Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Ақшаны құмар ойынға тігіп жіберіпті

1734 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баяғыда бір жігітті кедей­­шілік қысып, ұрлық жасамақ болады. Түнде көршісінің қойын ұрлап сойып алады. Көр­шісі іздеу салғанымен таба алмаған. Осыған дәнде­ген әлгі жігіт тағы ұрлық қы­ла­ды. Бұл жолы да бұдан еш­кім сезіктенбеген. Үшінші ұрлы­ғында қолға түсіп қа­лыпт­ы. Сотқа тартылғанда «бір секірдім, құтылдым, екі секірдім, құтылдым. Үшін­шісінде тұтылдым. «Ұрлық түбі – қорлық» деген осы екен-ау» деп торыққан екен.

Ақшаны құмар ойынға тігіп жіберіпті

Жақында Қызылордадағы газ бекетінің қызметкері ме­ке­­­менің қаржысын түн торы­ған қарақшыларға алдырып алған. Ешкімнің сезік алмауына себеп, әлгі жұмысшы түнде бетперде киген екі қа­рақшы қарумен қорқытып, кас­садағы 263 мың теңгені тартып алып кеткенін айтқан. Бекет басшылығы қақ-соғы жоқ, күзетші әрі оператор ­болып істейтін жігіттің сөзі­не сеніп, полицияға арыз түсі­реді. Осылайша, қала­лық­ полиция басқармасы Қыл­мыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен сот­қа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын қолға алды.

Бұл азаматтың жалған ха­бар­лама беру жағдайы кейін тағы жалғасыпты. Ол таңғы уақытта газ құю бе­ке­тінің алдында бетперде­ ки­ген белгісіз екі азамат пышақ­пен қорқытқанын айтқан. Олар­ мекемеге тиесілі 240 мың­ теңгені «тартып алып» кет­кен. Осылайша газ құю бе­ке­тінің жұмысшысы өзін­ жәбірленуші ретінде көрсет­кен. Соған байланысты 102 арнасына хабарлама түскен. Аталған хабарлама бойынша тез арада оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліпті.

«Бақсақ, бақа екен» демек­ші, мекеменің ақшасын құмар ойынға тігіп жіберіп, әбден дәндеп алған «тонаушы» әлгі жігіттің өзі болып шығады.

Осыған байланыс­ты­ Қы­зыл­­орда облыстық Іш­кі істер департаментінің бас­па­­сөз қызметі: «Полиция қызмет­керлері болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, то­лық және объективті түрде зерде­леді. Нәтижесінде өзін жәбірленуші ретінде көрсет­кен азаматтың жалған хабарлама бергені анықталды. Екі де­рекке қатысты қылмыстық құ­қық бұзушылық мүлдем орын алмаған. Газ бекетінің жұмыс­шысы ақшаны құмар ойын­дарға салып жіберген. Заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін жалған хабарлама берген. Өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен әлгі азамат соған байланысты берген арызынан бас тартқан. Ол осы бекеттің операторы мен күзетшісі қыз­метін қоса атқарған», деп хабарлайды.

Қазіргі таңда Қылмыстық кодек­стің 189-бабының 1-бө­лігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.­ Онда сеніп тапсырылған бө­тен мүлікті иемденіп алу не­­месе талан-таражға салу жайы көр­сетілген. Сондай-ақ ол жал­ғ­ан хабарлама беру дерегі орын алуына байланыс­ты 419-бабының 3-бөлігімен пай­­дакүнемдiк ниетпен жа­сал­ған көпе-көрiнеу жалған сөз жеткiзу бойынша жауап бере­тін болады.

Күдіктіге қатысты «кепіл» түріндегі бұлтартпау шара­сы қолданылды. Күдікті тұл­ғаның кінәсі дәлелденген жағ­­дайда сот шешімімен оның үш жылдан жеті жыл­ға дейін­гі мерзімге бас бостан­дығы шектеледі немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Құмар ойынның құлқыны­на түсіп, өзі нәпақасын айы­рып отырған мекеменің қар­жы­сын ұрлаған жігіт бүгінде бармағын шайнап отыр.

 

Қызылорда облысы