Қоғам • 21 Мамыр, 2019

«Уақыттың уақыты жоқ»

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атақты «Жолбарыс тонды жиһангезді» жазған грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Уақыттың уақыты жоқ» дейтін жыр жолдары бар көрінеді. Оны кезінде Мәскеудегі Останкино телестудиясында оқырмандармен кездесу кешін өткізген гүржінің гүрзі қаламды жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Нодар Думбадзенің аузынан естіп білген едік.

«Уақыттың уақыты жоқ»

Әрине, зымыран заманның тоқтаусыз зулайтыны бәрімізге белгілі. Әйтсе де сөз ойнату әдісімен құ­рыл­ған тосындау тіркестің әсер күші әжептәуір болады екен.

Университетте бізге әдебиет теориясынан дәріс оқыған сұңғыла ұстазымыз Қадыр Мырза Әлінің «қазақ қадіріне жете алмай жүрген бір нәрсе болса, ол – уақыт» дейтіні де есімізде қалып қойыпты. Ойшыл поэзияның осынау орны бөлек өкілі өтпелі өмірдің арзан алданыштарына онша көп бой алдырмай өнімді еңбек еткені әмбеге аян. Соның айғағындай болып соңында том-том кітаптары қалды. Ал Құдайдың берген қабілетін әртүрлі себептермен то­лық қуатында пайдаланбай арманда кет­кен ағаларымыз қаншама. Олардың көбі­сі ойын-сауық қуып, қаламдарын ерте қаң­тарды. Жазу-сызуда жанкештілік таныта алмады. «Тәтті тамұққа» баланатын шы­ғар­машылық тірліктің азабына шыдамады. Күндізгі күлкілерін, түнгі ұйқыларын қимады. Жастықтың жанартаулары үнемі атқылап тұратындай көрді. Сөйтіп келелі істерді кейінге ысырды. Уақыттың уыста тұрмайтынын ескермеді.

Уақыт – баға жетпес байлық. Қадірін білмегендер қапы қалады. Бұл әсіресе, кейінгі толқынға ақыл ретінде айтылуға тиіс кеп болса керек. Өйткені өскелең ұрпақ уақытты құр босқа өткізбей, ілім-білім жи­науға ден қою қажеттігін саналарына сіңірсе құба-құп.

Ырду-дырдумен ысырап болған уақыттың есесі толуы екіталай. Осындайда еріксіз еске түседі. Сидней Олимпиадасынан кейін сол дүниежүзілік спорт додасында топ жарған дүлдүлдерімізді ұлықтау салтанаты екі-үш айға созылды. Маңдайға басқан мақтаулы қыз, жігіттеріміз арқаны кеңге салып, Алтай мен Атыраудың арасын алаңсыз аралады. Ат мінді, шапан киді, ас ішіп, аяқ босатты. Бұлжымас кестенің бұзылуы кесірінен жаттығу үрдісінен жаңылды. Ақырында спорттық баптарынан айырылды. Ал айды аспанға шығарса да асып-тасуды білмейтін Куба қабыландары бірер апталық демалыстан соң бокс залына қайта оралды. Жеңіске жету жолындағы әрбір минутын тиімді пайдаланатын солардың әлемдік әйдік жарыстарда жұлдызы жанбағанда қайтеді енді. Қарагөз қандастарымыз арасынан ең құрығанда екі дүркін олимпиада чемпионын шығара алмай митыңдаған біздің жүрісіміз мынау.

Тұрмыстық түрлі түйткілдермен үлкенді-кішілі шенеуніктердің табалдырығын тоз­дыруға кеткен уақыттың обалын кімнен сұ­рарыңды білмейсің. Балпаң басқан бас­тық­тардың көжедей көп көмекшілері мен күлімкөз хатшыларының көңілін тауып,­ көздеген мақсатына жеткенше әлсіз әлеу­меттің жүйкесі жүндей түтіліп бітеді. Күнге шылым тұтатқандай мығым кейіптегі мыр­залардың қарауындағыларға қысқа күнде қырық жиналыс жасап, олардың онсыз да шаш-етектен шаруаларын істеуіне кедергі келтіруі де қоғамды жегі құрттай жайлаған кесел.

Әзіл-шыны аралас әнеубір анекдот бар еді ғой. Соған сенсек, дүниеде келіскен мерзімнен кешікпейтін екі халық бар екен. Бірі – немістер, екіншісі – қазақтар. Немістер негізінен уағдаласқан сағатында, ал қазақтар сол күні келеді дейді. Шымбайға батса да шын­­дық. Алдын ала хабарлап арнайы шақыр­ған жердің өзіне аспай-саспай баратынымыз рас қой. Қалада да, далада да дәл уақытында басталған қазақтың тойын көрдіңіз бе?

Бүгінде есі кірген баладан еңкейген қа­рияға дейін телефондағы, теледидардағы, тағысын тағылардағы «қызықтардан» көз алмайтын айықпас ауруға ұшырады. Мұ­­ның денсаулыққа зияндығын былай қойғанда, ой-өрісті өсірер оңды қадамдарды тұсаулап тастайтынын ескермейтініміз өкінішті-ақ. Әлеуметтік желілердегі мән-мағынасыз әңгімелерге май құюға күні-түні шаршамағанда, қартайған ата-анамызбен тілдесуге немесе немере-шөберелерімізбен таза ауада серуендеуге уақыт таппайтынымызды қайтерсің.

Иә, ұршықша айналған ұшқыр уақыт алды-артына қарамайды. Сенің ырғалып-жырғалғаныңды көтермейді. Қабілет қарымыңа қарай қарманып қалуың керек. Өйтпесең өз қатарыңнан кем қаласың. Өткен уақыт қайтып оралмайды. Ендеше, өзек өртер өкінішпен «Қолымды мерзімімнен кеш сермедім» деп кемкөңіл күн кешудің бетін аулақ қылғай...