Аймақтық қауіпсіздіктен – жаһандық қауіпсіздікке
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:29
Қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру – мемлекет дамуын айқындайтын бірден-бір стратегия. Бұл стратегияның мемлекетаралық ынтымақтастық тетігін бекемдеуге, саяси қақтығыстардың алдын алуға да өз әсері болатыны анық.
Саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі Гүлнар НАСИМОВАМЕН әңгіме барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:29
Қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру – мемлекет дамуын айқындайтын бірден-бір стратегия. Бұл стратегияның мемлекетаралық ынтымақтастық тетігін бекемдеуге, саяси қақтығыстардың алдын алуға да өз әсері болатыны анық.
Саяси ғылымдар докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану кафедрасының меңгерушісі Гүлнар НАСИМОВАМЕН әңгіме барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.
– Гүлнар Өрленбайқызы, білуімше сіз саяси ғылым төңірегінде ғылыми диссертация қорғап, оның ішінде саяси қақтығыстар мен дау-жанжалдар тақырыбын тереңірек зерттеп жүр екенсіз? Бұл тақырыпты зерттеуіңізге не түрткі болды?
– Иә, шындығында бұл – менің үлкен қызығушылықпен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан тақырыбым. Бүгінде дәл осы қақтығыстар тақырыбын таңдаудың бір ғана мысалын келтіру мен үшін күрделі.
Саяси қақтығыстар мәселелерін зерттеуге ғылыми қызығушылық посткеңестік кеңістіктегі қақтығыстардың жоғары деңгейіне байланысты. Сол тұста әлеуметтік қақтығыстар деңгейін төмендету әдістері мен қақтығыстарды конструктивті технологиялармен басқару жолдарын зерттеуге қызығушылық туындады десем де болады. Қақтығыстардың алдын алу мәселелері жөнінде диссертация қорғасам да, бүгінде жеке өзімде жауаптарға қарағанда сауалдарым көбірек.
– Жаһандық кеңістіктегі саяси үдерістерді түгелдей дерлік ашып көрсету мүмкін емес. Десек те, ғалым ретінде қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған саяси жағдайлар турасында не айтар едіңіз?
– Иә, әлемдегі саяси үдерістерді толықтай айқындап көрсету мүмкін емес. Соңғы он жылда әлемдік дамудың негізгі трендтерінде адам күтпеген жағдайлар орын алды. Жаһандық дағдарыс жалпыәлемдік идеялық-саяси және әлеуметтік дамудың трендтеріне зор ықпалын жүргізді.
– Сарапшылар өз болжамдарында әлі күнге дейін «белгісіздік» түсінігінің мәнін ашатын «екіұштылық», «үрдістер жан-жақтылығы» секілді ұғымдарды пайдаланатыны рас қой.
– Шынымен де, әлі күнге дейін сарапшылардың «белгісіздік» түсінігінің мәнін ашатын «екіұштылық», «үрдістер жан-жақтылығы» секілді ұғымдарды өз болжамдарында жиі пайдаланатыны ақиқат. Сондықтан, қазіргі қоғамдық өмірде қарулы немесе жаппай тәртіпсіздік орын алатын мемлекетішілік қақтығыстарды болжау қиын. 2011 жылдың өзінде Ливия, Сирия, Йеменде, мұнайға бай Солтүстік және Оңтүстік Суданның шекара бойында әскери қақтығыстар орын алды.
Мемлекетішілік қақтығыстардың таралу алаңы бірте-бірте кеңеюде. Мұндай жағдайлар Африка мен Азия, ТМД елдерінде ғана емес, осыған сәйкес қатерлер Еуроодақ шеңберінде, Солтүстік Америкада, оның ішінде Америка Құрама Штаттарында байқалуда. Ең тұрақты қоғамның өзі экономикалық дағдарыстар, техногендік және табиғи апаттар, террористік әрекеттер сияқты қиыншылықтарға ұшырауы әбден мүмкін. Франциядағы қоғамдық-саяси белсенділіктің өршуін, Ұлыбританиядағы студенттердің бүлікшілік әрекеттерін, басқа да Батыс Еуропа елдеріндегі бұқаралық наразылықтарды ешкім күтпеген-тін.
Алдағы уақытта әлемнің көптеген елдерінің әлеуметтік-саяси жағдайларына ықпал ететін, салдары жоғары тұрақсыздық туындататын қауіп-қатерлер мол. Қазіргі жаһанданған әлемде көптеген наразылық қозғалыстары интернациоланған. Ұлттық, этно-әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері де өз маңыздылығын жоғалтпасы анық. Сондықтан бүкіл әлемге немесе ТМД елдеріне арналған мәселені шешудің әмбебап жалпы стратегиясы жоқ. Жаһандану жеткен жетістер түрлі ұлттар өзгерістері трендтерінің айырмашылығын анықтауды жолға қоя алмады. Сондықтан қазіргі әлемдегі жаңа қатерлер мемлекет пен халықаралық ұйымдарға ерекше жауапкершілік жүктейді.
Саяси көшбасшылар бүгінгі күнде елінің дамуына қауіпті жағдайлар туындататын қатерлерді азайтуы тиіс. Мәселен, Грекияда орын алған экономикалық құлдырау еуроаймаққа қиындықтар туындатуымен қатар, әлемдік экономикаға да жағымсыз әсерін беруі ықтимал.
Ең бастысы, халықаралық жүйе трансформациясы жағдайында «жаңа ұрпақтың» қақтығыстарын туындатуы әбден мүмкін. Бүгінде ХХ ғасырға қарағанда, мемлекетішілік және үйлесімсіз (асимметриялық) қақтығыстар халықаралық саясатта ерекше мәнге ие. Аталмыш қақтығыстардың барлығы өткен шиеленістерге қарағанда басқаша екендігі ешкімге құпия емес.
– Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бергі әлемдік қоғамдастықтағы орны турасында әр түрлі пікірлер айтылады? Сіз қандай баға бересіз?
– Әлемнің біздің елімізге көзқарастарының әр түрлі болуы заңды құбылыс. Еліміз туралы олардың ойлары бірдей деп айту оғаш пікір деп ойлаймын. Десек те, бүгінде Қазақстанды әлемдік қоғамдастық мойындайды, оның аты танымал екендігі сөзсіз. Қазақстан көптеген ықпалды халықаралық ұйымдарда жүзеге асырылып отырған саясатына өзінің белсенді әрекеттерінің арқасында әлемдік аренада маңызды рөлге ие. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан БҰҰ жұмыстарына белсенді араласа бастады. Бұл қызметте басты міндет – халықаралық аренада жаһандық және аймақтық қауіпсіздік саласында Қазақстан Республикасының стратегиялық мүддесін қамтамасыз ету жұмысын жүргізу болып табылды. Жиырма бір жылдық тарихында еліміз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауда орасан зор қызмет жасады. Ядролық қарудан бас тартты, Азияда сенім шараларын құрды, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үдерістерді бекітті, өркениеттер мен діндер үнқатысуын қолдады. Міне, Қазақстанның жасаған шараларының бірқатарлары осы.
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның маңызды қадамдарының бірі – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруды ұсынуы еді. Бұл орайда, Азия құрлығында мемлекетаралық қайшылықтар мен келіспеушіліктердің болуына қарамастан, Қазақстан Кеңеске қатысушы мүше елдердің назарын мемлекетаралық ынтымақтастықты әрі қарай бекіту қажеттілігіне аударуда.
Оның тиімді институттарының бірі Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып табылады. Бұл ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресті маңызды басымдықтары етіп белгіледі. Қазақстан мен ұйым көрсетілген бағыттар бойынша әрі қарай қатынас орнатуға ынталы.
Қазақстан қазіргі таңда әлемдік қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын серіктестіктің жаңа түрлерін іздеуде.
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында созылмалы жанжалдарды реттеуге байланысты дипломатиялық шаралар легін жүзеге асырды. Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлі, әлемде қалыптасып отырған сан түрлі жағдаяттарға қатысты ұстанымдары жөнінде не айтар едіңіз?
– Әлемдік қоғамдастықтың, біздің бүгінгі жетістіктерімізді мойындауының дәлелі ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі болып табылады. Ұйым үшін қиын кезеңде, дербес қауіпсіздік жүйесі болу мүмкіндігінен айырылу қаупі төніп тұрғанда және ЕҚЫҰ-ның кейбір елдерінде бірқатар мәселелер жинақталғанда Қазақстан ғана өзіне үлкен жауапкершілікті мойнына артты. Біздің елдің Ұйымның тиімділігін арттыру барысындағы белсенді қызметі, қазіргі қауіптерге қарсы әрекет етуі, ЕҚЫҰ аймақтарындағы серіктестікті бекітуге талпынысы – халықаралық құрылымға жаңа серпін беру қажеттігіне Қазақстанның терең түсіністікпен қарап отырғандығын көрсетеді және оны мүше елдер мойындады.
Қазақстан төрағалық жылдарында созылмалы жанжалдарды реттеуге байланысты үлкен дипломатиялық шараларды жүзеге асырды. Әлемдік қауымдастықта серіктестікке жету жолындағы бірінші қадам мәдениетаралық диалог болып табылатындығын атап өткен жөн. Бұл рухани баюдың негізі және өзара түсіністіктің, келісім мен төзімділіктің бекітілуіне мүмкіндік береді. Қазақстан толеранттылық идеясын ұсынуда, мәдени әралуандықты сақтауда және мәдениет үнқатысуларын дамытуда мол күш салды. Дәлел ретінде, елімізде тұрақты өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін айта аламыз.
– Қазіргі таңда посткеңестік кеңістікте қалыптасқан саяси жағдайды қалай бағалар едіңіз?
– ТМД мемлекеттері бүгінде сыртқы және ішкі саясаттың басымдықтары мен негіздерін анықтауда. Ұлттық мемлекет құру кезеңінен өтті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттер ТМД елдері мен Достастыққа кірмейтін мемлекеттер арасынан тиімді серіктестіктерін тауып отырды.
Посткеңестік мемлекеттердің қазіргі заман тарихында қарулы қақтығыстарға алып келген жанжалдар да болып отырды. Шынында, бұл жанжалдар тарихи алғышарттарымен, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық қатынастардағы саяси саланың дамуында жүрген дағдарыстармен байланысты болды. Менің ойымша, аталған жанжалдардың себебі мынада: Бірқатар елдердің болжамы жоқ саясаты. Ал аталған себеп белгілі жанжалдардың катализаторына айналды. Біз ТМД елдеріндегі болған «түрлі-түсті революцияларды» естен шығармауымыз қажет.
Қаншама жылдар өтсе де, «түрлі-түсті революциялардан» кейін ешбір мемлекетте әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйеде түбегейлі, әрі сапалы өзгерістер болмады. Сонымен қатар, бұл елдерде қалыптасқан саяси жағдайлардың ерекшеліктерінің бірі – билік үшін күрес «жаңадан» қалыптасқан элиталар арасында жүруде, бұл өз кезегінде, олардың мақсаттары мен мүдделерінің қарама-қайшылығы, олардың арасында базалық келісімнің болмауы мен қоғам алдында тұрған мәселелердің тереңдігін көру мүмкіндігінің жоқтығы туралы айтуға мүмкіндік береді.
– Бұл орайда нені назарда ұстаған жөн?
– ТМД елдері саясатының басты мақсаты ретінде мынаған мән бергендері жөн: даму тұрақтылығы, өзгерістерге бейімделу, мерзімі жеткен қатерлердің алдын алу. Сондықтан посткеңестік мемлекеттерге тұрақсыздыққа ықпал жасайтын түрлі факторларды азайту жолдарын қарастыратын саясат жүргізу керек. Мен, ең алдымен, жаһандық дағдарыс салдарына, Таяу және Орта Шығыстағы, Солтүстік пен Тропикалық Африкадағы әлеуметтік-саяси, діни және өзге де қақтығыстарға, еуро аймағындағы дағдарысқа, Батыс пен Шығыс арасындағы әлемдік экономикалық өзгерістерге, АҚШ және оның одақтастары арасындағы қарама-қайшылықтарға, екпінді жаһандық экологиялық дағдарысқа назар аударған жөн деп санаймын.
– Посткеңестік мемлекеттерде орын алған көптеген қақтығыстар этностық пішінде өрілгені белгілі. Ал полиэтностық мемлекеттердегі этносаралық қақтығыстар өз көлемі, ұзақтығы, интенсивтілігі жөнінен саяси қақтығыстардың өзге түрлеріне ауысып жататыны да анық. Этносаралық қатынастар саласындағы қақтығыстардың алдын алу үшін нені басшылыққа алған жөн? Қазақстанның этносаралық келісімді қалыптастыру саясаты жөнінде не айтасыз?
– Этносаралық қақтығыстарды реттеу мәдениеті бекіген мемлекетте саяси тұрақтылық қалыптасатыны жасырын емес. Сондықтан Қазақстан Республикасы саясатының негізгі мәселесі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың маңызды негізі болып жүрген этносаралық келісімді қалыптастыру жетістігі болып табылады.
Қоғамда өзге этностардың болуы олардың өзара қарым-қатынастарындағы қарама-қайшылықтарды туғызатыны анық. Сондықтан, осы келіспеушіліктерді анықтау және қақтығыстық оқиғаны өркениеттік жолмен шешу ізденісі мәселесі айқындалғаны жөн. Негізгі проблема этносаралық қатынастар саласындағы қақтығыстардың алдын алу саясаты болып тұр.
Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған, ұлттық саясаттың «локомотиві» деп аталып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық келісімді қалыптастырудағы рөлі зор. Ассамблея өзінің тәжірибелік қызмет ету жылдарында елдегі этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға мол үлес қосты. Бұл қызметтегі Елбасының баға жетпес қимылдарына біздің мемлекетіміздің тарихы куә. Күрделі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезеңінде Мемлекет басшысы ішкі саясаттағы реформалардың негізгі басымдығын айқындады. Бұл бейбітшілікпен және келісіммен қамтамасыз ету еді. Тарих азаматтық бейбітшілікті қамтамасыз етуде аталмыш таңдаудың тиімділігін дәлелдеді. «Қазақстанның көпұлтты халқы күрделі тарихи сындардан өтті. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ұлтқа, дінге негізделген қақтығыстар болмады. Біз осы зайырлы демократиялық мемлекетімізді сақтап, дамытуымыз қажет. Қоғамның ішкі саяси тұрақтылығы мен топтасуы – осы саясаттың арқауы», – деп атап көрсетеді Елбасы. Өкінішке қарай, ТМД елдерінің тәжірибесінде саяси элитаның этносаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі тиімді қимылдар жүргізбегенін байқадық. Өз мүддесін көздеген саяси көшбасшылар өз халқын этносаралық шиеленістер тұңғиығы мен иіріміне қалдырып кеткенін де білеміз.
– Жаңару орын алған қоғамда саяси көшбасшының рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі ғылымда «саяси көшбасшы» термині кеңінен қолданылғанымен, оның нақты мағыналық түсіндірмесі толықтай қалыптаспады. Көп жағдайда басқарушы көсем, басшы, жетекші ұғымдарымен ұқсас негізде пайдаланылады. Әлбетте, әрбір басқарушы көшбасшы емес екені анық. Тек бұқараны басқара алатын, оларды жаңа бастамаларға жұмылдыратын, әрбір қимыл үдерісін үнемі бағыттап және түзеп отыратын тұлғаны ғана саяси көшбасшы дегеніміз дұрыс.
Посткеңестік мемлекеттер көшбасшылары саяси басқарудың жеке стилін иеленгенде қарулы қақтығыстарды теледидар алдында қарап отырар ма еді? Бұл мәселеге жауаптар тұрғындар арасында өзара мәндес болуы мүмкін. Бірақ Елбасымыздың Қырғызстанды азамат соғысынан сақтап қалуы аймақтағы көшбасшының қимылы емес пе? Сондықтан саяси көшбасшының негізгі қызметі қоғамның түрлі топтары арасындағы жалпы идеялар, құндылықтар мен идеалдарды мәмілеге келтіру және бірлестіру болып табылады. Басқаша айтсақ, көшбасшы қызметінде саясаткердің байланыстырушы қызметі басым болатындығын айтқан жөн. Егер белгілі бір қоғамда әлеуметтік шиеленістер дәрежесі жоғары болса, бұл мемлекеттердің саяси көшбасшылары байланыстырушы қызметін әлсіз жүргізеді.
Тәжірибе көрсеткендей, мемлекет басында тұрған саяси көшбасшы қоғамдағы келісімді қалыптастыра алса ғана заңды саналады. Тек осы тұлға қоғамдағы түрлі мақсаттар мен бір-біріне қарама-қайшы мүдделерді біріктіре алады.
Жаңару орын алған қоғамда саяси көшбасшының рөлі ерекше. Өйткені, осы шарттарда көшбасшы тұрақтылық факторы болады және жаңа өзгерістердің бастамашысы саналады. Көшбасшы осы шарттарда қоғам дамуының стратегиясын қалыптастырады және оны орындау құралдарын айқындайды.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.