Соған сәйкес кеше ТМД Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.А.Гуминский, Атқару комитеті бөлімінің бастығы Е.А.Слобода, ТМД Атқару комитетінің кеңесшісі О.В.Кулеба, Е.В.Козяк және ТМД Атқару комитетінің консультанты И.И.Подлуцкая Орталық сайлау комиссиясына келді.
Аталған байқаушылармен ОСК төрағасы Берік Имашев кездесті. Сондай-ақ кездесуге ОСК төрағасының орынбасары К. Петров пен оның мүшесі З. Баймолдина да қатысты. Б.Имашев кездесу шеңберінде В.Гуминскийге электораттық науқанның барлық кезеңдері кезіндегі атқарылған істер туралы, яғни ұсыну, тіркеу, сайлауалды үгіт және дауыс беру күні жүргізілетін шаралар мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңға 2017-2018 жылдары енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.
Жалпы ТМД-ның Байқаушылар миссиясы Қазақстандағы сайлауды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын байқауда үлкен жұмыс тәжірибесіне ие екендігін атап өткен жөн. ТМД-дан 700-ден астам Байқаушылар миссиясы Қазақстанда 2015-2016 жылдары өткен екі сайлау науқанын байқауға қатысқан болатын. Ал «Сайлау туралы» Конституциялық заң қадағалаудың тиісті тәртібін көздейді.
ТМД Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.Гуминский өз кезегінде Б.Имашевқа кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді және ТМД Атқару комитеті ҚР ОСК-ның сайлауды өткізуге байланысты барлық іс-шараларын мұқият бақылағаны туралы хабарлады. В. Гуминский:
«Біздің кездесуімізден кейін, яғни бүгінгі күннен бастап ТМД Байқаушылар миссиясы осында жұмысын жалғастырып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын толық көлемде байқауға кіріседі. Жалпы, нақтырақ айтар болсам, ТМД мемлекеттері тарапынан Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауды байқау миссиясы бүгіннен басталып отыр. Осыған орай миссия штабы құрылып, оны даярлау, қызметтік міндеттемелерін орындау жұмыстарына кірістік. Миссия Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен шақырту алды. Ал ТМД Атқару комитеті Украинадан басқа Достастыққа мүше елдердің бәріне Парламентаралық Ассамблеяға тиісті ұсыныс жолдады. ТМД-ның миссия құрамында 300-ге тарта байқаушы болады деп күтіліп отыр», – деді.
Өткен жылы «Сайлау туралы» Конституциялық заңға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларына аудармашы ілесіп жүруге құқылы екені туралы жаңа норма да енгізілді. Осыған байланысты Конституциялық заңның 20-2-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеліп, оларға ОСК белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Ал аккредиттеу дауыс беруге бес күн қалғанда, яғни 2019 жылғы 3 маусымда жергілікті уақыт бойынша 18.00-де аяқталады деп белгіленгені мәлім.