Баламайсаң
Сенбі, 25 мамыр 2013 2:48
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қаншама архивтің шаңы қағылып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз қайта түгенделе бастады. Бұл, әрине, сөз жоқ, Тәуелсіздік жемісі.
Дегенмен, тамырын тереңге тартқан тарихымызды азғана уақыт ішінде түгендеу де мүмкін емес. Сол тарихи тұлғаларымыздың бірі әлі күнге ғұмыр кешкен кезеңі анықталмай, күйлері халық санасынан сызылып бара жатқан күй кептері – Баламайсаң Дауылұлы болатын. Қоңыр дала құшағында жатқан күйші туралы жалпы жазылып жүргенмен, оның шығармашылығы халық арасында кеңінен насихатталмай келеді.
Сенбі, 25 мамыр 2013 2:48
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қаншама архивтің шаңы қағылып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз қайта түгенделе бастады. Бұл, әрине, сөз жоқ, Тәуелсіздік жемісі.
Дегенмен, тамырын тереңге тартқан тарихымызды азғана уақыт ішінде түгендеу де мүмкін емес. Сол тарихи тұлғаларымыздың бірі әлі күнге ғұмыр кешкен кезеңі анықталмай, күйлері халық санасынан сызылып бара жатқан күй кептері – Баламайсаң Дауылұлы болатын. Қоңыр дала құшағында жатқан күйші туралы жалпы жазылып жүргенмен, оның шығармашылығы халық арасында кеңінен насихатталмай келеді.
Жалпы, күйші туралы өлкетанушылардың халық арасынан жазып алған пікірлері жинақталып, жазылып жүр. Бірақ, тарих толқынына тұжырым жасау да мүмкін емес. Сондықтан да болар күйші Баламайсаң (Байсан, Бала Байсан) туралы пікірлер жиынтығы да бір арнада еместей көрінеді. Ендеше, қал-қадерімізше күйші туралы жиып-терген мағлұматтарымызбен бөлісе отырайық.
Сонымен, Қазақстан ұлттық энциклопедиясының екінші томындағы Тұмат Мерғалиевтің мәліметіне қарағанда, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген Баламайсаң Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. Оның «Мұңды қыз», «Науан», «Кербез Ақжелең», «Қыз Ақжелең», «Салауат», т.б. күйлері халық арасына тараған. Күйшінің туындыларын бізге жеткізушінің бірі – домбырашы М.Құсайынов болса, оларды Қ.Ахмедияров, А.Тоқтағанов, Р.Тәжібаев, т.б. күйші-домбырашылар орындап, бүгінге жеткізіпті. Мәңгілік мекені Елтайдың қырындағы «Жанай-Сағыр» күздігі маңында жатқан Баламайсаң күйші туралы академик Ахмет Жұбанов өзінің қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосына арналған «Ғасырлар пернесі» атты кітабында: «Құрманғазы өзіне бата берген ұстазы Ұзақпен бірге ел кезіп, домбыра тартыстың небір базарларында болып жүреді. Бөкей өңірінде аттары жайылған домбырашылар Соқыр Ещан, Шеркеш, Жаппас, Байжұма, Байбақты Баламайсаңның күйлерін үйреніп, жүрген жерлерінде олардың неше бір варианттарын естіп, бірінен-бірі сұлу күйлерді репертуарына енгізе береді», – деуі күй кептерінің заманында осал болмағандығын, қазақ өнерін насихаттаушылардың бірі болғанын дәлелдей түседі. Бұл әрине, кітапханадағы сарғайған кітаптардың шаңын қағып қарағандағы тапқан мәліметтеріміздің бір деректері.
Ендеше, осы күйші туралы өлке тарихына құлақ түрушілер, өнер жолында жүрген бүгінгілер не дейді екен. Осы сұрақтардың желісімен Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында тұратын ақын Сағынтай Бисенғалиевқа хабарласқанымызда бізге күй атасын таниды деп осы ауданға қарасты Мерген ауылының тұрғыны, 12 күй, 12 әннің авторы күйші-сазгер Аманғали Қайсағалиевтің мекен-жайын меңзеді. Сол ізбен 71 жастағы күйшімен телефон арқылы байланысқа шыққанымызда: «Баламайсаң бұл батыс өңіріндегі күйшілердің атасы делінеді. Өйткені, жас кезімізде қарттар алдымен Баламайсаңның, сосын Соқыр Есжанның күйін тартқызатын. Оның алдына ешкімнің күйін салдырмайтын. Ал көнекөздерден бізге жеткен мәліметтердің біріне тоқталсам, бірде Баламайсаң үлкейген шағында жанында замандасы бар «бұл неткен дарынды бала» деп 17 жасар Құрманғазыны «Сарыкөл-Самар» деген жерге арнайы іздеп келеді. Шамасы жас күйшінің атағы шыға бастаған шағы болу керек. Таныстықтан соң Құрманғазы өзі отырған жер атауымен «Сарыкөл-Самар» деген күй шығарып, тартып беріпті. Тағы бір әңгімеде Бөкей ордасында үлкен той өтіп, оған Баламайсаң келеді. Ән айтылып, күй тартылады. Бірақ, халық қарттың күйін тыңдағысы келгенмен, үлкен кісіге батып айта алмаса керек. Ақыры елдің өтініші қарттардың айтуымен күйшінің құлағына жетіп, сол жерде ол кісі домбырасын қолына алып күмбірлете жөнеледі. Күй тартылыстан соң мұның аты «Дүниеғапыл» депті. Сонда қарт 81 жаста екен дейді», – деп күйші туралы білмегімізді байыта түсті.
Аманғали ағамыз Баламайсаң күйлерін бізге жеткізушілердің бірі ретінде Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, №10 ауылына қарасты «Қамыс-Самар» жерінде 1902-1996 жылы кедей отбасында туған Қали Жантілеуовті айтады. Бұл туралы А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «… Ол сонымен қатар, «Баламайсаң», «Науан» сияқты кантиленалы (әндеткен) күйлерді де сызылтып орындайды. Оң қолдың шынтағын көтеріп жіберіп, домбыраның дауысын дүр еткізетін Құрманғазының ойнау техникасын да Оқап пен Қали алып келді, Қали – республиканың халық артисі», – дейді. Шынында да Қ.Жантілеуов 1996 жылы өмірден өтсе, оның ұстазы Мәмен 1932 жылы бақилық болған екен. Оны айтып отырған себебіміз Құрманғазы күйін осы Мәмен, одан Қали Жантілеуов беріге таратады. Егер осы арада Баламайсаң өмір сүрсе, оның жастық шағы, күйлері неге айтылмайды. Сондықтан да күйші А.Қайсағалиевтің: «Баламайсаң тым әріде өмір сүрген, ол туралы мәліметтің жұтаңдығы да осында», деуінің де жаны бар.
Ал біздің өңірдегі ел аузынан тараған әңгіме өзгешелеу. Мысалы, жергілікті азамат Ж.Жұлқаров аудандық газетте жарияланған мақаласында: «Ауданға күйші-композитор Баламайсаңды іздеп екі рет Алматыдан тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиев келді. Мен ғалымды ауданда Баламайсаң туралы білетін Аяпбергенов Қарпаш пен Сапаров Шамұратқа кездестірдім.
Бұл кездесулерден бір ғана қысқа әңгіме қозғайын. Ескертетін жай, ертеде той көп, бірі шақырумен барса, бірі іздеп барады, өнерін көрсеткісі келеді. Бір белгілі байдың тойында күйшілер сайысына екі киіз үй тігіп, бірінде күйшілер, екіншісінде қазылар алқасы отырады. Орындаушыларды баға берушілер көрмеу керек. Оларға ортақ тапсырма: рет санын ауыстырмау, бір күйші үш күй орындайды бірі өз күйі, екіншісі, ортақ қазылар алқасы ұсынады, үшінші күй ерікті. Күй орындалып болған соң қазылар алқасы күйшілерді жинап рет санымен бағасын хабарлайды. Аты-жөні белгісіз. Қорытынды бойынша бірінші орынды Баламайсан, екінші орын Құрманғазыға тиіпті. Бірінші орынға кілем жапқан нар, екінші орынға арғымақ. Бірақ, Баламайсан: «Мен орным мен сыйлығымды Құрманғазы ағамызға ұсынамын», – депті. Кезегінде Құрманғазы арғымақты Баламайсаңның алдына тартыпты. Мұндай әңгіме өте көп, бірақ күйшілер де бірнеше тойға бармай ма, сондықтан әртүрлі болуы да заңдылық», – дейді.
Енді өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің «Баламайсаң» атты еңбегіне тоқталсақ, онда былай делінеді: «Баламайсаңның туа бастағы ныспысы Байсан, ата-тек шежіресінде де солай тарқатылып, аталады. Баламайсаңның барлық ғұмыры Атырау облысының Индер ауданындағы Толыбай құмы, Жұлдызшағыл, Қосшағыл. Бірер сөзбен айтқанда Шолан тауының етегіндегі ірілі-ұсақты қоныстар. «Мүрдесі осы өңірдегі «Жанай-Сағыр» және «Қатын шағыл» аралықтарындағы қоңыр төбеде еді», – дейді қазірде Атырау қаласындағы Құрсай ауылында тұратын Балғаным Елеусінқызы», дей келе шежіреші Ғинаят Жұмашевтің еңбегіне сілтеме жасап, руы беріш, оның жайық аталығы, шұбар бөлімінен деп таратады да ел іші естіген әңгімелері мен ұрпақтарының айтқанын алға тартып, Баламайсаң 1835 жылы туып, 1905 жылдары дүние салған деп болжам жасайды.
Ел аузындағы тағы бір әңгімеде «Баламайсаңды Жәңгірхан шақырып алып, күй тартқызған. Күйіне разы болған хан «бала майсаңдатады екенсің» депті. Байсаң аты содан бері Баламайсаң аталып кетіпті» деген де бар. Бұл сөзге де мән беріп қарасақ Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның ұлы Жәңгір хан 1801-1845 жылдардағы Бөкей ордасының соңғы ханы. Егер Баламайсаңды 1835 жылы туған десек Жәңгірдің қабылдауындағы бала нешеде болғаны?
Тағы бір дерекке көз жүгірте отырсақ, өнертанушы Қажымұрат Қыдырбайұлының 1852-1920 жылдары Қызылқоға өңірінде өмір сүрген күйші Есбай Балұста туралы «Есбай» атты кітабында: «Есбай батысқазақстандық күйші-композиторлар Түркеш Қалқаұлының (1832-1875), Қазанғап Тілепбергенұлы (1854-1921) мен Абыл Тарақұлының (1820-1892) замандасы, солармен үзеңгілес өмір сүрген тарланбоздардың бірі», – деп жазады. Алайда өнер адамдары бірін-бірі іздеп, сауық-сайран құрып жүретінін ескерсек бұл жерде Баламайсаң тағы көрінбейді. Тіпті, Түркеш Жаңақала өңірінен Қызылқоға ауданына қарай барғаны туралы ел арасында әңгімелер бар. Сонда осы жолдың кіндігінде отырған Баламайсаңға соқпай кетуі мүмкін бе? Тіпті, осы күйшілердің бірде-бірінің аузына ілінбейді. Бұл арада кездеспеуіне қарағанда, Баламайсаңның шын мәнінде 1700 жылдың аяғы мен 1800 жылдың бас жағында өмір сүргені расқа келетіндей ме?
Осы жерде «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» топтамасынан үзінді келтіре кетсек: «Байбақты Баламайсаң – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген әйгілі күйші. Сазгерлік өнері Ұзақ, Байжұма, Жантөре, Арынғазы, Боғда сияқты күйшілермен тұстас Баламайсаң шығармашылығында «Кербез Ақжелең», «Ілме Ақжелең», «Қыз Ақжелең» сияқты Ақжелең күйлері халық арасынан кеңінен орын алған». Міне, бұл мәліметке қалай ден қоймассың.
Үлкендердің бағыт сілтеуімен бір топ азаматтар 2003 жылы күйші жатқан «Жанай-Сағырдағы» қоңыр төбеге белгі қойып, бүгінгі ұрпақ бір тарихи тұлғасын тапқандай еді. Алайда мұның шын мәнісінде Баламайсаң зираты екені ғылыми дәлелденбегені туралы да ел ішінде әңгіме бар. Сол ма, басқа ма? Сондықтан бұл да ойландырмай қоймайды.
Қалай дегенде де біздің ұсынысымыз бойынша аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің қолдауымен ауданда алғаш рет күйші атында сайыс өтті. Енді облыс бойынша өткізбек ой да бар. Бір анығы қай ғасырда ғұмыр кешсе де Баламайсаңның қазақ өнеріне қосқан үлесі зор екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Жанай АМАНТУРЛИН.
аудандық «Дендер» газетінің
бас редакторы.
Атырау облысы,
Индер ауданы.