Аймақтар • 22 Мамыр, 2019

Әлемнің үздік садақшылары елордада бас қосады

958 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Nur-Sultan Ethno Fest фестивалі аясында елордада «Алтын жебе» атты садақ атудан І Әлем чемпионаты өтеді деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Әлемнің үздік садақшылары елордада бас қосады

Чемпионатқа әлемнің 20 елінен ең мықты садақшылар қатысады. Жарыс «Азия стилі», «Түрік стилі» және «Жамбы ату» ережелері бойынша өтеді. 

Елорда тұрғындары мен қонақтары 1 маусымда сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін, сондай-ақ 2 маусымда сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін және 15:30-дан 18:30-ға дейін садақшылардың өнерін тамашалай алады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі сол күні сағат 19:00-де өтеді. 

«31 мамырдан 2 маусымға дейін елордада алғаш рет Nur-Sultan Ethno Fest этномәдени мерекесі өтеді. «Хан-Шатыр» СОО жанындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, жылқы мен құстардың көрмесі өтеді. Келушілер өздерін қыш өнерінде сынай алады. Этноауыл келушілер үшін сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ашық болады», – делінген елорданың мәдениет және спорт басқармасының хабарламасында. 

Сонымен қатар, 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Nur-Sultan Ethno Fest аумағында балалар аттракциондары жұмыс істейтін болады. Фестивальдің кішкентай қонақтары астаналық қуыршақтар театрының үздік қойылымдарын тегін тамашалап, ат үстінде серуендеп, асық пен лянгада ойнап, отбасылық эстафетаға қатыса алады.

 Nur-Sultan Ethno Fest фестивалінің ресми ашылуы 31 мамырда сағат 19:00-де өтеді.