Руханият • 20 Мамыр, 2019

«Батыр аса ұстамдылығымен таңдандырды»

1098 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің Ұлы Отан соғысы жылдарында 305 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріліп, 305 рет өліммен бетпе-бет кездескені көзі тірісінде-ақ аңыз болып тарады.

«Батыр  аса ұстамдылығымен таңдандырды»
«Аспан адамы» атанған ға­жайып батырдың майдандағы ер­ліктеріне шолу жасасаңыз, адам ақылына сыймайтын мисти­калық оқиғаларға да тап келесіз. 

«Мінсіз ұшақ деген болмайды. Бірақ сен өз ұшағыңды жақсы көруің керек. Ол жансыз зат болса да, өз сүйіспеншілігімен саған жа­уап береді. Машинаның жаны сірі болды. Кейде қайта бергенде – оның бүтін, аман қалған бір жері жоқ, шұрқ-тесік жыртылғанын көре­сің. Ал бірақ ұшақ жұмыс істеп тұрады...» дейтін батырдың аспан­мен таласқан тағдырында қаншама тылсым жатыр. 

Ал бүгінгі сурет бізді Талғат Бигелдинов сынды біртуар қазақ­пен қайта қауыштырып отыр. 

– Бұл суретті 2000 жылдары түсірдім. Мен ол кезде облыс­тық «Сыр бойы» газетінің фо­то­тілшісімін. Облыс әкімі өткі­зетін жиналыстардың бірінен қал­маймын. Газет нөміріне күн­делікті сурет беремін. Облыс әкімі кезекті жиын өткізіп жатқан бо­латын, сол арада журналис­тер өзара сыбырласып жатты. Сөздерінен ұққаным, бірінші қа­баттағы Кіші залда Кеңес Ода­ғының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов отыр.

Мұнда облыс әкімінің Пар­ламент депутаттарымен кездесуі жүріп жатқан болатын. Сол жиналыстан шығып 5-6 журналиспен бірінші қабатқа келсек, Талғат ағамыз сөйлеп жатыр екен. Бірақ батыр қатысып жатқан жиында адам аз. Қоғамдық отырыс па екен, әлде ДОСААФ-тың жина­лысы ма, анығы есімде жоқ. Менің мін­детім – даңқты ба­тырдың өзі келіп тұрғанда, кадр түсіріп алып қалу. 

Бұл сәтті мен мәңгілік есіме сақтап қалдым. Талғат ағамыз бізді мінезінің байлығымен таң қалдырды. Менің қасымда тұрған орыс газетінің шала қазағы Тал­ғат ағамызға төтесінен сұрақ қо­йып: «Сіз Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын қалай ал­дыңыз?» – дегенде, қасында тұрған біздер де ыңғайсызданып қалдық. 
Алайда Талғат ағамыз ашу­ланған да, күлгенде жоқ. Екі мәрте қалай «герои» болғанын түсіндіріп айтып берді. Басқа адам болса сол журналисті қуып жі­берер ме еді. Осы оқиғадан кейін батырдың өте мәдениетті, аса сабырлы кісі екенін білдік, – дейд­і қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев.

АЛМАТЫ