Олардың сөзіне қарағанда, әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін сайлау комиссияларына тиісті әкімдіктер дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни 2019 жылғы 20 мамырда берген. Міне, осы тізімдерге сай қазір сайлаушылардың жалпы саны 11 947 995-ті құрап отыр. Ал сайлаушылар тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелерінде он бес күн ішінде өздерінің тізімде бар-жоғын біле алады. Деректерінің анық еместігіне жол берілген, тізімге енгізілмеген, дұрыс енгізілмеген немесе шығарылғандығына байланысты шағымдану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Бұдан кейін сөз алған Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина 2019 жылғы 20 мамырда сайлау учаскелеріне тиісті әкімдер қол қойған сайлаушылардың тізімдері жеткізілгенін хабарлады. Ал сайлау бюллетеньдері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 37-бабы 2-тармағына сәйкес сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервiмен сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады. Демек, 12 067 475 сайлау бюллетенін дайындау қажет.
Сонымен қатар, бюллетеньдерді қолдан жасаудан және тиісінше оларды бұрмалаудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленген. Сайлау бюллетеньдерін облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларына жеткізу арнайы байланыспен жүзеге асырылады. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін үш күннен, яғни 6 маусымнан ерте емес және сайлауға дейін бір күннен, яғни 8 маусымнан кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз ету қажет, деді баяндамашы.
Ал «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйым байқаушысын аккредиттеудің күшін жою туралы» мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің күшін жоюды Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асыратынын айтты. Соған сәйкес ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі миссиясы хатының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы негізінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі миссиясының байқаушысы Александр Джон Фолксты аккредиттеудің күшін жою және куәлігін кері қайтарып алу туралы қаулы қабылданған.
Міне, осыған байланысты байқаушылар тізімінен «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі миссиясы» бөлімінде реттік нөмірі 40 «7. Alexander Jonh Folkes» деген жол алынып тасталған.
Бұдан әрі Зәуреш Баймолдина халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы айта келіп, Сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссияның байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар (43) түскенін жеткізді. Сонымен қатар Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарының өкілдері болып табылатын 16 байқаушы ұсынылғанын көлденең тартты. Барлығы 59 байқаушы аккредиттеуге ұсынылып отыр екен. Аккредиттеуге ұсынымдардың түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылады, дейді З.Баймолдина. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жүзеге асырады.