12 Қаңтар, 2013

Аймақтық қауіпсіздіктен – жаһандық қауіпсіздікке

773 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Аймақтық қауіпсіздіктен – жаһандық қауіпсіздікке

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:29

Қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру – мемлекет дамуын айқындайтын бірден-бір стратегия. Бұл стратегияның мемлекетаралық ынтымақтастық тетігін бекемдеуге, саяси қақтығыстардың алдын алуға да өз әсері болатыны анық. 
Саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі Гүлнар НАСИМОВАМЕН әңгіме барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.

 

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:29

Қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру – мемлекет дамуын айқындайтын бірден-бір стратегия. Бұл стратегияның мемлекетаралық ынтымақтастық тетігін бекемдеуге, саяси қақтығыстардың алдын алуға да өз әсері болатыны анық. 
Саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі Гүлнар НАСИМОВАМЕН әңгіме барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.

– Гүлнар Өрленбайқызы, білуімше сіз саяси ғылым төңірегінде ғылыми диссертация қорғап, оның ішінде саяси қақтығыстар мен дау-жанжалдар тақы­рыбын тереңірек зерттеп жүр екенсіз? Бұл тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды?
– Иә, шындығында бұл – менің үлкен қызығушылықпен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан тақырыбым. Бүгінде дәл осы қақтығыстар тақырыбын таңдаудың бір ғана мысалын келтіру мен үшін күрделі.
Саяси қақтығыстар мәселелерін зерт­теуге ғылыми қызығушылық посткеңестік кеңістіктегі қақтығыстардың жоғары дең­гейіне байланысты. Сол тұста әлеуметтік қақтығыстар деңгейін төмендету әдістері мен қақтығыстарды конструктивті технологиялармен басқару жолдарын зерттеуге қызығушылық туындады десем де болады. Қақтығыстардың алдын алу мәселелері жөнінде диссертация қорғасам да, бүгінде жеке өзімде жауаптарға қарағанда сауалдарым көбірек.
– Жаһандық кеңістіктегі саяси үде­рістерді түгелдей дерлік ашып көрсету мүмкін емес. Десек те, ғалым ретінде қазіргі таңда әлемде қалыптасып отыр­ған саяси жағдайлар турасында не айтар едіңіз?
– Иә, әлемдегі саяси үдерістерді то­лықтай айқындап көрсету мүмкін емес. Соңғы он жылда әлемдік дамудың негізгі трендтерінде адам күтпеген жағдайлар орын алды. Жаһандық дағдарыс жал­пы­әлем­дік идеялық-саяси және әлеуметтік да­мудың трендтеріне зор ықпалын жүргізді.
– Сарапшылар өз болжамдарында әлі күнге дейін «белгісіздік» түсінігінің мәнін ашатын «екіұштылық», «үрдістер жан-жақтылығы» секілді ұғымдарды пайдаланатыны рас қой.
– Шынымен де, әлі күнге дейін са­рап­шылардың «белгісіздік» түсінігінің мәнін ашатын «екіұштылық», «үрдістер жан-жақтылығы» секілді ұғымдарды өз болжамдарында жиі пайдаланатыны ақиқат. Сондықтан, қазіргі қоғамдық өмірде қарулы немесе жаппай тәртіпсіздік орын алатын мемлекетішілік қақтығыстарды болжау қиын. 2011 жылдың өзінде Ливия, Сирия, Йеменде, мұнайға бай Солтүстік және Оңтүстік Суданның шекара бойында әскери қақтығыстар орын алды.
Мемлекетішілік қақтығыстардың таралу алаңы бірте-бірте кеңеюде. Мұндай жағ­дайлар Африка мен Азия, ТМД елде­рінде ғана емес, осыған сәйкес қатерлер Еуроодақ шеңберінде, Солтүстік Америкада, оның ішінде Америка Құрама Штаттарында байқалуда. Ең тұрақты қоғамның өзі экономикалық дағдарыстар, техно­ген­дік және табиғи апаттар, террористік әре­кеттер сияқты қиыншылықтарға ұшырауы әбден мүмкін. Франциядағы қоғамдық-саяси белсенділіктің өршуін, Ұлыбрита­ния­дағы студенттердің бүлікшілік әрекет­терін, басқа да Батыс Еуропа елдеріндегі бұқаралық наразылықтарды ешкім күтпе­ген-тін.
Алдағы уақытта әлемнің көптеген ел­дерінің әлеуметтік-саяси жағдайларына ықпал ететін, салдары жоғары тұрақ­сыз­дық туындататын қауіп-қатерлер мол. Қа­зіргі жаһанданған әлемде көптеген нара­зылық қозғалыстары интернациоланған. Ұлттық, этно-әлеуметтік-мәдени ерекше­лік­тері де өз маңыздылығын жоғалтпасы анық. Сондықтан бүкіл әлемге немесе ТМД елдеріне арналған мәселені шешудің әмбебап жалпы стратегиясы жоқ. Жаһан­дану жеткен жетістер түрлі ұлттар өзге­ріс­тері трендтерінің айырмашылығын анық­тауды жолға қоя алмады. Сондықтан қазір­гі әлемдегі жаңа қатерлер мемлекет пен халықаралық ұйымдарға ерекше жауапкер­ші­лік жүктейді.
Саяси көшбасшылар бүгінгі күнде елі­нің дамуына қауіпті жағдайлар туындататын қатерлерді азайтуы тиіс. Мәселен, Грекияда орын алған экономикалық құл­ды­рау еуроаймаққа қиындықтар туындатуымен қатар, әлемдік экономикаға да жа­ғымсыз әсерін беруі ықтимал.
Ең бастысы, халықаралық жүйе трансформациясы жағдайында «жаңа ұрпақ­тың» қақтығыстарын туындатуы әбден мүмкін. Бүгінде ХХ ғасырға қарағанда, мемлекетішілік және үйлесімсіз (асимме­триялық) қақтығыстар халықаралық саясатта ерекше мәнге ие. Аталмыш қақты­ғыстардың барлығы өткен шиеленістерге қарағанда басқаша екендігі ешкімге құпия емес.
– Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі әлемдік қоғамдастық­тағы орны турасында әр түрлі пікірлер айтылады? Сіз қандай баға бересіз?
– Әлемнің біздің елімізге көзқарас­та­рының әр түрлі болуы заңды құбылыс. Еліміз туралы олардың ойлары бірдей деп айту оғаш пікір деп ойлаймын. Десек те, бүгінде Қазақстанды әлемдік қоғамдастық мойындайды, оның аты танымал екендігі сөзсіз. Қазақстан көптеген ықпалды ха­лық­аралық ұйымдарда жүзеге асырылып отырған саясатына өзінің белсенді әре­кет­терінің арқасында әлемдік аренада маңыз­ды рөлге ие. Тәуелсіздіктің алғашқы күн­де­рінен бастап Қазақстан БҰҰ жұмыс­тарына белсенді араласа бастады. Бұл қызметте басты міндет – халықаралық аренада жаһандық және аймақтық қауіпсіздік саласында Қазақстан Республикасының стратегиялық мүддесін қамтамасыз ету жұмысын жүргізу болып табылды. Жиырма бір жылдық тарихында еліміз ха­­лық­­аралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қол­дауда орасан зор қызмет жасады. Ядролық қарудан бас тартты, Азияда сенім шараларын құрды, Еуразия кеңіс­тігінде инте­­гра­циялық үдерістерді бекітті, өркениет­­­тер мен діндер үнқатысуын қолдады. Міне, Қазақстанның жасаған шарала­ры­ның бір­қатарлары осы.
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның маңызды қадамдары­ның бірі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақы­ру­ды ұсы­нуы еді. Бұл орайда, Азия құрлы­ғында мем­лекетаралық қайшылықтар мен келіспеу­шіліктердің болуына қарамастан, Қазақстан Кеңеске қатысушы мүше елдер­дің назарын мемлекетаралық ынтымақтас­тықты әрі қа­рай бекіту қажеттілігіне аударуда.
Оның тиімді институттарының бірі Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып табылады. Бұл ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресті маңызды басымдықтары етіп белгіледі. Қа­­­­зақстан мен ұйым көрсетілген бағыттар бо­­­йынша әрі қарай қатынас орнатуға ынталы.
Қазақстан қазіргі таңда әлемдік қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын серіктестік­тің жаңа түрлерін іздеуде.
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында созылмалы жанжалдарды реттеуге байланысты диплома­тия­лық шаралар легін жүзеге асырды. Қа­зақстанның сыртқы саясаттағы рөлі, әлемде қалыптасып отырған сан түрлі жағдаяттарға қатысты ұстанымдары жөнінде не айтар едіңіз?
– Әлемдік қоғамдастықтың, біздің бүгінгі жетістіктерімізді мойындауының дәлелі ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Ұйым үшін қиын кезеңде, дербес қауіпсіздік жүйесі болу мүмкіндігінен айырылу қаупі төніп тұрғанда және ЕҚЫҰ-ның кейбір елдерінде бірқатар мәселелер жинақта­л­ғанда Қазақстан ғана өзіне үлкен жауап­кершілікті мойнына артты. Біздің елдің Ұйымның тиімділігін арттыру барысын­дағы белсенді қызметі, қазіргі қауіптерге қарсы әрекет етуі, ЕҚЫҰ аймақтарындағы серіктестікті бекітуге талпынысы – халық­аралық құрылымға жаңа серпін беру қажет­тігіне Қазақстанның терең түсініс­тікпен қарап отырғандығын көрсетеді және оны мүше елдер мойындады.
Қазақстан төрағалық жылдарында созылмалы жанжалдарды реттеуге байла­ныс­ты үлкен дипломатиялық шараларды жү­зеге асырды. Әлемдік қауымдастықта се­ріктестікке жету жолындағы бірінші қадам мәдениетаралық диалог болып та­была­тын­дығын атап өткен жөн. Бұл рухани баюдың негізі және өзара түсі­ністіктің, келісім мен төзімділіктің бекітілуіне мүм­кіндік береді. Қазақстан толерант­тылық идеясын ұсы­нуда, мәдени әралуандықты сақтауда және мәдениет үнқатысуларын дамытуда мол күш салды. Дәлел ретінде, елімізде тұрақ­ты өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін айта аламыз.
– Қазіргі таңда посткеңестік кеңіс­тікте қалыптасқан саяси жағдайды қалай бағалар едіңіз?
– ТМД мемлекеттері бүгінде сыртқы және ішкі саясаттың басымдықтары мен негіздерін анықтауда. Ұлттық мемлекет құру кезеңінен өтті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттер ТМД елдері мен Дос­тастыққа кірмейтін мемлекеттер арасынан тиімді серіктестіктерін тауып отырды.
Посткеңестік мемлекеттердің қазіргі заман тарихында қарулы қақтығыстарға алып келген жанжалдар да болып отырды. Шынында, бұл жанжалдар тарихи алғы­шарттарымен, әлеуметтік-мәдени, әлеу­мет­тік-экономикалық және қоғамдық қа­тынастардағы саяси саланың дамуында жүрген дағдарыстармен байланысты болды. Менің ойымша, аталған жанжал­дар­дың себебі мынада: Бірқатар елдердің болжамы жоқ саясаты. Ал аталған себеп белгілі жанжалдардың катализаторына айналды. Біз ТМД елдеріндегі болған «түрлі-түсті революцияларды» естен шығармауы­мыз қажет.
Қаншама жылдар өтсе де, «түрлі-түсті революциялардан» кейін ешбір мемлекетте әлеуметтік-экономикалық және саяси жү­йе­де түбегейлі, әрі сапалы өзгерістер болмады. Сонымен қатар, бұл елдерде қа­лыптасқан саяси жағдайлардың ерекше­л­іктерінің бірі – билік үшін күрес «жаңа­дан» қалыптасқан элиталар арасында жү­руде, бұл өз кезегінде, олардың мақсат­тары мен мүдделерінің қарама-қайшы­лығы, олар­­дың арасында базалық келісім­нің болмауы мен қоғам алдында тұрған мәсе­ле­лердің тереңдігін көру мүмкінді­гінің жоқ­тығы туралы айтуға мүмкіндік береді.
– Бұл орайда нені назарда ұстаған жөн?
– ТМД елдері саясатының басты мақ­саты ретінде мынаған мән бергендері жөн: даму тұрақтылығы, өзгерістерге бейім­делу, мерзімі жеткен қатерлердің алдын алу. Сондықтан посткеңестік мемлекеттерге тұрақсыздыққа ықпал жасайтын түрлі факторларды азайту жолдарын қарасты­ратын саясат жүргізу керек. Мен, ең алдымен, жаһандық дағдарыс салдарына, Таяу және Орта Шығыстағы, Солтүстік пен Тропикалық Африкадағы әлеуметтік-сая­си, діни және өзге де қақтығыстарға, еуро аймағындағы дағдарысқа, Батыс пен Шы­ғыс арасындағы әлемдік экономикалық өзгерістерге, АҚШ және оның одақтас­тары арасындағы қарама-қайшылықтарға, екпінді жаһандық экологиялық дағдарысқа назар аударған жөн деп санаймын.
– Посткеңестік мемлекеттерде орын алған көптеген қақтығыстар этностық пішінде өрілгені белгілі. Ал полиэт­нос­тық мемлекеттердегі этносаралық қақ­ты­ғыстар өз көлемі, ұзақтығы, интен­сив­­­тілігі жөнінен саяси қақтығыстар­дың өз­­ге түрлеріне ауысып жататыны да анық. Этносаралық қатынастар са­ла­сын­д­ағы қақтығыстардың алдын алу үшін нені басшылыққа алған жөн? Қа­­зақстанның этносаралық келісімді қа­­­лып­­тастыру саясаты жөнінде не айтасыз?
– Этносаралық қақтығыстарды реттеу мәдениеті бекіген мемлекетте саяси тұ­рақтылық қалыптасатыны жасырын емес. Сондықтан Қазақстан Республикасы сая­са­тының негізгі мәселесі әлеуметтік-эко­но­микалық және саяси реформалардың маңызды негізі болып жүрген этносаралық келісімді қалыптастыру жетістігі болып табылады.
Қоғамда өзге этностардың болуы олар­дың өзара қарым-қатынастарындағы қара­ма-қайшылықтарды туғызатыны анық. Сон­дықтан, осы келіспеушіліктерді анық­тау және қақтығыстық оқиғаны өркениет­тік жолмен шешу ізденісі мәселесі ай­қындалғаны жөн. Негізгі проблема этно­с­аралық қатынастар саласындағы қақты­ғыс­тардың алдын алу саясаты болып тұр.
Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған, ұлттық саясаттың «локомотиві» деп аталып жүрген Қазақстан халқы Ассам­блеясының этносаралық келісімді қалыптастырудағы рөлі зор. Ассамблея өзінің тәжірибелік қызмет ету жылдарында елдегі этносаралық келісім мен тұрақ­тылықты сақтауға мол үлес қосты. Бұл қызметтегі Елбасының баға жетпес қи­мыл­дарына біздің мемлекетіміздің тарихы куә. Күрделі әлеуметтік-экономикалық дағ­­дарыс кезеңінде Мемлекет басшысы ішкі саясаттағы реформалардың негізгі басымдығын айқындады. Бұл бейбітші­лікпен және келісіммен қамтамасыз ету еді. Тарих азаматтық бейбітшілікті қамта­масыз етуде аталмыш таңдаудың тиімді­лігін дәлелдеді. «Қазақстанның көпұлтты халқы күрделі тарихи сындардан өтті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ұлтқа, дінге негізделген қақтығыстар болмады. Біз осы зайырлы демократиялық мемле­ке­тімізді сақтап, дамытуымыз қажет. Қоға­м­ның ішкі саяси тұрақтылығы мен топтасуы – осы саясаттың арқауы», – деп атап көрсетеді Елбасы. Өкінішке қарай, ТМД елдерінің тәжірибесінде саяси элитаның этносаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі тиімді қимылдар жүргіз­бегенін байқадық. Өз мүддесін көздеген саяси көшбасшылар өз халқын этнос­ара­лық шиеленістер тұңғиығы мен иіріміне қалдырып кеткенін де білеміз.
– Жаңару орын алған қоғамда саяси көшбасшының рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі ғылымда «саяси көшбасшы» термині кеңінен қолданылғанымен, оның нақты мағыналық түсіндірмесі толықтай қалыптаспады. Көп жағдайда басқарушы көсем, басшы, жетекші ұғымдарымен ұқсас негізде пайдаланылады. Әлбетте, әрбір басқарушы көшбасшы емес екені анық. Тек бұқараны басқара алатын, оларды жаңа бастамаларға жұмылдыратын, әрбір қимыл үдерісін үнемі бағыттап және түзеп отыратын тұлғаны ғана саяси көшбасшы дегеніміз дұрыс.
Посткеңестік мемлекеттер көшбасшы­лары саяси басқарудың жеке стилін иеленгенде қарулы қақтығыстарды теледидар алдында қарап отырар ма еді? Бұл мәсе­леге жауаптар тұрғындар арасында өзара мәндес болуы мүмкін. Бірақ Елбасымыз­дың Қырғызстанды азамат соғысынан сақтап қалуы аймақтағы көшбасшының қимылы емес пе? Сондықтан саяси көшбасшының негізгі қызметі қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру және бірлестіру болып табылады. Басқаша айтсақ, көшбасшы қызметінде саясаткердің байланыстырушы қызметі басым болатындығын айтқан жөн. Егер белгілі бір қоғамда әлеуметтік шиеленіс­тер дәрежесі жоғары болса, бұл мемле­кеттердің саяси көшбасшылары байланыс­тырушы қызметін әлсіз жүргізеді.
Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет басында тұрған саяси көшбасшы қоғамдағы келісімді қалыптастыра алса ғана заңды саналады. Тек осы тұлға қоғамдағы түрлі мақсаттар мен бір-біріне қарама-қайшы мүдделерді біріктіре алады.
Жаңару орын алған қоғамда саяси көшбасшының рөлі ерекше. Өйткені, осы шарттарда көшбасшы тұрақтылық факторы болады және жаңа өзгерістердің бастамашысы саналады. Көшбасшы осы шарттарда қоғам дамуының стратегиясын қа­лып­тастырады және оны орындау құрал­дарын айқындайды.
Әңгімелескен  Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.