Қазақстан • 21 Мамыр, 2019

«Хат қоржын» (21.05.2019)

6479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (21.05.2019)

...әсерімен бөліседі

Әнші апамызды сағынып қалыппыз

 Павлодар қаласында ардақты да асыл әнші апамыз Роза Бағланованы еске алу кеші өтіп, әншінің әсем дауысын сағынған халық қалалық мәдениет сарайына лық толды. Кешке жиналғандар алдымен Роза апамыздың сыңғырлаған әсем әндерін тыңдап, экраннан апамыздың жарқын бейнесін көріп риза болысты. Кеш барысында Роза Тәжібайқызы туралы деректі фильмнен үзінділер беріліп, ардақты апамыздың біз біле бермейтін өмір сәттерін тамашаладық.

 Елінің қамын ойлаған әнші апамыз қазақ елінің мақтанышына, Алматы қаласының сәніне айналған әсем сарай салдыртты, мәдениетіміздің өркендеуіне өз үлесін қосты. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында алдыңғы шепке барып, қоңыраудай сыңғырлаған үнімен ән салып, жауынгерлердің еңсесін көтергенін білеміз.

Роза Бағланова «Сахна сандуғашы» ғана емес, сахнаның көркі де еді. Киім киісі, сахнада өзін ұстауы, жүріс-тұрысы ешкімге ұқсамайтын ерекше болатын. Апамыз әндерді айтқанда әр сөздің мағынасын терең түсініп, сол мағынаға сәйкес дауыс ырғағын, дауы­с әсемдігін сай келтіре шырқайтын, сөздерінен мол адамгершілік қасиет, көрерменге деген үлкен құрмет сезіліп тұрушы еді.

 «Халық Қаһарманы» атағын алған ардақты әнші құрметіне Алматы қаласындағы Жастар мен студенттер сарайы Роза Бағланова атындағы жастар мен студенттер сарайы деп аталса нұр үстіне нұр болар еді.


Әлима АЙТКЕНОВА,

зейнеткер ұстаз

Павлодар


...дабыл қағады

Ұрлыққа тұсау болмай тұр

Соңғы уақытта біздің шағын ауылдың аумағында жылқы ұрлау деректері көбейіп барады. Әйтсе де бұған қатысты тексерулер мен тергеу амалдары жүргізілмей келеді. Мәселен, өткен 2018 жылы біздің Талдық ауылының өзінен көптеген жылқы жоғалыпты. Оның 13-і менің иелігімдегі серіктестіктің жылқылары. Ірі көлемдегі мал ұрлығы болған соң оған құқық қорғау органдары тиісті тергеулер жүргізуі қажет емес пе? Алайда, бұлай болмай отыр.

 Бұл мәселені аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы орынбасарына бірнеше рет айтқан едік. Алайда, ол тергеушілердің жетіспей жатқанын айтумен ғана шектеліп жүр. Басқа амалым қалмаған соң жануарларды іздеуге өзім кірістім. Бұл әрекетім белгілі бір деңгейде нәтиже берді де.

 Сөйтіп жоғалған жылқыларымның біреуін Ембі қаласы маңындағы ауылдың бірінен тауып, алып келдім. Ал екеуін сойып тастапты. Мен бәрінің бағыты мен дерегін сілтеп тұрсам да, тергеу амалдарының жүргізілмей жүргені қынжылтады. Бұл жағдайды Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы тікелей өз бақылауына алса, мүмкін бір нәтижесі шығар деп үміттенемін.


Қамидолла ЖҮСІПОВ,

Талдық ауылындағы

«Құлагер» ЖШС-нің құрылтайшысы

Ақтөбе облысы,

Әйтеке би ауданы

...ризашылық білдіреді

Ұлттық өнерді ұлықтаған фильм

«Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Күй ғұмыр» атты телесериал біраздан бері өз көрермендеріне ұсынылып келді. Тұрақты көрермен ретінде күн сайын кезекті сериясын асыға күтетінбіз. 20 бөлімнен тұратын сериал бізге қатты ұнады. Кезінде тамашалаған «Болашақ» атты лентадан кейінгі ауыз тұщынып көрген туындымыз осы болды. Сценарийін жазған ақын қарындасымыз Гүлнәр Салықбай екен.

 Ұлттың мәңгілік асыл қазынасы – күмбірлеген күйге арналған фильмнің оқиғасы да қызықты өріліп отырады. Кейбір жекелеген эпизодтары болмаса, оқиғалары да нанымды. Біздің ойымызша, тәжірибелі актерлер ойнаған рөлдер сәтті шыққан. Күйлерді орындаған Саян Ақмолда фильмнің ажарын одан әрі аша түскен.

 Айтайын дегенім – фильм сәтті шыққан, сонысымен де бізге ұнады. Алдағы уақытта осындай дүниелер көз қуанышымызға айнала берсе екен деген тілек қалды көңілде.


Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

Түркістан облысы


...мақтан тұтады

Кореядан жүлдемен оралды

Балалардың қабілетіне зер салып, дарындыларды тани білу қажет. Осы мақсатты алға қойған Бурабай ауданындағы Щучинск қаласының №9 мектеп-гимназиясы оқушыларды мектеп қабырғасынан ғылыми ізденіске баулып, жетістіктерге жеткізіп жатқаны қуантады. Нәти­же тыңғылықты жұмыспен, жүйелі басқарумен келетіні сөзсіз. «Мәң­гілік ел идеясы – мектепте» жобасы негізінде жүргізіліп жатқан жаңашылдыққа ұмтылысты нағыз бәсекеге қабілетті тұлға даяр­лаудағы ұтымды іс деуге болады.

Соның ішінде «Отандық өнім, ұлттық бренд» бағыты бойын­ша оқушыларды туған өлкенің табиғатын, тыныс-тіршілігін зерттеп, отандық өнімді қайта жаңғыртып, ұлттық брендке айнал­дырудағы жетістіктерді мақтанышпен айта аламыз. Өткен жылы оқушыларымыз саумал сүттен жасалған балмұздақтың шипасын әлемге әйгілеген болатын.

Сол жолмен биыл да 11-сынып оқушысы Аққу Жүкебай Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» ғылыми жоба жарысында «Отандық өнім – Құртжидек» атты ғылыми жобасын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болды. Осы жобаға жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Қуандық пен биология пәні мұғалімі әрі мектеп директоры Бибігүл Көшекованың еңбегі өте зор. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқыту­шылары мен Көкшетау сүт зауыты қызметкерлерінің қолдауымен жасалған бұл жоба болашақта ұлттық брендке айналып, ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз.

Б.БЕКЕТАЙ,

директордың бейінді оқыту

жөніндегі орынбасары

Ақмола облысы