Руханият • 21 Мамыр, 2019

Кентавр ақынның көркем әлемі

1437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың қара өлеңінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан атақты ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы биыл 50 жасқа толып отыр.

Кентавр ақынның көркем әлемі

Тоқсаныншы жылдары әдебиетке келген шайыр өзінің «Ай-Нұр» атты өлеңдер жинағынан бастап осы күнге дейін оқырманға «Ай», «Кентавр», «Қаратау ғазалдары», «Асау» сынды бірнеше поэзиялық кітаптарын берді. Оның шығармалары Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Асанәлі Әшімов, Несіпбек Дәутайұлы, Есенғали Раушанов сияқты әдебиет және өнер қайраткерлері тарапынан оң бағаланып, оқырманның іздеп жүріп оқитын туындыларына айналды.

Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыстық қазақ драма театрында ақын Маралтай Райымбекұлының мерейтойына орай «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі» атты шығармашылық кеші өтті. Көне Тараз төрінде өткен шайыр кешіне еліміздің төрт құбыласынан сөз ұстаған сүлейлер қатысып, жұртшылықпен қауышты. Кеш тізгінін танымал жырау, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Берік Жүсіп ұстап, Маралтай ақынның болмысы мен шығармашылығы туралы көрерменге көркем тілде айтып берді. Ақын кешіне арнайы келген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Маралтай Райымбекұлы шығармашылығы қазақ әдебиетінің елеулі табысы екенін, әрдайым ақын шығармашылығы жастарға өнеге болатынын жеткізіп, қазақы салтпен сый-сияпат жасады.

Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушанов, ақын Бауыржан Қарабек, Президенттік стипендияның иегері, ақын Светқали Нұржан және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлы сынды әдебиет майталмандары бірінен соң бірі сөз алып, Маралтай ақынның бірегей болмысына бойлап, шынайы шығармашылығына тоқталды. Қарағандылық Серік Ақсұңқарұлы, алматылық Бауыржан Қарабек, маңғыстаулық Светқали Нұржан өлең оқып, көрерменді көркем сөз өнеріне қанықтырды. Сонымен қатар, кеш барысында Айгүл Мақашева, Сұлужан Әбенова, Әбен Шалқарбаев сынды танымал өнерпаздар ән шырқап, Әулиеата аспанын әнге бөледі.

 Кеш соңында сахнаға Маралтай Райымбекұлы көтеріліп, жырдан шашу шашты. Туған жер топырағында арқаланып өлең оқыды. Сонымен қатар, ақын өз сөзінде тілектес болған барша азаматтарға алғысын айтып, Әулиеата жеріне арнайы қонақ болып келген ақындар мен жазушылардың майлы бояумен салынған портреттерін сыйға тартты.


Жамбыл облысы