Бас қалада 12-ші рет өткен ауқымды форумға АХҚО өкілдері, Үкімет мүшелері мен форум спикерлері қатысты. Форумда сөз алған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов өңірлік қаржылық хабтың артықшылықтарын атап көрсетті. Сондай-ақ ол қаржы орталығының алдағы жоспарына тоқталды.
– АХҚО-ның басты ерекшелігі, ағылшын құқығы негізінде жұмыс жасайды. Қазақстан Орталық Азияда жалпы ағылшын құқығы қолданысқа енген бірден-бір мемлекет. Тағы бір маңызды қадамдардың бірі – реттеуші органның дамуы болып отыр. Биыл біз «Қазақтелеком», «Air Astana», «ҚазМұнайГаз» компаниялары IPO-ға қатысады деп жоспарлап отырмыз. АХҚО биржасына қызығушылық танытып отырған жекеменшік компаниялар да жетерлік. Солардың алғашқыларының бірі – Ресейдің «Polymetal» компаниясы. Осыған дейінгі қадамдарды саралай келе, алдағы уақытта жекеменшік компаниялардың саны одан да арта түсетініне сенімдіміз. АХҚО Fintech, Green Finance және исламдық қаржыландыру саласын дамыту ісін одан ары жалғастыратын болады, – деді Қ.Келімбетов.
Алқалы жиында сондай-ақ АХҚО биржасы Басқарушысы Тимоти Беннет сөз алды.
– Біз қарқынды дамып келе жатқан жаһандық биржа құра білдік. «Қазатомөнеркәсіптің» құнды қағаздарының өтімділігі біз жоспарлағаннан 3-4 есеге артық болып шықты. Осыған дейін біз Қазақстанда капитал нарығын дамытудың болашағы зор екенін көрсете білдік. АХҚО биржасы инвесторлар базасын кеңейту ісін одан ары дамытатын болады. Себебі нарық капиталының жүрегі – инвесторлар екені баршаға аян. AIX инновациялар мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса мән беріп отыр. Бұған дәлел, AIX осыдан бір ай бұрын Құнды қағаздар және нарық жөніндегі еуропалық басқармамен (ESMA) серіктес атанды. Бұл өз кезегінде, қаржы нарығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін болады, – деді Тимоти Беннет.
Еске салар жайт, Астана экономикалық форумы биыл «Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономика» тақырыбында өтті. Форумда әлемнің түкпір-түкпірінен келген белді сарапшылар мен жаһандық көшбасшылар, бизнес-қауымдастық өкілдері адамзаттың дамуына қажет маңызды мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Шетелдік меймандар кең көлемді шарада тұрақты өсудің жаңа жолдары, адами капиталды дамыту, қалалар әлеуетін кеңейту сынды түрлі тақырыптарды талқылады.
Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының елорданың экономикалық және қаржылық инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесін атап өткен жөн. Қазірдің өзінде АХҚО-да Қазақстан, АҚШ, БАӘ, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция елдерінен жүзден астам компания тіркеліп үлгерді. Тек бір жылдың ішінде өңірлік қаржылық хаб Сбербанк, Master Card, Visa, Euroclear, ERG, SAP, «Даму» қоры сынды ірі компаниялармен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол жеткізді. АХҚО 2020 жылы тіркелетін компаниялар санын 500-ге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
Күні кеше ғана АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаржылық хабқа зор сенім артып отырғанын мәлімдеген болатын. Осы орайда, АХҚО алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу, қаржылық және құқықтық қызмет көрсету сапасын арттыру, Қазақстанның ғана емес, жалпы осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мол үлес қосады деп күтіліп отыр.