Үкімет • 22 Мамыр, 2019

Өңірлерге жүктелген міндеттер – басты назарда

845 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру жұмыстары баяндалды.

Өңірлерге жүктелген  міндеттер – басты назарда
183 жоба іске қосылды

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі келтірген деректер бойынша, елі­мізде қазіргі таңда 12 арна­йы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ бар. Министр Роман Скляр бар­лық арнайы экономикалық ай­­мақ инфрақұрылымының құ­­ры­лысына кеткен бюджет шы­ғындары 314,3 млрд тең­гені құ­райтынын, бұл ретте тар­тыл­ған инвестиция көлемі 910 млрд теңге екенін айтты. 

− Арнайы экономикалық аймақ­тардың аумағында бар­лығы 183 жоба іске қосылды. Олар­дың ішінде шетелдің қаты­сумен 46 жоба іске асып, 15,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылды, – деді Р.Скляр. 

Оның айтуынша, ин­дуст­рия­­­лық аймақтарда инвес­ти­­­ция көлемі шамамен 183 млрд теңгені құрайтын 168 өн­діріс іске қосылды. Сондай-ақ 8,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Биыл шамамен 1200 жаңа жұмыс орнына арналған құны 160 млрд теңгеден асатын 36 жоба іске қосылады деп жос­парлануда. 2021 жылға қарай АЭА аумақтарында 2 трлн тең­геден асатын сомаға 147 жо­ба іске асырылатын болады. Ин­дустриялық аймақтардың аумағында 2021 жылға қарай 520 млрд теңге сомаға 173 жоба қолға алынбақ. Олардың ішінде ағымдағы жылы жалпы сомасы 163 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылатын болады.

Энергетика вице-министрі Ә.Мағауов өз кезегінде «Ұлт­тық индустриялық мұнай-хи­­мия технопаркі» АЭА да­мы­ту туралы баяндады. Оның ай­туын­ша, арнайы эконо­микалық аймақты іске қосқан сәттен бас­тап 10,1 млрд теңге­нің өнімі өндірілді, 2 600 жұ­мыс орны құрылды.

Үкімет отырысында белгілі бол­ғандай, іске асырылып жат­қан негізгі жобалар – полип­ропилен мен полиэтилен өн­ді­рісі. Оның жалпы құны 9 млрд АҚШ долларын құрайды. Осы екі жобаның ІЖӨ-дегі үлесі 1,5 па­йыз. Арнайы экономикалық ай­мақта бұдан өзге жеке инвес­тор­лардың полиэтилентерефталат, метанол және циклогексан өндірісі жобаларын іске асыруы күтілуде. 

Арнайы экономикалық ай­­мақ­тардың жұмысындағы «Са­мұрық-Қазына» қорының жұ­мысы туралы «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Ә.Пірметов баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылы қазан айында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА ин­фр­а­құрылымының барлық 68 нысаны пайдалануға берілді, 2015 жылы шілдеде «Қорғас» АЭА Құрғақ порты пайдаланыла бастады. 2015 жылдың 29 шілдесінен бастап 2019 жыл­дың 1 мамыры аралығында құр­­лық портында ЖФЭ (жиырма футтық эквивалентті) 317,4 мың контейнер өңделді. 

Премьер-Министр А.Ма­мин негізгі баяндамаларды тың­­дағаннан кейін дайын инф­ра­құрылымы мен түр­лі жеңіл­діктері бар арна­йы эконо­ми­калық және индуст­риялық ай­мақ­тар – жеке инвестициялар тар­туға арналған тиімді алаң екенін айтты. 

– Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды бас­қаруда Нұр-Сұлтан, Шым­кент қалалары, Алматы және Пав­лодар облыстары әкім­дікт­­ерінің оң тәжірибесі бар. Мә­­селен, «Оңтүстікте» 1 бюд­жеттік теңгеге 15,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Өз ке­зегінде, «Оңтүстік» ИА аума­ғы толықтай игерілген. 38,6 млрд теңгеге 55 жоба іске қо­сыл­ған. «Павлодар» АЭА-да 1 бюджеттік теңгеге 12 тең­ге­ден астам инвестиция тартылды. «Астана – жаңа қала» АЭА-да бүкіл жұмыс істеген өн­дірістің көлемі 1,4 трлн тең­ге­ден астам болып отыр. 2018 жы­лы «Қорғас – Шығыс қақ­пасы» АЭА-да 9,3 млрд тең­ге­­ден астам жеке инвестиция­лар игерілді, – деді Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, бұл ба­ғыт­та жүйелі негізде жаңа жобалар мен инвестицияларды тарту жұмыстарын жүргізіп, жұмыс орындарын құру қажет. Ол үшін өңірлерге АЭА мен ИА-ға табысты халықаралық тәжірибелері бар кәсіптік бас­қарушы компанияларды тар­ту қажет қадам. Премьер-Ми­нис­тр аймақтарды басқару мен жұмыс тиімділігін артты­ру мақсатында сәтті және перс­пек­тивалық аймақтарды басым­дықпен қаржыландыру бойын­ша критерийлерді әзірлеуді тап­сырды. 

– Өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктері АЭА-ға жобалар­ды қосу кезінде жоғары қо­сыл­­ған құны мен экспортқа бағ­­дар­ланған өндірістерге ба­са на­зар аудару қажет. Жеке ин­вести­циялар ағымын одан әрі қамтамасыз ету үшін жұмысты «бір терезе» қағидасы бойын­ша ұйымдастыру керек, – деді А.Мамин. Тақырыпты қоры­тындылау барысында Премьер-Министр үшжылдық мерзімге жекелеген АЭА және ИА дамыту стратегияларын әзірлеуді тапсырды.

Жазғы демалысқа жоспар көп

Үкімет үйінде талқы­ланған екінші мәселе – жаз­ғы демалыс кезінде балалар­дың сауықтыру демалысын, бос уа­қы­тын және іспен шұ­ғыл­дануын ұйымдастыру жұмыс­тары. Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова биыл мектептердің жанында 11 мың лагерь жұмыс істейтінін айтты. 

– Лагерьлердегі демалыс­пен әлеуметтік аз қамтамасыз етіл­ген отбасылардың бала­лары­ның 80 пайызын, айрықша бі­лім қажеттілігіне мұқтаж бала­лардың 82 пайызын және түрлі салада жетістікке жеткен, девиантты тәрбиедегі балалардың 90 пайызын қамту көзделуде, – деді министр. 

Бұдан бөлек, оқушылардың 61 пайызы түрлі олимпиадалық резерв жазғы мектептері мен тіл мектептеріне, активис­тер мен көшбасшылардың мектеп­тері­не қабылданатын болады. К.Шәмшидинова жазғы дема­лысты ұйымдастыруға қо­сым­ша демеушілер ресурсы да тартылатынын айтты.

– Былтыр экономиканың түр­лі салаларындағы компания­лар мен жеке кәсіпкерлер осы шараға атсалысып, 504 млн теңгеге 4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Биыл да бұл шара жалғасын табады, – деді Білім және ғылым министрі.
Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі тарапынан туристік және санаторий-курорттық ұйымдарды жандандыру, қазақстандық жоғары оқу орындары жанынан жазғы академиялық мектептер ашу, балалардың «Менің Ота­ным – Қазақстан» атты мәде­ни, тарихи, археологиялық ескерт­кіштерді зерттеуге бағытталған тақырыптық жорықтарға көп­теп қатысуын қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерьлер желісін дамыту ұсынылды. 

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова жоғары оқу орындары жанынан жазғы ака­де­миялық мектептерді ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

– Джон Хопкинс универ­си­тетінде жылына 10 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы жазғы демалыстарын өткізеді. Жүздеген тақырыптарды зерделеп, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Осы лагерьден өткен жастардың ішінен 37 Нобель лауреаты шыққан. Соң­­ғы жылдары еліміздегі Назар­баев Университеті, ҚБТУ, AlmaU да жазғы мектеп­тер ұйым­дастырып жүр. Биыл рес­­­публикадағы басқа да жо­ғары оқу орындары жаны­нан жазғы академиялық мек­теп­терді ашу балаларды демалыс­пен қамтумен қатар, олардың біліктілік деңгейін жоғарылатар еді, – деді министр.

Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлы жазғы демалыс кезеңін балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және іспен шұғылдануын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, каникул кезінде жыл сайын тәр­бие­­лік, патриоттық және эстети­ка­лық сипаттағы әртүрлі іс-ша­ра­лар кешені өткізіледі. Рес­пуб­­ликаның барлық кітап­ха­на­ларында «әдеби ертең­гі­л­іктер» өткізу, музейлер мен му­зей-қорықтарда белгілі қа­зақ­­стандық суретшілер, мүсін­­­шілер, өлкетанушылар, архео­­логтардың қатысуымен тегін тарихи-өлкетанулық және та­ным­дық экскурсиялар, түр­лі плен­­эрлер өткізу, қалалар мен облыс орталықтарында «Book­Crossing» акциясын өт­кізу, барлық ауылдық ок­руг­терде «жылжымалы кітап­ха­на­­ларды» ұйымдастыру жоспар­ланған. 

Балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спорттың дамуы туралы баяндай келіп, А.Мұхамедиұлы дене шы­нық­тырумен және спортпен мектеп жасындағы 1,8 млн бала, соның ішінде ауылдық жерлерден 816 мыңнан астам бала қамтылғанын жеткізді. Сонымен қатар келер жылдан бастап барлық өңірлерде тегін «Балалар туристік пойы­зын» іске қосу жоспарланып отыр екен. Басымдық әлеу­­меттік осал отбасылар­дан шық­қан балаларға, білім беру жа­рыстарының жеңім­паздарына, үздік оқушыларға т.б. беріледі.

Талқыланған тақырыпты қоры­тындылау барысында А.Ма­мин өңірлерде жаз мез­гілін­де балалардың демалысы мен бос уақытын тиісті дең­гейде ұйым­дастыру шараларын дереу қабылдауды тапсырды.

– Балалар каникул кезінде му­зейлерге, театрларға, қо­рық­­тарға, ұлттық парктерге, спорт нысандарына тегін кіруі керек. Тақырыптық кездесулер, іс-шаралар, сапарлар ұйымдастыру қажет, – деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ Премьер-Министр жазғы демалыс шараларын ұйымдастыру ая­сында балалардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етудің маңыз­ды­лығына тоқталып, ішкі іс­тер, білім беру, ден­сау­лық сақтау органдарына, өңір­лердің әкімдіктеріне тиіс­ті қыз­меттердің жұмысын жұмыл­ды­руды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51