Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ордабасы ауданы әкімдігі ұйымдастырған жарысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерімен қатар еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық балуан қатысты. Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен турнирде спортшылар екі күн бойы 8 салмақ дәрежесінде жеңімпаз атану үшін күш сынасты. Жоғары дайындықпен келген балуандар арасындағы әрбір жекпе-жек тартысты өтіп, жанкүйерлерді жалықтырмады. Сегіз салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталған соң балуандар түйе палуанға тігілген жаңа «Нива» автокөлігін сарапқа салды.
Яғни абсалютті салмақта 32 балуан боз кілемде күш сынасты. Нәтижесінде екі қазақстандық және екі моңғолиялық жігіт барлық қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, жартылай финалға шықты. Тартысты өткен белдесулер нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Моңғолия балуаны Дорж Анар иеленді. Ал, алыптардың айқасындағы ақтық сында алматылық Руслан Абдразақов пен моңғолиялық Серік Бердімұрат кездесті. Бабында екенін дәлелдеген тәжірибелі балуан Руслан Абдразақов қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші орынды моңғолиялық Серік Бердімұрат иеленді. Сөйтіп, дәстүрлі халықаралық турнирдің бас жүлдесіне тігілген «Нива» автокөлігінің кілтін Руслан Абдразақовқа Ордабасы ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев табыс етті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған естелік сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы