Қазақстан • 21 Мамыр, 2019

Кәсіпкер студенттің оқу ақысын төлеп берді

1036 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тимур Өтешев есімді кәсіпкер азамат Алматы қаласы Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі қаржы мамандығының ақылы бөлімінің студенті Усентай Жасұланның толық оқу ақысын төлеп берген.

Кәсіпкер студенттің оқу ақысын төлеп берді

Жасұлан Райбекұлы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылының тумасы. Отбасында 5 ағайынды: 3 ұл, 2 қыз. Ол - үйінің үлкені. Әкесі мал дәрігері. Анасы балабақшада әдіскер болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда Жасұлан Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінде 1-курста оқиды. Ұстаздарының айтуынша, Жасұлан оқуға түскеннен бастап қоғамдық жұмыстарға атсалысып, жауапкершілігі мол студент екенін бірден байқатқан. Колледж студенттерінен құралған Жайдарман ойындарында үздік ойыншылардың бірі. Оқуда үздік студент.

«Мен Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің 1-курс студентімін. Мамандығым қаржыгер. Мені грантқа ауыстырғаны үшін колледж директоры Серік Шапхатұлына алғысым шексіз. Осы грантқа өтуіме, оқуымның 3 жылдық қаржысын төлеп берген Тимур ағайға рахметімді айтамын. Сонымен қатар, грантқа ауысуыма көмектескен мұғалімдерге, Құралай Белдебайқызына және де кураторым Қуатбек Беркінбайұлына алғыс айтқым келеді. Грантқа ауысқанымды хабарлаған кезде өте қатты қуандым, ата-анам да қатты қуанды. Біздің отбасымыз үшін бұл жағдай өте бір керемет оқиға болды. Мейірімді жандар көбейе берсін» дейді студент.

Серік Шапхатұлы басшылық ететін колледж 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Алғашында  Заң, экономика және нанотехнология колледжі деп аталып, 2014 жылдан бастап Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі деген атауға ие болды.

Соңғы 8 жыл жұмыс істеу барысында Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі 1100-ге жуық маманды экономика, радиоэлектроника және байланыс, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, ақпараттық жүйелер, құқықтану және аударма ісі, экономика және бизнес салалары бойынша үздік мамандарды даярлап шыққан.