Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Петропавлдық шебер қазақ батырының сауытын жасап шығарды

698 реткөрсетілді

Назарбаев зияткерлік мектебінде өнер пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Ерғали Сәткенов қазақ батырының сауытын жасап шығарды.

Оның қолынан туған дүниелер түрлі көрмелерге қойылып, лайықты бағасын алып жүр. Темірді балшықша илейтін шебердің бұл жолғы еңбегі қазақ батырлары орта ғасырларда киген салмағы 10 келіге жуық темір сауытты жасап шығаруға арналыпты. Оған қажетті 560 пластинаның әрқайсысы қолмен қиылған.

«Сауыттың қалыңдығы 4 мм-ге жететіндіктен жебе тесе алмайды, қылыш та шаппайды. Жаугершілік заманда сауыттың көп түрі болған.  Менің жасағаным –күбі сауыт. Қазақтарда сауыттардың омырауы ашық тұрады. Ол тұсты «бақ орны» деп атайды. Қазақтардың «бағың болса аман қаласың» дегені осыдан шыққан», -дейді Ерғали Шәмілұлы. 

Ол бұған дейін әскери киімнің түр-түрін жасаған екен. Ал сауыт киюді бала жасынан армандапты. Кейінгі 10 жылдың ішінде 7 сауыт жасап шығарыпты. Оның  үшеуі шеберханада  ілулі тұр. Біреуі былғарыдан, екіншісі темір шығыршықтардан істеліпті. Қалғандарын таратып беріпті.

Өнер пәнінің мұғалімі жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес. Ол қандай да бір затты жасамас бұрын тарихына үңілуді  дағдыға айналдырған. 

«Тарихи деректер бойынша, қара темір сауытты жер бетінде алғаш рет Алтай өлкесіндегі авар тайпасы жасаған деген деректер айтылады. Осындай торғауыл сауыттар аварлардың әскерлерінде ғана емес, жылқыларының үстінде де болған. Мұны авар тайпасы еуропалықтардан бұрын, яғни ІІІ-ІV ғасырларда пайдаланған көрінеді», дейді  кәсіби маман. 

Қазір шеберханада сауыт, дулығадан басқа қазақ батырларының қылыштары да қойылған.


Солтүстік Қазақстан облысы 


Баннер
Соңғы жаңалықтар

Балқаш қол бұлғайды

Туризм • Кеше

ҰБТ тапсырушыларға кеңес (видео)

Қазақстан • 18 Маусым, 2019

Мишель Платини тұтқындалды

Футбол • 18 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар