Руханият • 23 Мамыр, 2019

Жан азығы

2772 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таңертеңгілік жұмысқа барайын деп жиналып жатқанымда күтпеген жерден есік қоңырауы сыңғыр ете қалды. Кім екен деген екіұшты оймен «глазоктан» сығалай қойып едім, мәссаған, ауылдан немере ағам келіп тұр...

Жан азығы

Әй, бұл жұмыс дегенді  қойсаңызшы, ә деп басталғаннан-ақ бүкіл дүниені ұмыт­тырып жібереді ғой. Күнделікті абыр-сабыр­мен­ жүріп, күннің қалай батқанын да аңда­май­ қаласың.

Шынымды айтсам, үйге немере ағамның келіп жатқаны есік алдына жеткенде бір-ақ есі­ме түсті. Сөйтіп үйге кірсем, немере ағам мәз-мей­рам. Қабағында титтей де кірбің жоқ. Өзіне өзі риза болып, күліп жүр.

– Әй, мынау «Еларна» дегенің нағыз мық­ты арна екен ғой, – дейді жымиып. – Жаңа бір күшті кино көрдім!

– Қандай кино?

– «Балалық шаққа саяхат» деп аталады екен. Міне, нағыз киноның көкесі!

– Ой, ол баяғыда түсірілген фильм ғой. Не­мене, бұрын көрмеп пе ең?

– Білмеймін. Көрсем, көрген шығармын. Бірақ дәл бүгінгідей әсер алған емеспін.

– Бәрекелде-е, сөйтіп, кешке дейін киноны азық қылдым десеңші.

– Дәл солай.

Сонсоң ол аз-кем ойланып, тағы да басын шай­қап отырып:

– Әй, осындай киноларды жиі-жиі көр­сетіп тұру керек қой, – деді. – Бөтен емес, бөг­де емес, өз-з халқымыздың өмірі. Кешегі күн­гі қазақтың қарапайым тіршілігі. Сөздері қан­дай мәнді. Мағыналы. Кейіпкерлері қан­дай сүйкімді. Жападан жалғыз отырып, әй өзім де бір күліп, бір жыладым-ау!..

Қазіргі кезде, расын айту керек қой, атыс-шабыс, қантөгіс, қырғын төбелес, қапта­ған коррупция мен мафияны көрсететін ки­но­ларға әбден тойып біттік. Оларды кө­ріп отырып, қараптан-қарап шаршайсың. Өзің­нен өзің қосүрей боласың. Айналаңдағы адам­дар­дың бәрі жауыз, жемқор, ақша үшін бас кесуден тайынбайтын қарақшы сияқты бо­лып көрінеді. Тіпті бар ғой, түнде жалғыз өзің мал қораның арт жағындағы әжетханаға ба­руға қорқасың. Әне, осының барлығы бү­гінгі жұртқа, әсіресе жастарға әсер етпейді ғой деп ойлайсың ба...

Мен енді немере ағамның өз-өзінен от ала бастағанын сездім. Айтып отырған күн­де­лікті естіп жүрген әңгіме сияқты болғаны­мен, қазақи сөз ләмі, тап-таза мақамы көңі­лім­ді үйіріп-ақ барады.

– Баяғыда-а Шер-ағаң, айналайын, ел үшін туған ер – Шерхан Мұртаза ағамыз газет­ке жазып еді ғой; бүгін экраннан көрген сұм­дықты ертең көшеден көріп жүрмейік, тоқта­тайық деп. Әне, соны бүгін басымыздан кешіп отырған жоқпыз ба...

«Иә-ә, – деп ойладым менің де жаным күй­зеліп. – Қайран Шер-ағаң айтудай-ақ айт­ты, жазудай-ақ жазды емес пе. Бірақ бұл әңгіме бүгін бітпейтін сияқты көрінеді...».

Содан соң газға шай қоя салайын, келініңіз кел­генше қайнай берсін дегенді сылтауратып, асүйге қарай бұрылдым. Бір жағы немере ағамның әлгі кинодан алған әсері мен ойын жинақтап алғанын қалап, шәугімдегі дайын суды төгіп, жаңалап құйып, сіріңке ізде­ген болып, біраз күйбеңдеп жүріп алдым.

Ол фильм, «Балалық шаққа саяхатты» айтамын, расында да тамаша өнер туындысы екендігіне дау жоқ. Бұл күнде нағыз халық жазушысы екендігін ұлы уақыттың өзі де мойындаған Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас шығармасының желісі бойын­ша түсі­рілген. Ал режиссері өнер әлеміндегі мәң­гілік жарық жұлдыз – Абдолла Қарсақбаев. Оның «Менің атым Қожа» (ол да Б.Соқпақбаевтың шығармасының желісі бойынша), «Қилы кезеңде», «Даладағы қуғын», «Алты жасар Алпамыс» атты фильмдері де ешқашан ескірмейтін туындылар.

Тек әлгі «жұлдыз» деген сөзді айтқанда, көмейіме бір түйір тас тұрып қалғандай бол­­­ғанын көрмейсіз бе. Өйткені біз бүгінде «ыршып жүріп ән салған» шегіртке секілді той­­дан-тойға асығып, «минусовкамен» өнер көрсетуді әдетке айналдырған өнерпаздарды да жұлдыз дей беретін дертке душар болдық емес пе?

Бірақ түнгі аспандағы жарық жұлдыз­дардың не жазығы бар? Біздің түсінігіміздің төмендегеніне олар кінәлі емес қой.

Кенет немере ағам менің шақыруымды күт­пей-ақ асүйге өзі кіріп келіп, үстел үс­тіндегі хрусталь вазадан бір алма алды да, та­­науына тақап  иіскеп: «Түһ, – деді көңілі тол­май. – Көзге әдемі көрінгенімен, түк иісі жоқ. Алма дегенің, шіркін, алыстан бұр­қы­рап, хош иісі сілекейіңді ағызып тұр­мау­­шы ма еді...».

«Паһ, паһ, – дедім мен әзілдеп. – «Балалық шаққа саяхатты» көріп, ішпей-жемей тойып отырмын дегенің қайда».

«Ой, пәлі-ай, – деді немере ағам асүйдегі орындықтардың біріне сылқ етіп отыра кетіп. – Ол нағыз жан азығы ғой!».