«Астана экономикалық форумы» аясында мұнайлы өңір мен қаржы орталығы бірлесіп «Global Silk Road Mangystau invest-2019» халықаралық форумын өткізді. Нәтижесінде Маңғыстау облысы алғаш болып «Астана халықаралық қаржы орталығымен» меморандумға қол қойды. Осылайша, облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов жаңа меморандум аясында жан-жақты келісімге келді. Форум барысында кәсіпкерлермен құны 230 млн АҚШ долларын құрайтын екі инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде уағдаластық жасалды.
Өңірлерге инвестиция тартудың жаңа моделі ретінде биыл «Астана экономикалық форумының» аясында «өңір қонақ» жаңа жүйесі енгізіліп, оған алғаш болып Маңғыстау облысы таңдалды. Бұл жүйенің басты мақсаты – өңірге әлемдік деңгейдегі жаңа инвесторлар мен қаржы ұйымдарын жұмылдыру.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 2019-2025 жылдарға бағытталған, 2,4 трлн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба қарастырылуда.
Оның ішінде, шет мемлекеттердің қатысуымен 2,2 триллион теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ 2019 жылы облыста 66,7 млрд теңгені құрайтын 22 жобаны, оның ішінде, құны 38,4 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны шетелдіктердің қатысумен іске қосу жоспарланып отыр.
Тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі «ЦОП«Мангистау» ЖШС базасында инвесторларға бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсетуге арналған «Фронт офис» ашты.
«Фронт офистің» басты мақсаты – инвесторлардың барлық үкіметтік және басқа ұйымдарға қатысты жұмыстарын арттыру. Мұнда әлеуетті инвестор Маңғыстау облысындағы инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдаудың ықтимал нысандары туралы және өздеріне қажетті барлық ақпаратты алады. Бүгінде облыс әкімдігі инвестициялық саясатты жүзеге асыру мақсатында, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар арасындағы өзара әрекеттесу ережелерін дайындап берді. Ережеде «фронт офистің» бүкіл жұмысы қарастырылған, деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар алдағы 5 жылда облысты дамытудың басым бағыттары – туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларында 6 инвестициялық құрылым бар. Әр саланың инвестициялық тартымдылығы орыс, ағылшын, түрік, парсы, қытай тілдеріне аударылып, жазба түрде ұсынылады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен көп функционалды логистикалық орталықтың, тұзсыздандыру зауытының, каустикалық сода мен тұз қышқылын шығаратын зауыттың, су тұшыту қондырғысының құрылысы сияқты перспективалық жобалар жүзеге асырылуда.
Ыңғайлы географиялық орналасуы, бай тарихи мұралары, теңізге шығудың қолжетімділігі, сондай-ақ негізгі туристік ағындарды тудыратын елдерге жақын болу туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Маңғыстауда туризмді дамыту үшін, 63 шақырымға созылған теңіз жағалауында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары басталып кетті.
– Өңірдің климаттық жағдайы аймаққа электр қуатының қосымша көзі үшін, күн және жел электр стансаларын салуға мүмкіндік береді. Аймақтың шуақты күндерінің ұзақтығы жылына – 300 күн. Бұл елдегі ең жақсы көрсеткіш, желдің жылдамдығы – 8,43 метр секунд. Сондықтан маңызды сектордың бірі – баламалы энергия көздерін дамыту. Бұл келешекте электр энергиясын өндірудің барлық дәстүрлі әдістерін тоқтата алатын ең перспективалы ресурстардың бірі. Бүгінгі таңда аймақта қуаты 90 МВт жел электр стансасы салынып жатыр, деді өңір басшысы.