Саясат • 20 Мамыр, 2019

Сергей Громов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

1036 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов 20 мамырда Қазақстан Парламентінің делегациясы құрамында Бішкекте ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сергей Громов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

Парламентшілер Қырғызстанның ҰҚШҰ-ға 2019 жылы төрағалық ету басымдықтарын іске асыру туралы ақпаратты тыңдады.

Кеңесте ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің 2018 жылғы қараша сессиясының қорытындылары, ұйымның жауапкершілік аймағындағы және осы аймақтарға іргелес аймақтардағы жағдай, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл шаралары, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс сайлауын ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан қысқа мерзімді байқау жөніндегі халықаралық байқаушылардың мониторинг тобының дайындығы, ұйым қызметінің қаржылық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын нақтылау туралы, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру жөніндегі ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы қызметінің бағдарламасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында ҰҚШҰ ПА саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы мен төраға орынбасары бекітілді.

Сондай-ақ Кеңесте ЕҚЫҰ ПА-ның 2019 жылғы 5-9 шілдедегі Люксембургтегі кезекті жазғы сессиясына ҰҚШҰ мемлекеттерінің парламенттік делегацияларының қатысуы жөніндегі міндеттер белгіленді.