Сайлау • 21 Мамыр, 2019

Сайлауалды бағдарламалар – әлеуметтік мәселелер шешімі

6789 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының екінші аптасы басталды. Өңір-өңірдегі кездесулер барысында халық өздерін мазалаған мәселелердің шешімін кандидаттардың сайлауалды бағдарламасынан кездестіріп, қызығушылық танытып жатыр.

Сайлауалды бағдарламалар –  әлеуметтік мәселелер шешімі

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық штабы сайлау науқаны аясында Маңғыстау облысына келді. Маңғыстау жерінде аталған партия төрағасы Азат Перуашев және Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Қошқар ата қорымына барып, ұстазы Танаш Меңдібайұлының аруағына Құран бағыштады. Содан соң штаб өкілдері Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы «Қазақ-Бекіре» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Бекіре балығының бірнеше тұқымын қолдан өсіріп, отандық нарыққа қосумен айналысып жүрген серіктестіктің бүгінгі тынысынан, сондай-ақ алдағы мақсат-жобаларынан хабардар болған делегация Ақтаудағы «Холидей Иин» қонақүйінің мәжіліс залында партияның Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған жиын­ға қатысты.

Кездесуді «Ақ жол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаң­бырбай Матаев жүргізіп отырды. Партия төрағасы А.Перуашев партияның бағыт-бағдарын, президенттіктен үміт­кер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасының мақсаттарын түсін­дірді. Жиналғандар өздерінің көкей­лерін­де жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қоры, кәсіпкерлік және оған көр­сеті­летін қолдау, экология сынды өзек­ті мәселелер көтерілді. Әсіресе елдік мүд­денің жастарды бейжай қалдыра алмай­тын­дығы қуантты. Шара соңында күйші Набияр Алтаев күй тартып, «Ақ жол-жастар» жастар қанатының мүшесі Еркебұлан Қуанғали халық термесін орындады.

Сонымен қатар республикалық штаб Маңғыстау облысындағы Ақтау транс­форматор зауытына барып, оның жұ­мы­сымен танысты. Жаңа заманауи тех­но­логиялармен жабдықталып, ауқым­ды аумаққа қызмет көрсетіп тұр­ған серіктестік ұжымымен кездесіп, прези­денттікке кандидат Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.


* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясы атынан прези­денттікке кандидат Төлеутай Рақым­бековтің сайлауалды қоғамдық штабтары өткен аптада 20-дан аса шара өткіз­ді. Оның арасында кандидаттың өзі елор­дадағы аграрлық ғылым саласының мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Ал республикалық штаб басшысы Әли Бектаев Жамбыл және Ақмола облысына барып, үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар үгіт-насихат науқаны аясында Қызылорда, Түркістан және Қызылжар өңірлерінде Т.Рақымбековті қолдауға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Ауыл» партиясы болғандықтан, канди­дат­тың сайлауалды бағдарлама­сының басым бағыттары ауылды дамы­туға, ауыл шаруашылығын өркен­дету­ге арналғаны анық. Сондықтан да ал­ғашқы аптадағы кездесулер мен үгіт-насихат шараларын ауыл шаруа­шы­­лығы институттарында, ауыл шаруа­шы­лығы білім ошақтарында және шаруа қожалықтарында өткіздік», деді республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов.

Аталған мәдени іс-шаралардың қата­рында Шымкент қаласының тұр­ғын­дарына арналған концертті атауға болады. Концерт басында Т.Рақым­беков­тің сенім білдірілген адамы Қ.До­са­лиев жиналғандарға сайлауалды бағдар­лама­ның негізгі бағыттары туралы айтып берді. Сонымен қатар Шымкент қала­сын­дағы Қаратау аудандық «Ауыл» партиясы филиалының төрағасы Ғ.Оразбаев және қаланың құрметті азаматтары И.Тұрсынқұлұлы, Ө.Темір, А.Тұрдалиев және басқа да бірқатар ел ағасы кандидат туралы оң пікірлерін айтып, көпшілікті 9 маусымда өтетін сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Салтанатты шарада бой көрсеткен қала тұрғындарының арасында жастар жағы көп жиналды. Бұл концерт шаһар жұртына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бір серпілтіп тастады.


* * *

Кәсіподақтар федерациясынан үміт­кер Амангелді Таспиховтың сайлауалды қоғамдық штабтары өңірлерде үгіт-на­си­хат жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Кандидаттың сенім білдірілген адам­дары Батыс Қазақстан облысындағы Ақ­жайық шипажайына барып, сол өңірден және Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан келген демалушылармен кездесу өткізді. Жиынға 200-ге жуық демалушы және шипажай қыз­меткерлері қатысты. Жиналған жұрт кан­дидаттың тұғырнамасында көтеріл­ген еңбек адамы­ның құқы мен мүд­десі, еңбек адамына лайықты еңбек­ақы төленуі жөнінде ай­қын­далған қадам­дар­­дың өзекті екендігі жайлы пікір­лерін білдірді. Бұған қоса, демалу­шы­лар шипажайдың болашағына қызы­ғушы­лық танытып, алдағы жоспарлары туралы білді. Қатысушыларға үгіт-наси­хат мате­риал­дары үлестіріліп, жиын соңы әсем әнге ұласты.

Сонымен қатар А.Таспиховтың сенім білдірілген адамдары мен еріктілер Атырау облысында бірқатар кездесу ұйымдастырды. Атыраулық кәсіподақ мүшелері алдымен Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы сайлаушылармен жүздесіп, одан кейін сол ауданға қарасты Х.Ерғалиев ауылына да атбасын бұрды. Сондай-ақ аталған облыстың Махамбет ауданында насихатшылар тобы халық көп шоғырланған орындарға үгіт материалдарын орналастырды.

Ал Алматы облысындағы қоғамдық штаб Алакөл ауданындағы Үшарал қазақ гимназиясында кездесу өткізді. Оты­рыста кандидаттың тұғырнамасында көтеріл­ген негізгі бағыттар жан-жақты тал­қыланды. Бастауыш кәсіподақ ұйымы төраға­лары жиналғандарды алдағы сайлауда конституциялық құқықтарын толық орындап, оған бір кісідей қатысуға шақырды.

Сондай-ақ Қызылордада еріктілер белсенділік танытып, демалыс күндері ірі сауда, ойын-сауық орталықтарына ағылған адамдардың қолына канди­да­т­тың бағдарламасы басылған парақтарды ұ­статып, сайлау туралы ақпарат берді.



11 мамырда сағат 18.00-де сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 8 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады.
Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлау алдындағы үгiт – сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты  жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Үгіт үш негізгі тәсілмен жүзеге асырылады – БАҚ-та, жария iс-шараларды өткізу, кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрілген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткiзу, сондай-ақ  баспа басылымдарын, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және тарату жолымен жүзеге асырылады. 
Мемлекет сайлау алдындағы бағдарламаны жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең жағдайларына  кепiлдiк бередi.  
Әрбір кандидатқа теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуге, радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге және баспа басылымдарында екі мақала жариялауына қаражат беріледі.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партия­сынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабы саламатты өмір салтын насихаттау аясында Нұр-Сұлтан қаласын­да футзалдан «Көктем-2019» турнирін өткізді. «Көктал» шағын ауданының спорт алаңында өткен доп додасына кандидат Ж.Ахметбеков те қатысты. Үміткер өзінің өмірі спортпен тығыз байланысты екенін атап көрсетіп, каратэдан қара белбеу иегері және «Спорттық каратэ федерациясының» құр­мет­ті президенті екенін айтты. «Спорт – заманауи қоғамның маңызды саласы және тұлға мен қоғамның үйлесімді дамуының кепілі. Біз жастарды интернетке тәуелділіктен алшақтатқымыз келеді. Интернетке шығатын деструктивті мазмұндағы материалдар ұлтаралық және кон­фессияаралық араздық тудырып, қоғамда түсініспеушіліктің орын алуына негіз болады. Ал спорт адамдарды олардың тегі мен дініне қарамастан біріктіреді. Бұл – біздің сайлауалды тұғырнама арқылы қазақстандықтарға ұсынған тың бастамаларымыздың бірі», деп мәлімдеді Ж.Ахметбеков.

Сонымен қатар Қызылорда қаласында облыстық сайлау­алды штаб өкілдері автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырды. Штаб жетекшісі Т.Телеубаев жинал­ғандарға партияның сай­лауал­ды тұғырнамасын таныс­­тыр­ды. Ол марксистік-ленин­дік ұс­танымдардың маңыз­ды тұс­тарын тілге тиек етіп, ком­му­нис­тік тәрбие­нің тәжі­рибелік ас­­пек­тілері мен ком­му­нис­тер­дің батыстың кері құнды­лық­тары­на қарсы жүргізіп жатқан жұ­мыс­тарына тоқталды.

Автобус паркінің жұ­мысшы­лары ҚКХП үміт­керінің сайлауалды тұғыр­нама­сы­ның негізгі тезистерін оң қабыл­дады. Қызылорда Автобус паркі ЖШС бас ин­женері Сайлаухан Постанов «Біз – ата-әже­нің тәрбиесін көріп өскен ұрпақпыз, бала­ларымыз да ата-әженің бауырында бол­ғанын қалаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, коммунистердің сайлауалды бағдарламасы жаныма жақын. Алдағы сайлауда ұрпағымның болашағы үшін лайықты таңдау жасаймын деп ойлаймын», деді.


* * *

Nur Otan партиясынан президент­тікке кандидат ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың республи­ка­лық қоғамдық штабының үгіт-наси­хат жұмыстары Ақтөбе облысында жал­ғас­ты. Кездесу барысында делегация мү­ше­­лері бірқатар кәсіпорын­ға, мәдени жә­не білім беру мекеме­леріне барып, жұ­­мыс­­шылармен, жастармен, партия мү­ше­лері­мен, қоғам­дық ұйымдар өкіл­дері­­мен кездес­ті. Өз кан­дидаттары­ның сай­лауал­ды бағ­дар­ла­ма­сының мәнін толық тү­сін­д­іріп, сайлаушылардың ұсы­ныс­тары, сұ­рақ­тары мен өтініштерін мұқият тыңдады.

Алдымен кандидаттың жақтастары аймақтағы Шығармашылық академия­ның алдына жиналды. Мұнда штаб мүшелері мен қоғам белсенділерінің кездесуі өтті. Қоғамдық штаб жетекшісі Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Қ.Тоқаев ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру мен еңбекақының әділ түрде төленуі бойынша Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыруды қалайды. Тағы бір мәселе – халықтың баспана жайын шешу. Осы тұрғыда кандидаттың таяу жылдары 650 мыңдай қазақстандық отбасын пәтермен қамтуды жоспарлап отырғаны айтылды.

Одан кейін республикалық қоғамдық штаб мүшелері Ақтөбе рельс-арқалық зауы­тында болып, еңбек ұжымымен кездес­ті. Бұл – Ақтөбе өңірі ғана емес, бүкіл елі­міз­дегі бірегей зауыт саналатын іргелі кәсіп­орын. Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттарды түсіндірді. Сайлаушылардың ұсыныстарын, сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Кездесуде Nur Otan партия­сы Төр­ағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев президенттікке канди­дат Қ.Тоқаевтың өмір жолы мен сай­лауалды бағдарламасына кеңінен тоқ­талды. Ал қоғамдық штабтың мүшесі, Мәжі­ліс депутаты Бекболат Тілеухан жинал­ған­дарды Елбасының бастаған игі ісін жал­ғас­тырушы тұлғаны қолдауға шақырды.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды облыстық штабтары үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Жамбыл облыстық штабы Тараздағы Тұңғыш Президент саябағында студент­тердің қатысуымен флешмоб өткізді. Арнайы футболка киген еріктілер парақ­шаларды, үгіт-насихат материалдарын таратып, әрі-бері өткен жұрттың сауалдарына орай сайлау туралы жан-жақты мәлімет берді. Тұрғындар кандидаттың сайлау­алды тұғырнамасының бағыттарына қызығушылық танытып, оны толықтыра түсу үшін өздерінің ұсыныстарын да білдірді. Насихатшылар тобы тұрғын­дармен суретке түсіп, сайлауалды ұран­дарын айтып, әндерін шырқады. Мұндай флешмобтар – кандидаттарға қолдау көрсетудің ең танымал түрлерінің бірі.

Ә.Қосановтың Семейдегі сайлауалды қосыны да науқандық шараларға қызу кірісе бастады. 19 мамырда облыстық штаб қалалық мәдениет үйінде халықпен кез­десу ұйымдастырып, жиналған қауым кан­дидаттың алған бетіне оң көзқараста екенд­ерін білдірді. Штаб өкілдері үміт­кердің бағдарламасы және оның өмір жолы туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Басқа қатысушылар да әлеу­мет­тік және қоғамдық тақырыптар тура­лы жұрт алдында сөйледі. Дәл осындай іс-ша­ралар Жеңіс гүлбағында және М.Әуе­зов алаңында да өтті. Онда да белсенділер тұр­ғын­дарға парақшалар, үгіт-насихат ма­те­риал­дарын таратып, естелік суретке түсті.

Сондай-ақ кандидаттың сайлауалды штабының мүшелері Нұр-Сұлтан қала­сында үгіт-насихат жұмыстарын жалғас­тырды. Олар Н.Тілендиев көшесін­дегі тұрғын үйлерді аралап, «Сәлем» базарында үгіт-насихат материалдарын таратты. Аталған іс-шаралар кейінгі кезде үміткерді қолдаушы жастардың қатары артқанын, кандидатты насихаттау жұмыстары ел өңірлерін қамтығанын аңғартады.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республи­калық қозғалысынан президенттікке кандидат болып тіркелген Сәдібек Түгел Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық баспасөз орталығының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты астананың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан дарынды журналистерді еске алу кешін өткізді.

Кандидаттың өмірден өткен журна­лис­терді еске алуға арналған «Олардың есімдері – біздің жүрегімізде» атты кеші осымен үшінші рет өтіп отыр. Жобаның жетекшісі, қоғам қайраткері С.Түгелдің айтуынша, 2012 жылы ұйымдастырылған алғашқы іс-шара мазмұндылығымен көпшіліктің көңілінен шыққан. Онда Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Байымбетов, Владимир Коченов, Талғат Ілімжан, Рафаэль Жұмабаев, Жұматай Сабыр­жанов, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіха­лық, Владимир Бойко, Мадрид Рыс­беков, Шакизада Құттаяқов, Алмас Жол­таев, Олег Квятковский, Біржан Бел­қара сияқты есімі халыққа танымал қалам­гер­лердің жарқын бейнесін еске алып, олар­дың отбасы мүшелері мен әріптес­тері­нің көңілін толқытып, ерекше тебіренткен.

Үш жыл бойы өткізілген еске алу кеші­нің түйіні іспетті осы жолғы кездесуге бірнеше қаламгердің соңында қал­ған отбасы мүшелері келді. Басқосуға Ра­фаэль Жұмабаев, Кеңес Юсупов, Сма­ғұл Рахымбеков, Ерғазы Әсембеков, Мар­фуға Бектемірова, Видади Салахов, Ма­рат Аққ­ұлов, Айтқадыр Тілеуов, Әнуар Ома­ров, Наталья Хабарова секілді жур­на­лис­тер­дің отбасының мүшелері қаты­сып, жүрек­жар­ды лебіздерін айтып, есте­лік суретке түсіп, ризашылықпен тарас­ты. Октябрь Әлібектің жары әрі өзі де ұзақ жыл бойы журналист болып қыз­мет ат­қар­­ған Рахия апай кандидатқа қарата «Ба­ғ­­дар­­ламаңмен таныстым, ана тілі­міз­дің мәр­­те­бесін биік­тетуге арналған ұста­ны­мың кө­ңі­лімнен шықты. Болашақта үш тұ­­ғыр­­лы тіл деп ұрпағымыздың тілі шұбар бо­­лып жүрмесе деп алаңдаймын. Көп тіл біл­­ген­нің зияны жоқ, тек өз тіліміз өзге тіл­­дер­­дің кө­­лең­­кесінде қалып қоя ма деген көңі­л­ім­де кү­дік бар, соны өзіңе жеткізіп отырмын», деді.


Дайындағандар

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»