғима­ратын реконструкциялау жұмыс­тары тексерілді.

Сонымен қатар Премьер-Ми­нистр саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, «Rixos Turkestan» қонақүйінің құ­ры­лысы басталған алаңдарды ара­лап көрді.

Жаңадан салынып жатқан ғи­ма­­раттарды электр энергиясы­мен үздіксіз қамтамасыз ету мақ­сатында Түркістан қаласында «Яс­сы» шағын стансасы салынды. Қа­зіргі таңда іргетасын қалау жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. А.Ма­минге нысанды 2020 жылдың бі­рін­ші жартысында пайдалануға бе­ру көзделіп отырғаны баяндалды.

Қаладағы жолдар сапасын жақ­сар­ту және көшелерін абаттандыру жұ­мыстарына да ерекше көңіл бөлінді.  

Премьер-Министр А.Мамин­нің Түр­кістан облысына жұмыс сапары аясында жалпы сомасы 1,97 млрд долларды құрайтын 5 құжатқа, Түр­кістан облысының әкімдігі мен «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы 1,1 млрд долларға Келес ауда­нын­да аумағы 500 га болатын жы­лыжай кешенін салу жөнін­дегі өзара түсіністік туралы ме­морандумға; Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компания­сы арасында 524 млн долларға «Түркістан» индустриялық аймағында энергетикалық жабдық пен бұйымдар шығару бойынша Қазақстан – Қытай индустриялық паркін салу жөніндегі өзара тү­сіністік туралы меморандумға; Энергетика министрлігі, Түр­кістан облысының әкімдігі жә­не KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасындағы 225 млн доллар сомасына Кентау қаласында қуаты 200 мВт болатын «Қотырбұлақ» жел электр стансасы мен күн электр стансасын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Түркістан облысының әкімдігі мен «KazPV LTD» ЖШС арасындағы 100 млн доллардың қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, қуаты 100 мВт болатын күн электр стансаларын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға; Түркістан облысының әкімдігі мен POLCOTTON LTD поляк ком­пания­сы арасындағы 27 млн доллар Сайрам ауданында аумағы 21 га болатын жылыжай кешенін салу жө­нін­дегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Түркістан