15 Мамыр, 2013

Айтылмай келген әңгіме

624 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Айтылмай келген әңгіме

Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:26

немесе Қоқан хандығының езгісінде болған кезең неге зерттелмейді?

Тәуелсіздік тізгінін қолымызға алғалы бері бір жеткен жетіс­­тігіміз – қазақ тарихын­да­­­­­ғы бұрынғы ақтаңдақтардың орнын тол­тырып, тарихи әділеттілікті орнату жолындағы әрекеттеріміз деп ай­туға болады. Айрықша бұрынғы отарлық өктемшілік замандарда шетел басқын­шыларының, шапқыншыларының озбыр­­­лықтарына көнбей, ұлттық, азамат­тық намысын бәрінен жоғары ұстап, азаттық туын көтеріп шыққан баяғы хас батырларымызды уақыттың шаң-тозаңынан аршып алып, бүгінгі бейбіт, беймарал тыныштықтай көрінетін кезеңнің үлкен-кіші ұрпағына тәлім- тәрбие, үлгі-өнеге ретінде танытпақ ниетіміз де әбден дұрыс.

Сәрсенбі, 15 мамыр 2013 2:26

немесе Қоқан хандығының езгісінде болған кезең неге зерттелмейді?

Тәуелсіздік тізгінін қолымызға алғалы бері бір жеткен жетіс­­тігіміз – қазақ тарихын­да­­­­­ғы бұрынғы ақтаңдақтардың орнын тол­тырып, тарихи әділеттілікті орнату жолындағы әрекеттеріміз деп ай­туға болады. Айрықша бұрынғы отарлық өктемшілік замандарда шетел басқын­шыларының, шапқыншыларының озбыр­­­лықтарына көнбей, ұлттық, азамат­тық намысын бәрінен жоғары ұстап, азаттық туын көтеріп шыққан баяғы хас батырларымызды уақыттың шаң-тозаңынан аршып алып, бүгінгі бейбіт, беймарал тыныштықтай көрінетін кезеңнің үлкен-кіші ұрпағына тәлім- тәрбие, үлгі-өнеге ретінде танытпақ ниетіміз де әбден дұрыс. Енді-енді ғана еркіндіктің дәмін тата бастаған бүгінгі қазақ ұрпағына америкалық «Аватар» кинофильміндегі ойдан шығарылған қияли, қисынсыз қаһармандардың түкке керегі жоқ. Бұларсыз да өзіміздің төл тарихымызда әділет, теңдік жолында шыбын жандарын шүберекке түйіп жүріп арпалысып өткен шын жаужүрек, шын жанқияр ерлеріміз аз болмаған.

Осындай қисын жолымен қарағанда, ежелгі Қазақия даласын әне бір жоңғар-қалмақ басқыншылығынан тазарту жо­лындағы сан ғасырға созылған соғыс­­­­тар, саяси соқтығыстар қазір әжеп­теуір зерт­­теліп, тарихи зердеден өткізіліп жатыр. Бұл жағынан әсіресе, жазу­шы аға­­йын­дарымыз белсенділік байқатуда. Соңғы жылдарда қаншама тарихи әпса­налар, қалың-қалың романдар жа­рық көрді. Солардың баршасының қоз­ғай­­тын тақырыбы – баяғы қазақ-қал­мақ ұрыстары, сол замандардағы хан, сұл­тан, батырлардың баяндары. Кино­ла­ры­мызда да осы сарын. Ал шынына көш­сек, әуелден-ақ ізгі ниеттен туып жат­қан осы еңбектер (еңбек еке­ніне еш­кім күмәнданбайды) бірте-бірте бір­жақ­тылыққа, таптаурынға, қай­та­лау­ға, шек­теушілікке айналып барады.

Ал сонда он сан ғасырларға созылып жатқан қазақ көшінің жолын жоңғар-қалмақтан басқа ешкім кес-кестемеген бе екен? Бағзы мезгілдер тарихын қопармасақ та, кейінгі таяу ғасырлар көлемінде, өзгелерді былай қойғанда, іргелес отырған көршімізден, күші басым қауымдастардан қарапайым ел-жұртымыздың көрген құқайы аз ба еді? Өткен тарих қатпарларын қаза берсек, бүгінгі тату-тәтті елдер арасына сына түседі-мыс, «орыстар ренжиді», әйтпесе «қырғыздар қырын қарап», «өзбектер өкпелейді» деу тарихи көзқарас емес, тоғышарлық тұжырымсымақ болар еді. Тарихи ғылымның идеологияға, саясатқа недәуір кіріптарлығы рас, бірақ өмірде болған шындық бәрібір өзгермейді, болған күйінде қала береді. Оның үстіне, аумалы-төкпелі, алай-түлей, айқасты-шабысты замандарда тірлік кешкен ұлттар мен ұлыстардың қатардағы қара­па­йым тобына (қазақ па, өзбек пе, орыс па – бәрібір) тарих қашаннан айып тақпай­ды. Ал бүгінгі халықтарға ол тікелей қатысты емес. Отаршылдық, үстемшілдік, бас­қын­шылық қозғалыстардың басында негі­зінде билік иелерінің (соның соңына еру­шілердің) мүдделері тұратыны белгілі.

Ендеше, ешкімнің көңіліне қара­майтын, өтпелі саясатқа алаңдамайтын тарихты оқып, білуге әрқашан мүдделі болуымыз керек.

Осындай талап тұрғысынан қарағанда, анау жоңғарлармен жүз елу-екі жүз жылға созылған ұзақ шайқастарда ақыры Қазақия жеңіске жетіп, азаттық жолына түскендей болған кезде, көп ұзамай әуелі алып Ресей, артынан өзіміздің күнгей жағымызды жайлап жатқан діндес, қандас туыстарымыз Қоқан мен Хиуа хандықтары тарапынан қомағай, қорқау дұшпандардың бас көтергені белгілі. Сөйтіп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақияның ұлы даласындағы жорық-жортуылдар толастамай, жалғаса берді. Қоқан, Хиуа хандарының он тоғы­зын­шы ғасырдың басында Сыр бойын, Жетісу аймағын басып алып, қалың елге көрсетпеген азап-қорлығы мен қия­нат-қасіреттері аз болмаған. Ең әуелі Хиуа­лықтар өзге ағайындарынан бөлініп, жеке мемлекет құрып алады да, Мұхамед Рахым деген ханның (1806-1825) тұсында қатты желігіп, қазақтың Кіші жүз бұтағы жайлап жүрген Сырдария өзенінің төменгі жағалауына қарай лап қояды. Ал Қоқан ханы Әлім (1800-1809) тұсында Сырдарияның жоғарғы, ортаңғы жағалауын жайлап жүрген Ұлы жүз бен Орта жүз бұтақтарына қол салады. Сөйтіп, тағы да ондаған жылдарға ұзаған Оңтүстік қазақтарының Отан соғысы бас­талып кетеді. Өкінішке қарай, біздің отандас тарихшыларымыз әлі күнге шейін қазақ тарихындағы осы қиын-қыстау кезеңге атізін салмай жүр десек те өтірік емес. Мұның біз жоғарыда атап өткен сылтау-себептері бар.

Тарихи деректер Қоқан ханы Омардың (1809-1822) тұсында сан жағынан есептегенде ол тұста қоқандықтардан әлденеше артық Оңтүстік қазақтары бас­тарын қоса алмай, жік-жікке бөлініп жүріп, жеке-жеке ұрыс-қақтығыстарда жарақты жаудан жеңіліп, бірте-бірте бұқпантай, бағынышты тұрмысқа үйрене бастағандай еді. Сол тұста Шымкент, Сайрам, Түркістан, Жаңақорған, Жөлек секілді ескі кент, қоныстар Қоқанның қолына өтіп, әскери бекіністерге айналады. Қараусыз, қарауылсыз қалған халықты қанау, аяусыз жаншып-басу, Мәдәлі (1822-1842), Құдияр (1845-1875) хандар билеген мезгілдерде айрықша асқынып кетеді. Соның ішінде түтін басына салынатын мөлшерсіз алым-салықтар қарапайым қалың елді біржола «отыра зекет» қылып, тұралатып бітеді. Сол уақыттарда қазақ тіліне енген «қоқан-лоққы» деген тіркес бар. Бұл сөз қазір де жиі айтылады. Мағынасы: қорқыту, үркіту, доқ көрсету, айбат шегу. Қоқандықтар жай айбат шегіп қана қоймай, жазықсыз елді талай мәрте қанға бөктіріп, аяусыз жазалағаны тарих бетіне түсіп қалған. Олар әсіресе, қазақ ішіндегі қыпшақ тектестерге айрықша өшігулі болыпты. Мәселен, Мұсылманқұл хан 1852 жылы Оңтүстіктегі қыпшақтарға қарсы жойқын жорық бастайды екен. Ташкент шаһарындағы Қоқан бегі Нұрмағамбеттің бұйрығымен сондағы қыпшақ тұрғындарының үй-жайы мен бау-бақшасын түгел өртеткізіп жібереді. Ал Балықшы қыстағында 1500 қыпшақты Сырдарияға лақтырып, ғарық қылғаны деректерде жазылып қалған.

Қоқан билігі қарауына өткен қазақ­тарды негізінен рулық жүйе бойынша жіктеп, әр рудың басына өзінің датқаларын қойғаны белгілі. Оңтүстіктегі, Сыр бойындағы қыпшақтарды басқарған датқалардың ішіндегі ең атағы шық­қандары Тұрғанбай Сіргебайұлы (1794-1850), Тұрсынбай Бүркітбайұлы (1788-1863), Торғай Қуатбайұлы (1792-1872). Осылардың ішінде екі датқа – Тұрғанбай мен Тұрсынбай қоқандықтар қолынан қаза тауып, азаттық құрбандары – шәйіттер қатарына қосылған.

Тұрғанбай датқа Сіргебайұлының (тағы бір деректерде Кеншімбайұлы) өмі­­рі мен өлімі бұрыннан-ақ ел ішінде аңыз-әңгімеге айналып, ақындардың жыр-дастандарына арқау болған. Бүгінгі ұр­­­пақтан гөрі сол заманға бір табан жа­қын Сырдың сүлей ақыны Бұдабай Қа­бы­л­­ұлы (1842-1912) жасынан ел ішінде зор бе­­­­­делі бар Тұрғанбайдың екі хан ара­сында ел­­шілікте жүріп, хат-хабар жет­кізгенін, осындай қатерлі жолда талай қи­ын­­дықтардан аман өткенін мадақтай келіп:

Жол жүріп талай қиын аман келді,

Ханына Үргеніштің хабар берді.

Хан сонда ырза болып, Тұрғанбайға

Һәм датқа, һәм пансат деп амал берді, – деп жырлайды.

Әрине, Тұрғанбайдың Қоқан әмірші­сінің бір жауапты тапсырмасын тиянақтап орындағаны үшін датқалыққа қолы жетпегені түсінікті. Қоқан билеушілері ел ішіндегі аузы дуалы, іс-әрекеті уәлі, бәтуалы, көпшілікті соңына ерте білетін адамдарды ғана тартып, тізгін ұстатып отырған (әр замандағы ішкі-сыртқы әмір­шінің үйреншікті әдісі). Ендеше, әуел баста қолына амал тиген тұста өзге­лер секілді Тұрғанбайдың да, Бұдабай ақын жырлағандай, Қоқан қоқиларына «Ләпбай тақсырлап» қызмет істегені күмән туғызбайды.

Тұрғанбай сірә әлденеше жыл датқалық амалын мінсіз атқарған болуы керек. Оған датқалыққа қоса «пансат» атағы берілуі, сол кездегі Қоқан билігіндегі орталық шаһардың бірі Түр­кістанның бегі (ханның өкілі) Иманберді дегеннің оң жамбасынан орын алуы осының айғағы. «Пансат» – Қоқан би­лі­гіндегі үшінші сатыдағы (хан-бек-пан­сат-датқа) дәреже болыпты. Оның өзге датқалардан артықшылығы – әскер, жасақ ұстауға, қылмыс жасаушыларды өз ықтиярымен жазалауға құқық беріледі екен. Сол құқықтарын пайдаланған Тұрғанбай датқа қол астына өткен ел­дің ішіндегі әртүрлі дау-шараларды әділ­дікпен шешіп отырады. Кейде шектен шығып кеткен ұры-қарыларды (қазақ арасында ең жиі кездесетін барымташы-қарымташыларды) қатал жазалаған екен, «сол себептен өзге ұлыстар арасында да наразылықтар тудырыпты» деген сөзді біз арагідік шежіреші қариялар аузынан естіген де едік. Оның үстіне, Қоқан қоқилары қазақ арасының тұтастығын бұзу үшін мұндай ұрымтал тұстарды «ұтымды» пайдалануға тыраштанатыны белгілі. Соның салдары болу керек, ел аузында сол заманнан екі жол өлең сақталып қалыпты:

Бүйте берсе, бұл Қыпшақ бір шабылар,

«Алатаулап» Қоңырат бір жабылар.

Ал бірақ осылайша бірде бекісіп, бірде шекісіп жүретін ру, ұлыстар Тұрғанбай датқаның бастауымен басталған ең ірі қозғалыс, «Шілік соғысы» тұсында (шамамен 1850 жылдары) бәрі бір тудың астына жиналыпты, бұлардың ұзын саны төрт мың сарбазға жуықтаған көрінеді. Төрт мың – ол заманда недәуір қалың қол, үлкен күш болған.

Мұндай қозғалыстардың шығу се­бептері де өзара ұқсас, үндес. Негіз­гісі – билеушілер тарапынан тонау­шы­лықтың, зорлық-зомбылықтың, қия­натшылдықтың шектен шығып асқындап кетуі әлеуметтік ортада пассио­нарлық кернеулер туғызады да, соның ақыры әлеуметтік жарылыстарға әкеліп соғады.

Осы кезде Құдияр хан (1845-1875) қарауындағы қазақтарды басқаруда «осалдық» таныт­қан наместнигі Иман­бердіні орнынан алып, Рысбек деген бір әпербақанын Түркістанның бегі қылып тағайындайды. Бұл неме бектік билікке қолы жетісімен, бұрынғы қазақтармен өзінше ымыраға келіп, айналасына беделді билер мен ру басыларын жинап алып, бұлаң құйрық бұлтарма саясат жүргізіп отырған Иманбердідей емес, бірден айналасына айдаһардай от шашып, жалаңдаған жалаң қылышқа жармасатын қу екен. «Иманберді қазақтарды бетімен жайылтып жіберіпті, Түркістанды Қоқанның бегі емес, қазақтың биі басқарыпты» деп хат жазып, хан иесінің қолтығына су бүркіп қыздырмалата түседі екен.

Шынында сол уақытта Түркістан уәлаятында Тұрғанбайдың абырой-беделі ерекше әуелеп тұрғанын ел аузында сақталып қалған аңыз-әңгімелер, өлең-жырлар да растайды. Өзінің пансат атағын, биліктегі құқын пайдаланған батыр бабамыз ордасының төңірегіне жиналған нөкерлері мен әскерлері санын мүлдем көбейтіп, жарақты жасаққа айналдырып жібереді.

Мәнсүр ақынның (1875-1933) жырлауынша, Шілік шайқасының қарсаңында Тұрғанбайдың қосынына қосылған жи­һан­герлердің саны бес жүзге жетіпті.

Болыпты бес жүз жігіт бес жүз қыран,

Көбінің нәмі Қыпшак, Ойбас – ұран.

Ат қылып айдаһарды мінер еді,

Қолына қамшы орнына ұстап жылан.

Бәрі де болат шайнап, мұзды бүріккен,

Жау көрсе жігіт емес тізгін іріккен.

Секілді Шәмбілдегі Көрұғылындай,

Нәсілі қайсар қайтпас мүсілім түрікпен.

Мәнсүр ақын осы тарихи дастанында азаттық майданында елі мен жерінің намысын қорғап, жанқиярлықпен соғысқан Қыпшақ батырларының да атын атап, түсін түстеп кетеді.

Бар еді Өтеп, Жақап жақынынан,

Ермек, Түйме, Кенбай бар ата ұлынан.

Жаназар – Шағыр Қыпшақ, бұл жүзбасы,

Қазақтың найза ұстаған батырынан.

Сардарда жүзбасылар осы айтылған,

Осындай өңшең нарға қос артылған.

Жақаптың мұнан басқа салтанаты,

Көбісі шамаменен бос айтылған.

Солардың бәрі аттанып елден кеткен,

Жау шапқан оңашада келген шеттен.

Малбике-Тұрғанбайдың бәйбішесі,

Данышпан әйел еді ерден өткен…

Сонымен әлгі Рысбек деген әпербақан бегі Түркістанға келісімен ең әуелі уәлаят орталығын төңіректеп нан тауып жеп жүрген, күллісі Тұрғанбай датқаны қара тұтқан қазақтың игі жақсыларын, билері мен ділмарларын, саудагері мен майдангерлерін түгел айдап қуып шығып, қызыл шапан, көк етік киген Қоқанның шабармандары мен алармандарын атқа мінгізіп қояды.

Мезгілінде алым-салық, зекет, ұш­ыр­­­­ларын төлеуге шамасы келмеген ауыл­дарға әлгілер шабуыл жасап, ша­ңын аспанға шығарады. Сұлу, сыл­қым қыз-қырқындарға жаудай тиіп, аттары­на өңгеріп алып кете барады. Орта Азиядағы осы ойранды сырттай бақылап отырған Ресей тарапынан: «Бәрің – мұсылман халқы емессіңдер ме? Сендер неге қа­зақтарға мұншама шапқыншылық жасап жатырсыңдар?» деп қойылған қи­тұрқы сұраққа өзбектер тарапынан: «Қазақтар әлі толық мұсылман болған жоқ. Осы күнге шейін молаларды аралап, әруақтарға табынады. Біз оларды толық мұсылман қатарына қосуға бәтуа жасадық», деген сыңайдағы жауа­­бы жазбаға түсіпті. (В.Н. Басилов, Д.Н.Кар­мышева, Діни нанымдар. А, 1995 ж.)

Сонда Түркістаннан кеткен Тұрғанбай датқа ата мекені Шілікке барып ту тігеді. Көп ұзамай оның айналасына Қоқаннан қор­лық көрген бұқара жұрт жиналып лез­де қалың қолға айналады. Қолдарына қы­лыш, найза, айбалта ұстаған бұлар аяқтары жеткен ауыл, қыстақтарды аралап, әр жер-әр жерде елден алым-салық жинап, жетім-жесірді жылатып жүрген Қоқанның қолшоқпарларына құрық салып ұстап алып, солардың ішіндегі ең қаныпезер қарақшыларын елдің алдында қойша көгендеп тастап, табандарын тіліп тұз құяды екен де, бақыртып-шақыртып келген жақтарына қуып жіберетінге ұқсайды.

Сөйтіп, Түркістан төңірегін, Қарнақ, Шорнақ, Сайрам, Шәуілдір, Созақ жағын жаудан тазартқан әр рудан, әр тараптан жасақталған Тұрғанбай датқаның алабажақ қару асынған ала-құла жасақтары біраз күш алып, әруақтары көтерілген тұста қазақтар Қоқанның билеуші бегі отырған Түркістанға шабуыл жасау қамына кіріседі. Бұл кезде жау жағы да қарап отырмай, Құдияр ханның пәрменімен зеңбіректермен, өзге де озық оталғыш мылтықтармен мұздай қаруланған қоқандықтардың қалың әскері Түркістанға қарай тоғытылады. Үлкен шаһардың күнбатысынан басып кірмек болған қазақ сарбаздары сонда күркіреген зеңбірек оғының астында қалып, дүркіреп қаша бастайды. Жаужүрек батырлары қаншама айғай салып, қара әруақтарының атын шақырғанмен, күрсілдеген зеңбі­ректер­дің бұрқ-бұрқ жарылған тажал допта­рының шабуылына шыдамаған әрі өте нашар, қарапайым қаруланған әншейіндегі дайындығы жеткілікті әскер санатынан емес, кәдімгі шаруа қатарындағы қазақтар қалаға басып кіре алмай, лажсыздан кейін қайтады да жау­ды сырттан торып, әлденеше күн сол маңда бекерден-бекер босқа шашылып жүреді.

Осындай сәтсіздіктен кейін Тұрған­бай бастаған сарбаздар соңына ерген жігіттерімен Шілік даласына қарай жылжи бастайды. Өкінішке қарай, Түркістан түбіндегі жеңілістен соң талай боздақтарынан айырылған көте­ріліс­шілер арасында алауыздық, араздық туындап, біраз батырлар мен билер өз ағайындарын соңына ертіп, қосыннан шығып кете барады. Сөйтіп, ақыр аяғында сол тұстағы күшті мемлекеттік құрылымға айналған Қоқан хандығына қарсы тайсалмай соғыс ашқан қазақ датқасының қасында негізінен өзінің туыстары, Мәнсүр ақын дәріптеген «айдаһарды ат қылып мінген», «болат шайнап, мұзды бүріккен» серіктері ғана қалады. Қатары сиреген Тұрғанбай Шілікті жеріндегі Былқылдақ өзеннің бойында бұлардың арттарынан қуып жеткен Қоқанның қалың әскерімен ұрысқа кіреді. Тарихта «Шілік соғысы» атымен белгілі бұл шайқастың қанша уақытқа созылғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Қазақ баспасөзінде осы оқиғаға арналып ең тұңғыш жарияланған мақалада да мақала авторы Қалжан Қоңыратбаев («Қазақ» газеті №24, 1916 жыл) бұл жайға егжей-тегжейлі тоқталмай, көтерілістің жеңіліске ұшырау себебін ағайын арасындағы алауыздық пен күншілдіктен болады деп бағалайды.

Қалай бағаланса да, Шілік соғысы – қазақ жұртының ұлт-азаттық қозға­лысындағы елеулі оқиға ретінде зерттеле берілуі керек.

Бұл жолы да қаншама жанқиярлық­пен, ерлікпен айқасқан қазақ қолы күші басым, айласы мол Қоқан әскеріне тө­теп бере алмай, Қаратаудың етегін ж­а­ға­лап, күнбатысқа қарай қозғала бас­тайды. Сол беттерімен Жаңақорғанның күнбатыс шетіндегі Жеті төбе аймағынан бір-ақ шығады екен. Оның артынан қуғын салған Рысбек бек те жетіп, егер Тұрғанбай датқа осы бағытымен ұзай берсе, Сырдың бойында отырған қалың елдің ішіне кіріп, қара үздіріп, қолға түспей кетуі әбден мүмкін екенін ескеріп, қазақтың «бүлікшіл батырының» артынан елші жібереді. Сондағы айтатыны: «Сен, Тұрғанбай, бар қателігіңді мойындап, өз аяғыңмен Түркістанға келсең, Құдияр хан саған кешірім жасауға Алла атымен уәдесін береді. Ал бұған көнбесең, сенің соңыңа ерген елдің бәрі сойқан қырғынға ұшырайды. Бұған да Алла атымен уәдесін береді. Осыған тез жауап қайтар. Әйтпесе, көресіңді көресің!» – деп кәрін төгеді. «Қазақ» газетінің жазуынша: «Тұрғанбай енді сенуден кеткен еді. Бара қалса өледі, бармаймын десе, ел шабылып, бүлікшілікке түскелі отыр. Айналдырған ат төбеліндей қыпшақ көп жауға қарсы тұра алмайды. Не көрсем де өзім көрейін, ел-жұртым аман болсын деп, Тұрғанбай амалсыз кері қайтады».

Бұдан кейін қоқандар Шілік көтерілі­сінің көсемі Тұрғанбай Сіргебайұлын алдымен қыпшақи ортадан жырақтау орналасқан Ташкент шаһарының абақ­тысына апарып қамап тастайды. Бұдан кейін елдегі көтерілісшілер арасына жарақты жасақтарын жіберіп, осы дүмпуілге белсене қатысқан әскерба­сы­ларының, билер мен беделді ру басы­ларының қолға түскендерін қосақтап айдап, Ташкенттің іргесінде ағып жатқан Шыршық өзені жағасына әкелген еді дейді. Сол жерде ортаға Тұрғанбайды шы­ғарып, Қоқан ханының пәрмені бойынша, ішіне бұрқылдап қайнаған су толтырылған қара қазаннан жендеттер шелектеп су тасып, айналасына қасқайып қарап тұрған, жауларының алдында иілмеген, сынбаған қазақ батырының төбесінен лақылдатып құя бастаған екен… Тұрғанбайдың артынан қоқандықтар Қыпшақтың 17 әскербасын дарға асып, 40 биін істік қадаға отырғызып, азап­тап өлтіреді. Бұдан соң да қызыл қанға мас болған «жеңімпаз» қоқилар Түр­кістан маңында отырған бейбіт халыққа қойға шапқан қасқырша тиіп, айрықша Шілік көтерілісіне белсене қатысқан қыпшақтарға қатты өшігіп, қаһарларын төгіп-ақ бағады. Солардың ішінде Ші­лік соғысында елден ерек көзге тү­сіп, жан­қиярлықпен ұрыс салған әрі өз­ге­­лерге қарағанда көбірек шығынға ұшы­раған Тұрғанбайдың қандас туыстары, қыпшақтың шаштылар әулетін барынша қуғындап, ауылдарын шауып, малдарын айдап кетуді әдетке айналдырады. Қоқанның тепкісіне шыдамаған сол шаштылар ақыр соңында атақоныстарын тастап, төменгі жаққа қарай (Сырдария қазақтары ежелде ұлы дарияның күн­шы­ғыс бетін Жоғары, күнбатыс бетін Төмен деп атайды) жылжып көше бастайды.

Менің шежіреші әкем айтып отырушы еді:

– Шығыс оқиясынан кейін («оқиға» демейді «оқия» дейтін, соған қарағанда осы екі ұйқасқан сөздің мағыналық өзгешеліктері бар болуы керек – О.С.) біздің бабаларымыз Сырдың бойын жағалап отырып, осы күнгі Шиелі, Бәйгеқұм (Жөлек) маңына келіп тұрақтап қалыпты. Бәрі Сырдың күнгейіндегі тоғайлы, сулы, нулы мекендерді таңдап, әр ата баласы өзара мәмілеге келіп, өзінің отырықшы жерін бөлісіп алады екен дейді.

– Біздің атақонысымыз Түркістан маңы, Шілікті екенін қариялар айтып отырушы еді, – деп әкем әңгімесін әрі қарай жалғар еді. – Соның бір дәлелі: мынау Отрақшыл маңындағы дария бойындағы Дәуіттің ескі қорымы. Бұл бұрындары осы шаштылар әулеті жерленетін ортақ Қорым еді. Ал байқасам, мына менің үшінші атам Шоңайдың һәм одан ілгері өткен бабаларымыздың сүйегі мұнда жоқ. Бабаларымыздың сүйегі сірә сол Түркістан жағында қалған болуы керек, – деп тұжырымдар еді.

Шілік соғысынан кейін Қоқан билігі тарапынан көбісі қуғынға ұшырап, зардап шегіңкіреген жеті ата шаштының Айдарғазы әулеті еді деседі. Шыршықта істік қадаға отырғызылған 40 бидің бәрі дерлік Айдарғазы тумалары еді деген дерек бар (проф. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеуі бойынша). Бұлардан басқа Құтым (Тұрғанбайдың өзі осы Құтымнан тарайды), Байсары ата ұрпақтарына да Қоқан жаудай тиген екен. Содан болуы керек, арада 160 жылдан астам уақыт өтсе де, шашты қыпшақтың өзге аталарына қарағанда (шежіре құрастырушылардың есебі бойынша), бұл аталмыш ағайындылардың бүгінгі түтін саны басқалардан біраз кем соғып жатады. Соғыс жаңғырығы дегеніміз осы емес пе – жылжып жылдар озса да, соның салдары үзіліп-созылып осылай жалғаса береді екен.

Тұрғанбай әулетінің талайлы тайғақ тағдыры мұнымен аяқталмайды. Батыр­дың қайғылы қазасынан кейін оның туған інісі Басығара қасына елінің бедел­ді ақсақалдарын, ишан, молдаларын ертіп алып, Түркістанға барып қамау­да жатқан ер-азаматтарға ежелгі дәс­түр­мен сауға сұрайды. Бек бұлардың тілегін қаперіне алмастан, Басығараны қаматып тастап, Құдияр ханға хабар береді екен. «Осылай да осылай, қанды балақ қарақшының інісі өз аяғымен келіп қолға түсті. Бұл да кешегі күндері бізбен аяусыз айқасқан кәтта бұзықтың өзі. Енді мұны қайтпек керек?» – деп сұрайды. Құдияр хан: «Қыпшақтармен қайта айналып соғыса беруге менің мұрсатым жоқ», – деген сылтаумен Тұрғанбайдың інісін қамаудан босаттырып жібереді. Тұрғанбайдың інісі қамаудан босаған соң не істейді дейсіз ғой? Қасына Ордабай, Тіленші атты жаужүрек інілерін ертіп алып, қазіргі тілмен айтқанда, Қоқан басқыншыларына қарсы «партизандық» (қазақшасы – «қаша соғыс» болуы керек) ұрыстарын бастап кетеді. Бірақ 1854 жылы бұлардың үшеуі де жау қолынан қаза табады.

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Тұрғанбай датқа Сіргебай (Кеншімбай) ұлының әулеті түгелге жуық құрып кетуге айналады. «Түгелге жуық» дейтінімізде мән бар, өйткені Тұрғанбайдың бәйбішесі Малбикеден туған жалғыз ұлы Баймырза (Құтпан) басынан талай хикметті өткізіп жүріп, тірі қалады емес пе? Осы Баймырза Тұрғанбайұлы (1817-1914) есейе келе Кенесары Қасымұлының әскеріне барып қосылып, кейін бұл да қамауға алынады, Жетісу жерінде айдауда жүріп дүниеден өтеді. Ал Тұрғанбайдың немересі, атақты дала батыры Иманжүсіп Құтпановтың (1863-1931) есімі қазақ елінің азаткерлік тарихында мәңгі қалғаны мәлім.

Әрине, мұның бәрі өткен тарих. Бүгінгі күн басқа. Екі халық та небір сынақтар­дан өте келіп, достық дәстүрлерін сақтап қал­ды. Қазір қатарласа тәуелсіз ел болып отыр. Татулық туы берік қолда. Сонда да тарих тағылымдары есте тұруға тиіс.

Оразбек СӘРСЕНБАЙ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Алматы.