Отырыста «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын жүзеге асыру туралы есеп тыңдалды, сондай-ақ Қорды одан әрі трансформациялау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
– Қор ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Біз озық халықаралық тәжірибені зерделеп, осы Қорды құрдық. Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып келеді, – деді Елбасы.
Басқосу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Есімов корпоративтік орталықтардың құрылымын оңтайландыру және Қордың басқару деңгейлерін қысқарту нәтижелері туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаевқа Қор компанияларын жекешелендіру, индустриалдық-инновациялық даму және «Нұрлы жол» бағдарламаларын іске асыру барысы туралы мәлімделді. А.Есімовтың ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда Қор жалпы сомасы 8 триллион теңгені құрайтын 54 жобаны жүзеге асыруда және 68 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
- Біз Қор портфелін әртараптандыру үшін егемен қорлармен және халықаралық инвесторлармен стратегиялық серіктестік орнату мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда жалпы сомасы 13,3 миллиард долларды құрайтын екі жақты 28 келісімге қол қойылды, – деді «Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы.
Жиында, сондай-ақ, Р.Эванс, А.Мамин және ұлттық компаниялардың басшылары баяндама жасады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұлттық әл-ауқат қорының қызметі жіті бақылауында болатынын атап өтті.
– Қордық басты міндеті – активтерді көбейту, табысты арттыру және ұлттық компанияларды дамыту. Қор активтерінің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар. Жаңа басшылық жұмысының оң нәтижелерін атап өткім келеді. Қысқа мерзім ішінде қарызды азайтып, компаниялардың табысты жұмыс істеуін, қаржы құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз ете алдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы, сондай-ақ, Қордың сатып алуларды ұйымдастыру және кәсіпкерлікті қолдау саласындағы жұмысының нәтижелерін жоғары бағалады.
– Қор ішінде бір жерден сатып алу айтарлықтай қысқарып, тендерлердің көлемі артты. Олар ашық өткізілетін болды. Бүгінде жұмсалатын шығын 5 есе азайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардың сатып алу ісінде мұндай нәтиже жоқ. Міндеттер дұрыс белгіленген жағдайда қолданыстағы заң нормалары да миллиардтаған теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретінін Қор қызметі айқын көрсетіп отыр, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қордың адам ресурстарын басқару саласында қолға алып жатқан шараларына қолдау білдірді.
– Компаниялар мен кәсіпорындардың басты активі – адамдар. Жұмысқа алу рәсімінің ашық болғаны маңызды. Барлық тағайындаулар транспарентті болуға тиіс, – деді Елбасы.
Жиын қорытындысы бойынша Қордың қаржы жағдайын одан әрі жақсартуға, еліміздің тауар өндірушілерін қолдауға, «Қазақтелеком» және «Air Astana» компанияларының акцияларын IPO-ға шығаруға бағытталған шешімдер қабылданды.