Қоғам • 22 Мамыр, 2019

Мемлекет пен меценат тізе қосса, тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешіле ме?

1165 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам көп балалы отбасы баспанасыздар қатарында өмір сүріп жатыр екен. Олар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтылатын әлеуметтік топ санатына кіргенімен, мемлекет әлсіз қорғалған әулеттерді бірден баспаналы етуге қауқарсыз.

Мемлекет пен меценат тізе қосса, тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешіле ме?

Әрине, ниет бар. Қазір бұл мақсатқа бюджет қоржынынан 370 млрд теңге шамасында қаржы есептеліп, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтуды 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Бі­рақ бүгінгідей ғаламдағы эконо­микалық дағдарыс пен баға құ­былмалылығын болжап болмайтын кезеңде мемлекеттің бұл уәдесі орындалмай қалуы да ықтимал. Оның үстіне тұрғын үй құрылысы нарығындағы тұтыну сұранысы әлі күнге дейін сыртқы нарыққа тәуелділіктен арыла алған жоқ. Демек, отандық құ­рылыс компанияларының әлеу­меттік жеңілдігі бар санат үшін ар­зан үй салуға аса бейіл болмай отырғанын түсінуге болады. Ал мемлекет салынып жат­қан үй бағасының тұрғын­дар­ға қолжетімді болғанын қанша­лықты қалағанымен, құрылыс шығынын бюджет ақшасына субсидиялауды доғаратыны анық. Демек, еліміздегі орта­ша статистикалық өмір сүру дең­гейіндегі адам үшін жинақ­таған жеке ақшаға пәтер сатып алу мүмкіндігі жоқ деуге болады. 

Алайда көп балалы аналар­дың тұрғын үй проблемасын шешу­ге қатысты қара аспанды төндірудің де реті жоқ. Басқаша айтқанда, мемлекет шешуге үл­гермеген мәселеде отандық ме­цанаттар көмекке келуде. Оның бір дәлелін жыл басынан бері жеке қаржысына үй сатып алып, оны мұқтаж отбасыларға тарту етіп жатқан жетісулық кәсіп­керлердің игі ісінен бай­қауға болады. Қалталылардың жер­гілікті атқарушы билікпен тізе қоса қимылдап, мұқтаж жан­­­дар­дың мәселесін түбегейлі ше­шуге жасаған қадамы жайлы бұған дейін де жазғанбыз. «Жетісулықтар жақсылық жасаудан жарысып жатыр» деген сол мақаламызда қаңтар мен наурыз айы аралығында жеке кәсіп иелерінің көп балалы отбасыларға үй сатып алып бергеніне тоқталған едік. Осы ізгі дәстүр сәуір айында да тоқтаған жоқ. Баспаналы бол­ғандар қатары көбейді. Қоныс тойын тойлау мамыр айындағы мере­келердің қарсаңында да жал­ғасып, шаңырақ шаттығы әуелеп тұрды. 

Мәселен, Текелі қаласының тұрғыны Назгүл Күжекееваға жер­гілікті кәсіпкер үй сыйлады. Назгүл – «Күміс алқалы» жас ана. Бұған дейін қаланың шеткі ауданынан бір ескі үйді жалға алып тұрып келген екен. Жақында көп балалы отбасының жағдайымен танысқан Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев баспана мәселесін шешуге қол ұшын беретінін айтқан. Қала басшысы өз кезегінде іскер азаматтарға құлаққағыс жасапты. Алғашқы болып Текелідегі «АСПМК-519» серіктестігінің директоры Виктор Сычев көмек берді. Кәсіпкер Күжекеевтер отбасына қаланың ішінен 4 бөлмелі үй сыйлады.

– Текелі қаласында 415 көп балалы отбасы тұрады. Олардың ішінде 170 адам баспанаға зәру. Біз­ әлеуметтік жағынан аз қам­­тылған отбасылар мен көп бала­лы аналардың мәселесін шешуге үнемі қолдау жасап келеміз. Жақында «Күміс алқалы» ана Назгүл Күжекееваның баспаналы болу қуанышымен бөлістік. Іскер азаматтарға рахмет. Қиын­­дық туғанда қалталы азаматтар қамқор болуға әзір. Бұл – адам­дық борышымыз, – дейді Текелі қаласының әкімі Б.Өнербаев.

Ал Панфилов ауданында­ бір күнде 40 отбасы қоныс тойын тойлады. Баспаналы болған­дардың арасында көп балалы 13 отбасы бар. Кілт тапсыру салта­натында қуаныш иеле­­рін құт­тықтаған Панфилов ауданы­ның әкімі Темірлан Бектасов биыл өңірде тағы 240 пәтерден тұ­ратын 5 қабатты үй салынатынын жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көп балалы 10 отбасына үй салып бе­руді жоспарлап отырғанын айт­ты. Осы шарада 3 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жыл бойы пәтер жалдап қи­­нал­ғанын жеткізді. Рамазан айы­ның қарсаңында баспаналы бол­ған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа ай­тарым жоқ дейді. Осындай қуанышымен бөліскен 7 баланың анасы Татьяна Камурова бұл күн­ді 6 жыл күткенін айтып, қуа­ныш­тан көзіне жас алды. Жалпы жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Қазір ауданда үй кезегінде 2648 отбасы тұрған болса, оның ішінде 268 көп балалы отбасы бар екен.

Мамырдың мерекелі күнде­рі­нің қарсаңында Алматы облысы­ның Ақсу ауданында тұратын көп балалы ана Самал Қожахметова үшін күтпеген қуаныш болды. 7 баласын жетелеп жүріп өсірген ана баспаналы болды. Су жаңа үй­дің кілтін Ақсу ауданының әкі­мі Есім Базарханов салтанат­ты түрде табыс етті. Биыл Жан­сүгіров ауылының оң­түс­тік-шығысынан жаңадан 20 үй салынып, пайдалануға бе­ріле бастаған еді. «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша бой кө­тер­ген баспаналарда қазір күн сайын қоныс тойы тойлануда. Не­гізінен әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санат өкілдері мен мемлекеттік қызметшілерге беріліп жатқан үйлер жаңа үлгіде салынған. Самалға бұйырған 3 бөлмелі үйдің аумағы 68,43 шар­шы метр екен. Енді «Алтын алқалы» ананың Мадияр, Данияр, Диана, Бейбіт және Әлия, Ақбота, Жанарыс атты ұл-қыздары осы кең сарайдай үйде өсетін болды. 

– Аудандағы көп балалы от­ба­сыларға барынша қолдау көр­сетіп жатырмыз. Қазір көп балалы және әлеуметтік жағдайы тө­мен 58 отбасы үй кезегіне тір­келген. Оның ішінде үшеуі «Алтын алқа», он екеуі «Күміс ал­қа» иегерлері. Олардың да мә­се­лесін ретімен шешеміз, – дейді Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов.

Алакөл ауданында да баспана зардабын тартып жүрген көп балалы отбасылар бар. Қазір аудан­да көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен 1384 отбасы есепке алынған, олардың ішінде 165 әулет тұрғын үй кезегінде тұр екен. Жетісу кәсіпкерлерінің ізгі акциясының аясында аудандағы іскер азаматтар 6 бірдей отба­сына үй сатып алып беріп, қуа­нышқа кенелтті. Мысалы, Екпінді ауылындағы «Майқынов Е» шаруа қожалығының басшысы Ермек Майқынов ауылдасы, «Күміс алқа» иегері Қарақат Сарт­баеваға 7 бөлмелі үйді сыйға тартты. Үйі мен күйі келісіп, қуанышқа кенелген тағы екі көп балалы отбасы Қабанбай ауылынан болды. Облыстық мәслихат депутаты, «Қабанбай жолаушы тасымалы» серіктестігінің директоры Қанат Қожабеков пен Алакөл аудандық мешіті тізе қосып, екі әулетке бірден үйдің кілтін тапсырды. «Күміс алқа» иегері Светлана Ақшолақова мен Зоя Старченконың отбасы енді өз шаңырақтарында өмір сүреді. Ал «Достық – Тазалық» серіктестігінің директоры Шалқар Жақсыбаев болса Қызылащы ауы­лында тұратын мұқтаж отбасына 4 бөлмелі баспана алып берді.

Дерек бойынша, Алматы облысының қалталы азаматтары бүгінге дейін елуден астам көп балалы отбасына баспана алып беріпті. Бұл игі іс жалғаса беретіні анық. Демек, мемлекет пен меценаттар болып тізе қосса, әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған санаттағы адамдарды тұрғын үймен қамту мәселесі оң шешімін таба беретіні сөзсіз.

Алматы облысы