Руханият • 20 Мамыр, 2019

«Ән салдырған, тамсандырған Қызылжар» атты ән фестивалі алғаш рет өтті

944 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» шеңберінде «Ән салдырған, тамсандырған Қызылжар» атты ән фестивалі алғаш рет өтті.

«Ән салдырған, тамсандырған Қызылжар» атты ән фестивалі алғаш рет өтті

Кештің басты ерекшелігі сол, бекзат өнер жолында жүрген үш буын өкілдері бас қосып, «құлақтан кіріп, бойды алар» небір халық әндері мен термелерді шырқады. Бұқар жырау, Майлықожа,  Базар жырау,  Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді қазақтың біртуар дүлділдерінің есімдері ардақталып, көрермендер  өшкені жанып, өлгені тірілгендей ғажап күйге бөленді.

Саналы ғұмырының 40 жылын мәдениет саласына арнаған аға буын өкілі Дәстен Баймұқанов Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тынышбай Рахимовтың «Нені аңсаймын» әнін нақышына келтіре орындап берді. Тұңғыш Президенттің алдында әуелете ән шырқап, алғысына бөленген Кәмилә Әлібаева «Мың бір маржан», Бибігүл  Әбішева«Тілек» термелерін, Жанат Айтбаев «Ағашаяқты», «Қайырлы Ғафуров «Сырғақтыны», Балтабай Рамазанов«Екі жиренді» келістіре айтып берді.

Ән фестивалін ұйымдастырушы, жез таңдай әнші, жас та болса бас бола білген Біржан Есжанов жұртшылыққа «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын» ұсынды.

Күллі ұлттық болмысымызды, өнерге деген ынтықтығымызды, бекзада әнге деген іңкәрлігімізді  ерекше сазбен, өзіндік ырғақпен әдемі де әсерлі етіп жеткізе білген үш буын өкілдеріне  филармонияның алғыс хаттары мен ескерткіш сыйлықтары табыс етілді.

Солтүстік Қазақстан облысы