Метрология – өлшеу бірлігін қамтамасыз ететін әдістер мен құралдар және керекті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. Қазақстанның Үшінші жаңғыруы, Индустрияландыру бағдарламасы сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру метрологияның көмегінсіз мүмкін емес. Өйткені өлшемдер ғылыми ақпарат көзі ретінде ғана емес, материалдық ресурстарда, ішкі және сыртқы саудада, өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігін және технологияларды қамтамасыз етуде қолданылады. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті метрология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мен шешудің жолдарын қарастыру мақсатында жыл сайын еліміздегі метрологтердің басын қосып келеді. Сондай-ақ жас мамандарды ынталандыруға арналған «Үздік жас метролог» және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Үздік өлшеу құралы» байқауы өтіп келеді.
«Қазақстан метрология институты» РМК ұйымдастырған бұл жолғы жиынға жиналған жастардың қатары көп болды. «Қазақстан метрология институты» РМК бас директоры Тоқтабек Тоқанов семинардың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі студенттердің қатысуымен өтіп жатқанына ерекше маңыз берді. «Бүгінгі мейрамның осы университетте ұйымдастырылуында мән бар. Біз бұрыннан ЖОО түлектерімен тығыз байланыста болып, оларды жұмысқа орналастырып, метрология мамандығын кеңейтуге атсалысып келеміз. Биылғы Жастар жылының жариялануы бұл жұмысымызды еселей түсті. Яғни бүгін осы салада білім алып жатқан жастармен жүздесуге мүмкіндік туып отыр. Біздің институт тек қана қатысушы емес, жас метрологтердің біліктілігін арттыруға, студенттердің тәжірибеден өтуіне жол ашып келеді. Сондықтан да студенттер мен магистранттар жыл сайын өтетін «Үздік жас метролог» байқауына қатысады», деген Т.Тоқанов еліміздегі бірден-бір метрология саласында қызмет ететін мекеменің мүмкіндіктерімен, жетістіктерімен таныстырды.
«ЕҰУ-де метрология мамандығы бойынша білім беру 2010 жылы басталды. 2017 жылы «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы «Стандарттау және сертификаттау», «Метрология» болып жеке-жеке мамандық ретінде түлектер қабылдады. Кафедрада техника ғылымдарының докторлары, кандидаттары мен магистранттары бар. Соңғы жылдары арнайы шақырылған шетелдік профессорлар да сабақ беріп келеді. Студенттеріміз «Үздік жас метролог» байқауында талай рет топ жарып шықты», деді семинарда сөз алған Стандарттау және сертификаттау кафедрасының меңгерушісі, профессор Бақытгүл Байхожаева. Алайда бакалавриат түлектерінің біліктілігін арттыруда атқарылар жұмыстың көп екеніне тоқталған техника ғылымдарының докторы Б.Байхожаева тәжірибеге бағытталған пәндерді енгізудің маңызын атап өтті.
Семинар соңында «Үздік жас метролог – 2019» және «Үздік өлшеу құралы – 2019» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»