Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Ауыл шаруашылығына мемлекеттен жеңілдіктер көп

1161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының директоры Мұхтар Әлімханұлы биылғы жылға қаржыландырудың негізгі бағыттары анықталғандығын айтады.

Ауыл шаруашылығына мемлекеттен жеңілдіктер көп

- Биыл Қор «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер», «Бірлік» және «Егінжай» несие бағдарламалары бойынша 2,4 млрд теңге несие беруді жоспарланды. Етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы аясында «Сыбаға» несиелік бағдарламасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, сүт-тауар фермаларын дамытуға бағытталған «Ырыс» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды жалғастыру жоспарлануда», - деді ол.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 пайыздық сыйақы ставкасы бойынша беріледі. Несие бағдарламасына байланысты кезеңі, сомасы, жеңілдік кезеңінің ұзақтығы өзгереді. Сондай-ақ, Қордың несие бағдарламалары жағдайында аграршылар қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескеріледі.

«Игілік» бағдарламасы аясында ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер, құстар, бал араларын сатып алу қарастырылған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады.

Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін заемның ең ұзақ мерзімі 15 жыл. Несие ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге етті бағыттағы импортталған ірі қараның аналық басын және отандық ұсақ малды, техника мен жабдықтарды сатып алуға беріледі.

Көрші мемлекеттер де қарап қалып жатқан жоқ. Жеміс-жидек, бау-бақша, көкөніс өнімдерін саудаға көп шығаратын Өзбекстан мемлекетінің басшылығы мал өнімдерімен айналысатын ұсақ шаруаларды қолдауды бастап кетті. Соның салдары Қазақстанның ет нарығынан айтарлықтай білініп қалды. Сондықтан да, шаруаларымыз мемлекеттік қолдаудың арқасында мал санын көбейтуге күш салмаса болмайды.