Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

«WorldSkills Shygys» жұмысшы мамандығының мәртебесін көтереді

1083 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өскеменде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру һәм Жастар жылы аясында «WorldSkills Shygys – 2019» 4 аймақтық чемпионаты өтті. Үш жүзге жуық студенттің басын қосқан шара шеңберінде жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беретін «My PRO» мамандықтар фестивалі мен «Abilympics Shygys – 2019» I кәсіби шеберлік чемпионаты да ұйымдастырылды.

«WorldSkills Shygys»  жұмысшы мамандығының мәртебесін көтереді

Құзыреттілік саны 43-ке көбейді

«WorldSkills Shygys» аймақ­тық чемпионатының маңызы неде? Студенттер үшін пайдасы қандай? Байқаудың негізгі ұйым­дастырушысы облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде Шығыс Қазақстандағы 86 колледжде 35 мыңға жуық студент оқып жатыр екен. Оның 52 пайы­зы мемлекеттік тапсырыспен білім алып жатқан көрінеді. «Биыл облыстық бюджеттен өңірдегі колледждерге 6200, ал Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 1730 орынға мемлекеттік тапсы­рыс беріледі. Бұл дегеніңіз – 8 мыңға жуық студентке мем­лекет есебінен тегін оқу мүмкіндігі беріліп отыр деген сөз. Біз мем­лекеттік тапсырыс көлемін жыл сайын ұлғайтып отырамыз. Облыстағы мектеп түлектерінің 40 пайызы колледждерді таң­дайды. Сондықтан біз олардың сапалы білім алуына, білікті маман болуына мән беруіміз керек. Барлық жағдайды жасауымыз қажет», деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова «WorldSkills Shygys» аймақтық чемпионатының ашылу салтанатына орай өткізген баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бұл байқауды ұйым­дастырудағы басты мақсат – соң­ғы жылдары қоғамда беде­лі төмендеп кеткен жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және нарықта сұраныс­қа ие мамандар даярлау. «Аймақ­тағы колледждерде мамандарды дайындау 115 маман­дық бойынша жүргізілуде. Бүгінде облыстағы 56 колледж 560 кәсіп­орынмен бірлесе дуалды оқыту технологиясын жүзеге асырып жатыр. Облыстық білім басқармасы кадрларды дайындау бойынша 2017 жылы «Қазцинк» ЖШС-мен, биыл «KAZ Minerals» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында Аягөздегі политехникалық колледж бен Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледжге заманауи құрылғылар орнатылады. Облыс әкімдігі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге кө­мек­теседі», дейді Ә.Нүсіпова.

«WorldSkills» байқауының бір тиімділігі, жастардың жұ­мысқа орналасуына мүмкіндік береді. «KAZ Minerals Aktoqay» ком­паниясының басқарма басшысы Бауыржан Абылқасымұлының айтуынша, жуырда Аягөздегі және облыс орталығындағы бір­неше колледждің материал­дық-техникалық базасы жаң­ғыртылады. Д.Серікбаев атын­дағы ШҚМТУ жанындағы жоғары техникалық колледж, Өс­кемен көпсалалы техно­ло­гиялық колледжі, С.Аман­жо­лов атындағы ШҚМУ-дің жо­ғары колледжі және Аягөз политехникалық колледжін заманауи оқу құралдарымен жабдықтау үшін компания 380 миллион теңге қаражат бөлмек. Негізгі инвестиция Өскемен көп­салалы технологиялық кол­леджінде бес мамандық бойын­ша ашылатын құзыреттілік орталығына жұмсалады.

«WorldSkills Shygys» аймақтық чемпионатында студенттер былтыр 31 құзыреттілік (мамандық) бойынша сынға түссе, биыл 43-ке көбейіпті. Об­лыстық білім басқармасы басшы­сының орынбасары Қа­­жымқан Оспанғалиев «WorldSkills» байқауы республикада 5-рет, ал «Abilympics» кәсіби шеберлік чемпионаты 2-мәрте ұйым­дастырылып жатқанын айтады. «Биыл мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы «Abilympics» чемпионатын өзімізде өткізуді ұйғардық. Өйткені облыс­та инклюзивті білім беріп отыр­ған базалық колледждер бар. Бұл – Өскемендегі қызмет көр­сету саласы мен көпсалалы тех­нологиялық колледждері және Семейдегі Шығыс Қазақстан технология колледжі. Бұл қатарға Глубокое техникалық колледжі де қосылып жатыр. Облыста 400-ден астам студент инклюзивті біліммен қамтылған. 2019 жылы «Abilympics» чемпионатын үш құзыреттілік («Шаштараз ісі», «Ақпараттық технология­лар» және «Сән технологиясы») бойын­ша өткізуге шешім қабыл­да­дық. Келесі жылы құзыреттілік аясын кеңейтетін бола­мыз», дейді басқарма басшы­сының орынбасары.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік берген байқау

«Abilympics Shygys – 2019» кәсіби шеберлік чемпио­наты өңірде алғаш рет ұйымдас­ты­рылғандықтан болар, биыл бұл сайысқа өңірдегі 8 колледжден 13 мүмкіндігі шектеулі студент қатысты. Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінде өткен жарысқа өзіміз де арнайы барып, қатысушылармен, оларға баға берген сарапшылармен пікірлесіп қайттық. Мәселен, «Шаштараз ісі» құзыреттілігі бойынша екі студент сынға түсті. «Екеуі де жақсы жұмыс істеді. Шаш үлгілерін жасады. Қолдары да икемді. Жылдамдықтары да жақсы. Еңбектенгендері көрініп тұр. Мүмкіндігі шектеулі демесеңіз, он екі мүшесі сау студенттерден жақсы өнер көрсетті. Олар кез келген шаштаразда жұмыс істеуге дайын деп айта аламын», дейді екі студенттің жұмысына баға берген қазылар алқасының мүшесі Тайырбек Тасылбаев.

«Сән технологиясы» құзырет­тілігі бойынша 8 студент бақ сынады. «Әйел адамның жей­десін (блузка) тіктік. 6 сағат уақыт берілді. 1 сағат үзіліс бол­ды. Өзім сағат 9-да бастап, 2-де бітірдім. Киім тіккен­ді жақ­сы көремін», дейді Өскемен­дегі қызмет көрсету саласы кол­леджі­нің 3-курс студенті Әй­герім Байбосынова. Олардың жұмысы қазылар алқасының да көңілінен шыққан секілді. «Жандары шығармашылыққа жақын екендіктері көрініп тұр. Барын сала жұмыс істеп жатыр. Байқауға қыздармен бірге бір ер бала да қатысты. Қазылар лайықты бағасын береді деп ойлаймын. Біздің тілек – осындай байқаулар көбірек болса», дейді қаладағы «Силуэт» ательесінің қызметкері Наталья Газеева.

Сайысқа қатысуға Ақсуат ауылындағы Тарбағатай кол­леджін­де «дизайнер» мамандығы бойынша оқып жатқан Қуаныш Қанибеков те келіпті. «Байқау ұнады. Бірінші рет қатысып тұрмын. Келешекте ательеде жұмыс істегім келеді», дейді ол. Қызмет көрсету саласы колледжінің қызметкері Динара Ма­құлбекова «Ақпараттық тех­нологиялар», яғни үшінші құзыреттілік бойынша Өскемен, Семей, Алтай қалаларының студенттері өнер көрсеткенін жеткізді. «Мүмкіндігі шектеулі балалар болса да «WorldSkills» тапсырмаларын алып, шамамыз келгенше жеңілдетіп ұсындық. Олар екі модуль бойынша жұмыс істеді. Бірінші модуль бойынша жарнамалық буклет жасаса, екінші модульде әр бала өзінің оқитын оқу орны туралы екі-үш минуттық бейнеролик дайындады. Денсаулықтарына байланыс­ты жарты сағат сайын демалдырып отырдық. Барлығы да жақсы жұмыс істеді», дейді ол.

«Abilympics Shygys» кәсіби шеберлік чемпионатына облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменде былтыр ашылған «Ақ ниет» мектеп-интернатының оқушылары мен түлектері де қатысты.

Үш күнге созылған аймақ­тық чемпионат аясында 7-11 сыныптың оқушыларына ж­ұ­мысшы мамандықтарын дә­ріп­теу мақсатында Шығыс Қа­зақ­стан гуманитарлық колледжінің базасында «My PRO» мамандықтар фестивалі өткенін де айта кетейік. Фес­тивальға облысымыздың түк­пір-түкпірінен шақырылған төрт мыңға жуық оқушы арнайы жабдықталған алаңдарда өңірдің колледждеріндегі маман­дықтармен кеңірек танысып, көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына берілетін жеңілдіктер, стипендия көлемі, жатақханамен қамтылуы, түлектердің жұмысқа орналасуы жайында мағлұматтар алды.

Байқау қорытындысында Семей электротехника колледжі 8 алтын, 4 күміспен командалық есепте көш бастаса, осы шаһар­дың Бизнес және сервис, Ра­дио­техника және байланыс колледждері екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. «Биыл бұл чемпионатқа 12 студентіміз қатысып, барлығы да жүлделі болды. Былтыр тек бір номинация бойынша сынға түсіп, бас жүлде алғанбыз. Облыста жеңімпаз болған студентіміз Исажан Райысов кейін респуб­ликалық сайыста да 1 орын алды. Енді Татарстанда өтетін әлемдік жарысқа барады. Біз Татарстан, Германия, Бразилия елдерімен тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істейміз. Бүгінгі жетістігімізге мұның да үлкен әсері болғаны анық», дейді Семей электротехника колледжінің директоры Азат Сарпеков.

Жеңімпаздардың барлы­ғына «Қазцинк» ЖШС, «Восток­техносервис» ЖШС, «Отель НОМАД-Семей», «Семей Көр­кем», «ТасКредит», «Шығыс Ажар Торг», «Пинегина Е. В», «ВостокЭлит-Е», «Топаз», «Феклистова А.Ф.», «Dedeman Oskemen Tavros», «Welding Company», «Глубочанка», «Силуэт» ательесі, «Мереке», «Каравай» кәсіпорындарының демеушілігімен ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Өңірлік байқау жеңімпаздары алдағы уақытта Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады.


ӨСКЕМЕН