Экономика • 21 Мамыр, 2019

Несие портфелінде нақтылық жоқ

1561 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әңгіме тағы да проблемалық несиелер портфелі жайында. Ұлттық банк пен Бірінші несиелік бюро сәуір айында Қазақстанда жұмыс істемейтін қарыз үлесі төмендегенін хабарлады. Алайда, сарапшылар екі ұйымның мәліметтері арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін байқап қалыпты.

Несие портфелінде  нақтылық жоқ


Екінші деңгейлі банктер қор­жы­­­­нындағы жеке тұлғаларға бе­ріл­ген қарыз көлемі 5,3 трлн теңгеге жеткен. Несие алу­­шы­лар­­дың 2 миллионнан ас­та­­мы­­ қа­рыздарын қайтара алмай, проб­­­лемалық несие қорын көбейтіп отыр. Қайтарылмаған несие 3 трлн­ тең­ге­ге жетіп қалған. Демек, халық­тың несиеге алған қар­жының жарымы қайта­рыл­май жатыр.


Ал БНБ берген ақпарат басқа: ақ­панның соңында жеке тұл­ға­лардың бере­шегі 6,07 трлн теңгені құрапты. NPL үлесі (өтеу мерзімі 90 күннен кешік­тірілген несие) 2019 жылдың ақпан айында 1 пайызға төмендеп, 13,7 пайызға жеткен. Ал Ұлттық банк бү­кіл қарыздың 8,3 пайызы NPL дейді.

Сарапшылар бұл жердегі айыр­машылықтың себебін Ұлт­тық банктің тек банк секторы бойынша статистика ұсы­натынын, ал БНБ бүкіл нарық­ты қамтуға тыры­сатынымен тү­сіндіреді. Қаржы сарап­шы­­ларының пайымдауынша, төлем мерзімі 90 күннен ке­шік­ті­рілген несие үлесі пробле­малық не­сиелерді қайта құры­лымдау ар­қылы төмендетілуі мүмкін. Яғни, заңды әдіс­пен борыш­керлік келісім уақы­тын ұзар­тады. Бірақ рейтинг агент­тіктері қайта құрылым­данған қарыз­ды таза деп бағаламайды, оны проб­лемалық портфелге қосады.

«ALPHALUX Consulting» ком­па­­ния­сының бас сарапшысы­ Сер­гей Полы­галов бізге берген сұхбатында Ұлттық банк­тің рес­ми статистикасы да, рейтинг агент­тіктерінің көрсеткіштері де шын­дықтан алшақ екенін айтты.

– Шындықты айту қиын. Қа­рыз туралы егжей-тегжейлі ақ­па­ратты банктерде отырған несие жө­ніндегі мамандар ғана біледі. Ал басқаларына ақпараттың толық жет­­пей қалу ықтималдығы басым, – дейді ол.

NPL-дің жағымды динамикасын мамандар бөлшек несие ба­ғытының өсімімен байланыстырып отыр. Себебі NPL-дің нақты көлемі 2018 жылы 17 пайызға артқан. Бұл факторға валюталық ипотеканың теңгеге аударылуы, банктерде тәуекелді төмендету стан­­­дарттарының қатаюы, пробле­малық несиелерді есептен шығарып, оның коллекторлық компанияларға берілуі себеп болған.

– Алдағы уа­­­қытта нарықта бөл­шек несие саласын қоса алғанда, проблемалық несие көлемі төмен­дей­ді деп бол­жап отырмыз. Оған несие қор­жы­нының өсімі мен жаңа несие­лердің сапа тұрақтылығын қам­­­­та­масыз ететін экономикалық жағ­­­дай, проблемалық несиелерді ақы­­­рындап жабу немесе есептен­ шы­­ғару әсер етпек, – дейді С.Полы­галов.


Үкіметтің қолдауы үлесті төмендетті

Былтыр қараша айында Халық­аралық валюта қоры Орталық Азия елдерінде проблемалық несие­ рейтингі бойынша 65 пайызбен Тә­жік­стан көш басында екенін ес­керткен-ді. Қазақстан 45 пайызбен екінші орында. Әзербайжан – үшінші (37 пайыз), Қырғызстан – төртінші (35 пайыз), Армения – бесінші (23 пайыз), Грузия алтыншы орында (16 пайыз).

Қаржы сарапшысы Мақсат Ха­­лық ресми статистика бойынша проб­­лемалық несиелердің үлесі 10 пайы­з болуы мүмкін екенін айтады. Себебі Үкіметтің банк саласына қаржылай қолдау көрсетуі проблемалық несиелердің үлесін бір­шама азайтты.

– Банктердің нақты экономикаға несие беруінде аздап болса да өсім бар. 2018 жылы эко­номикаға берген несие – 13,5 трил­лион теңгедей. Шынын айту керек, коммерциялық банктердің қаржы жағдайы, сосын несиелік портфелінің сапасы міндетті түрде макроэкономикалық ахуалға байланысты. Өндіріс қалай дамиды, банктердің қоржыны да солай жақ­сара түседі. Онсыз мүмкін емес. Мак­­ро­экономикалық ахуал жақ­сар­­ғанда ғана банк секторы еңсе тіктейді. Бұл бір-бірімен байланыс­ты, – дейді М.Халық.


Проблемалық несиелердің есептен шығарылуы отандық банктерге тиімді


Бұл шетелдік тәжірибеде де бар. Мысалы, Чехияда 2018 жылдың 1 қаң­­­тарынан жоғары көсеткішті 45 пайызға теңестірді. Бұл ипотека берер кезде несие алу үшін жеке капитал ­көлемін арттыруға және бөлшек не­­сие бойынша ортақ қордың көле­мін­ көбейтуге мүмкіндік береді екен.


Еске сала кетелік, 2012 жыл­дың 11 қаңтарында Ұлттық банк «Проб­лемалық несиелер қоры» АҚ-ын құрған-ды. Қордың алғашқы міндеті үмітсіз және күмәнді активтерді ба­ғалап, анықтайды. Одан табыс табу үшін кепілдегі мүліктерді де сатып алды. Құқықтық нормативте «қаражат тарту үшін бұл қор арнайы бағалы қағаздар шығарып, жинақ­таушы зейнетақы қорларына, банк­терге орналастырылады. Обли­гацияны Ұлттық банк те сатып алуы тиіс» делінген.

Жалпы, мамандардың пайымынша, аталған қор өз функциясын баяу атқаруда. Бірақ қор ашылғалы бері оның бағалы қағазын сатып алуы туралы мәселе көтерілген жоқ, ұсыныс та айтылған жоқ.

Банктер өзіміз құтыламыз деп­­ үміт­тенеді. Ал сарапшылар бол­­са «қор­дың қызметін толық жүр­гізуіне заң шеңберіндегі шектеу­лер бар» дегенді алға тартады. Оның басты себебі банктерде кепіл­де жылжымайтын мүліктердің тұр­ған­дығында. Яғни, банкирлер жыл­жымайтын мүлік өз құнын жой­майды, қайта өседі деп ойлайды. Соған мүдделі. Олар кепілде тұрған жылжымайтын мүліктер проб­лемалық несие көлемінен 100 пайызға артық деп санайды. 2000 жылдың ортасындағы жылжымайтын мүлік бағасына қайта ораламыз деп үміттенеді.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков тұтынушыға берілген несиенің өте­луі туралы мәліметтер статис­тика базасына енбегенін, ортақ жүйе жоқ екенін айтады. Жеке тұл­ғаларға берілетін несиенің артуы баға­ның өсуіне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқтыратын тенденция.

Ал қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, халықаралық талапқа сәйкес банк капиталының 10 па­йызы – акционерлердікі, 90 пайызы депозит салымдарынан тұруға тиіс. Бізде бұл заңдылық сақ­талмайды. Банктер банкрот болса, қайта­рылмағанын проблемалы несиелер санатына енгізе салатынына әб­ден сеніп алған. Тұтынушылық несие­лендіру көлемінің өскен себебі осы. Банк секторына қатысты заң талап­тарын қатайту керек. 2013 жыл­дың желтоқсанында Ұлттық банк­тің кейбір реттеу шараларын жеңілдету туралы үкіметпен келісі­мін қаржы саласы да құптаған еді. Са­рап­шылар Ұлттық банк пен ірі банктер арасында жұмыс істе­мей­тін несиелердің үлесін алда­ғы бес-алты жылда 10 пайызға дейін қыс­қартуды көздейтін жеке келісім­дер­дің сол кезде бекітілгенін айтады.

– Ұлттық банктің жаңа саясаты қазақстандық банктерге несиелеуді ұлғайтудың жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік берген еді. Бұл Үкіметтің экономиканы әртараптандыру мен өнеркәсіпті қарқынды дамытуға қатысты жоспарын іске асыруына көмектесер еді. Бірақ олай болмады. Енді қадағалауға негізделген тәсіл мен іскерлік қызметті жалғастыруға мүмкіндік арасындағы тепе-теңдік сақталғаны маңызды, – деп сөзін түйіндеді ол.


Банк секторын не күтіп тұр?

...Бұл сауалға қатысты Moody’s агенттігінің болжамы бойынша, биыл банк секторының қарқынды дамуын күтудің қажеті жоқ. Банктер несие қоржынының өсім қарқыны инфляция деңгейінен сәл жоғары болуы мүмкін.

– Пайыздық мөлшерлеменің жоға­рылығына байланысты, 2019 жылы атау­лы ішкі өнім өсімі баяулайды деп болжанғандықтан, қарыз алушылар тара­пынан сұра­ныс та бірқалыпты болмақ, – дей­ді агенттік сарапшысы Владлен Кузнецов.

Проблемалық несиелердің де көлемі төмендейді. Оған алдыңғы жылдары жиналған қор есебінен шы­ғын есебінде сызылуы немесе оларды қайтару бойынша ат­қа­ры­лып жатқан жұмыстар ықпал етеді. Оның үстіне, банк теңгері­мін тазалау да жалғасып жатыр, «Цесна­банк»­-тің проблемалық активтері Проб­лемалық несиелер қорына берілді.

В.Кузнецовтың пікіріне сүйен­сек, әлемдік нарықта пайыздық мөлшерлеменің өсімі Ұлттық банк­тің монетарлық саясатының жұм­саруын бәсеңдетуі мүмкін.

– Ұлттық валюта бағамының құ­былуы жер­гі­лікті нарықта пайыз­­­­­­дық мөлшер­леменің төмен­­­деуіне кедергі болып тұр. Банктер­дің өтімділік қоры жоғары. Проб­лемалық несиелерден тазалау ар­қылы 2019 жылы қар­­­­­жы сек­торындағы капиталдың сапасы жоғарылайды, – дейді В.Куз­­нецов.

Сонымен, «Проблемалық несиелер қоры» шешетін проб­­лема­лардың аясы шынында да тым тар екеніне көз жете түседі. Одан бас­­қа қандай жол бар? Бұл сауал сарапшылардың да басын қаты­руда.

– Проблемалық актив­терді са­уық­­тыру, өкінішке қарай, өте ауыр және күрделі процесс. Өлім­сіреп бара жатқан активтерге жа­ңа өмір беру үшін олар белгілі бір про­цедуралар мен механизмдер­ден өтуі тиіс. Онсыз іс ал­­­ға бас­пайды. Мен бұл арада рес­публикада ұзақ жылдарға созылуы мүмкін бан­крот­тық процедураларды айтып отырмын. Бұл – соттасу, борыш­керлердің талаптармен келіс­пеуі секілді жүйкеге салмақ салатын ұзақ та ауыр процедуралар. Тым ұзақ­қа созылуы қандай да бір дәре­жеде банк секторының тез сауы­ғуына кедергі жасайды. Бұл банк­тер бетпе-бет кездесетін және ше­шіп келе жатқан негізгі проблемасы, – дейді В.Кузнецов.

Оның пайымдауынша, егер ал­ған қарызды қайтару мәселесін тиісті дең­гейде нақтыланып, қа­лыпты төлем тәр­тібі орнамаса, ол анархияға ап­арады. Заң­дар орын­далмайтын болса, оны кей­­бір топтар қалауымен өзгерте берсе жақсылыққа апармайды. Мем­лекеттің көмегі бәріне бірдей жет­пейді және мәңгілік емес.


АЛМАТЫ