Саясат • 21 Мамыр, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады

2771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру жөніндегі үкіметтік жұмыс тобының қызметі туралы мәлімделді.  

Нұрсұлтан Назарбаев Бердібек Сапарбаевтың министрлік алдына қойылған міндеттерді шешу үшін мол тәжірибесі мен басқару машығы бар екенін атап өтті. 

– Тәжірибеңіз көп. Маңызды жұмыстарды атқардыңыз. Үш облысты басқардыңыз. Жақсы жұмыс істедіңіз. Көп сала бойынша Ақтөбе облысының көрсеткіштерін көтердіңіз. Сіз министрлікке осы саладағы жұмыстарды жақсарту үшін тағайындалдыңыз. Тәжірибелі азамат керек болды. Халқымыздың игілігі үшін белгіленген мәселелердің бәрін шешу қажет, – деді Елбасы.

Бердібек Сапарбаев Нұрсұлтан Назарбаевқа министрлік тарапынан қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған жаңа әлеуметтік шараларды жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мұқтаж адамдарға көмек көрсету үдерісіне тиісті бақылау жасаудың қажеттігін атап өтті.

– Қазір әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат мемлекет табысының жартысына жуығын құрайды. Барлық жұмысты жүйелендіру қажет. Ең алдымен, азаматтарымыз жұмыс орындарымен қамтылуға тиіс. Әрине, белгілі бір жағдайларға байланысты жұмыс істей алмайтындар бар. Біз соларға көмектесуіміз керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Б. Сапарбаев өңірлерде тұрғын үй мәселелерін шешу және ерекше қамқорлыққа мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидатын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлермен бірге қолға алынып жатқан шаралар туралы айтты. Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, көші-қон және көп балалы отбасылар мен оралмандарға қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, белгіленген міндеттерді тиімді шешу қажеттігін атап өтті.