Аймақтар • 22 Мамыр, 2019

Оралда Сенат комитетінің көшпелі отырысы өтті

875 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселесін қарау бойынша көшпелі отырысы өтті.

Оралда Сенат комитетінің көшпелі отырысы өтті

Көшпелі отырысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова жүргізіп, жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, сенаторлар және жергілікті кәсіпорын-мекеме басшылары қатысты.

- Біздің комитеттің көшпелі отырысын осы жерде өткізуге барлық жағдай жасаған өңір басшысы Алтай Көлгіновке алғыс айтамыз. Сенат депутаттары Серік Бектұрғанов, Мұрат Бақтиярұлы, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Нариман Төреғалиев, Ерболат Мұқаев, Ғұмар Дүйсембаев екі топқа бөлініп, Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болдық. Ақ Жайық өлкесіне келген бірнеше күн ішінде біз жергілікті кәсіпорындарды араладық, еңбек ұжымдарымен кездестік. Бүгін ғана Қарашығанақ кенішінде болып, кәсіподақ өкілдерімен жүздестік. Бөрлідегі орта буын мамандар даярлайтын кәсіптік лицей жұмысымен таныстық. Әрине, тозығы жеткен ғимарат моральдық тұрғыда ескірген және шұғыл күрделі жөндеуді қажет етеді. Соған қарамастан колледж ұжымы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отыр. Сенаторлар еліміздің қорғаныс мекемелеріне арналған кемелер мен шағын кемелер шығаратын Оралдағы «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамында болды, еңбек ұжымымен кездесті, зауыттың қызметімен танысты. Мұның бәрі біздің нақты ахуалды білуіміз үшін өте маңызды болды. Бұл сапарымыз Президент берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында және Сенаттың іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп отыр. Елбасы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде «Біздің жұмыстың негізгі басымдығы халықтың әл-ауқаты өсуін қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру болуы тиіс» деген болатын. Сондықтан бүгінгі таңда еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек адамдарын қорғау – аса маңызды мәселенің бірі. Тұңғыш Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында 2018 жылы Парламент Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Шындығында еңбек заңнамасын жетілдіру – жұмыс берушілердің де, қызметкерлердің де құқығын тең қозғайтын, бәріне тең кәсіби көзқарасты талап ететін процесс. Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғауды ұйымдастыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, ұжымдық шарттардың болуы, кәсіподақтардың жұмысы, ұжымда еңбек заңнамасы сақталуын бақылайтын қызметкердің болуы, әлеуметтік-еңбек қатынастарын цифрландыру секілді маңызды мәселелерге ерекше назар аударуымыз керек, - деді өз сөзінде Бірғаным Сарықызы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өз сөзінде жыл сайын жер бетінде өндірістік жарақат салдарынан 3 млн адам өмірімен қоштасып, 400 млн адам түрлі жарақат алатынына тоқталды. Сондықтан өңірде қызметкерлердің кәсіби дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Таяудағы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысындағы 36 колледж бен 4 ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын нығайту қолға алынбақ.

- Елімізде 2017 жылдан бері «Барлық адамдар үшін еркін кәсіптік білім беру» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында жыл сайын Ақ Жайық өңірінде 800-дей адам жаңа мамандық игереді. Биыл да колледждерде 800-дей адамды оқытып, 2 мыңдай адамды қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өткізу жоспарланған. Екіншіден, облыста ұзақ мерзімді, сапалы жұмыс орындарын ашу ерекше назарда. Облыста экономикалық белсенді халық саны – 337 404 адам. 2019 жылы 25 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. «Жастар тәжірибесі» бойынша 1500 түлекті қамту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 500 маман жұмысқа орналасуға жолдама алды. Былтыр 508 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша елге барып, 304 млн теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы алды. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1000-нан аса жас еңбекпен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да еңбекке араласуын әрдайым қолдап отырамыз. «Бизнес-бастау» жобасына сәйкес жыл сайын жүздеген адам оқып, кәсібін бастайды. Биылдың өзінде 561 адам курстан өтіп, 543 адамға 100 АЕК көлемінде грант беру жоспарланды, - дейді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет «Отбасы-бизнес» бағдарламасы жүзеге аспақ. Ол Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүргізіледі. Жоба бойынша көп балалы және аз қамтылған отбасылардан жалпы саны 1200 адамға кәсіпкерлік кеңес беріледі. 200 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант беру жоспарланған.

Көшпелі отырыс кезінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов сөз алып, жаңа еңбек кодексі, жаңа еңбек стандартарын енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, «Жайық Мұнай» ЖШС бас директоры Жомарт Даркеев, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қатауолла Ашығалиев, сенатор Нариман Төреғалиев сөз сөйлеп, көтерілген тақырып бойынша нақты мәселелерге тоқталды. Отырыста Еңбек кодексіне ірі жеке кәсіпорындардың ұжымдық шартын міндетті түрде жасау туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ жұмыспен қамту бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы бір-бірінің қызметінің қайталамауы ұсынылатын болды.

Көшпелі отырысты қорытындылаған Бірғаным Әйтімова Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады» деген сөзіне жиналғандардың назарын тағы да аудартты.

22 мамырда сенаторлар өңірдің бірқатар әлеуметтік-мәдени, білім беру нысандарын аралайды.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Батыс Қазақстан