Кино • 24 Мамыр, 2019

Телегей-теңіз телехикая

1891 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Телеэкраннан баяғыда күн құрғатпай тек түріктің, корейдің, Бразилия мен Аме­­риканың сериалдары көрсетіліп жататын. Мәселен, Бразилияның «Изаура күң», Мексиканың «Байлар да жылайды», «Қарапайым Мария», Американың «Санта-Барбара» сериалдары мыңдаған көрер­меннің жүрегін қалай жаулап алғаны ұмытыла қойған жоқ. Ал отбасылық құн­дылықтар мен тарихқа негізделген түрік теле­хикаяларының отандық телеарналар бойынша рейтингі әлі күнге жоғары тұр­ғаны тағы рас.

Телегей-теңіз телехикая

Түрік телехикаялары елімізге өткен ғасыр­дың 90-шы және 2000-шы жылдардан бастап ене бастады десек, одан кейінгі жылдары қазақ телеарналары арқылы мұнымен қоса корей, орыс телехикаяларының танымалдығы артты. Бұлай болуына қоғамдағы көптеген жайт­тар себепші болды. Біріншіден, отан­дық телетуындылардың ол уақытта жет­кілікті болмауы. Екіншіден, адами қарым-қатынастың азайып, жұртшылықтың мейірім мен жанашырлыққа, сүйіспеншілік пен ізгі­лікке шөліркеуі, өз ортасынан адалдық пен әділдік іздеуі түрік пен корейдің мән-мазмұны жағынан сондай рухани құн­дылықтарға негізделген, адамзаттың бір-бірін құрметтеп сүюін, жақсылықты өсіріп, жаман­дықты өшіріп, сыйластықта өмір сүруін дәріптеген дүниелеріне еріксіз елітті. Сөйтіп шетелдік режиссерлердің жемісі «Бораннан ыққан ел бөріге жем болмай ма екен?»-нің керіне тап қылғандай әсер қалдырды. 

Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Әсіресе жас талдай солқылдаған жастарымыздың санасына шетелдік телехикаялар көп «дәнді» егіп үлгерді. Кейінгі кездері сахнадағы кей­бір жастардың киім кию, шаш қою үлгі­леріне, жүріс-тұрысы мен мәдениетіне қарап, ата-бабамыздың дәстүрінде бұрын-соңды болмаған үрдісті байқап қалатынымыз содан. Біреулер мұны заманына қарай адамы, әр кезеңнің өзіне лайық модасы бар дегенмен түсіндіргісі келеді. Солай-ақ бол­сын-ау! Әйтсе де осылардың астарында сырт­тан сыналап енген, әлгіндей сериалдар мен фильмдер арқылы жеткен түйт­кілді дерт жатқаны алақандағыдай айқын сезі­леді. Жалпы көрерменнің сериалды қалай қабылдайтынын анықтау мақсатында ресей­лік бір журнал арнайы зерттеу жүргізсе, сауал­намаға қатысушылардың дені одан бояу әсемдігін, табиғаттың сұлу көрінісін, сән­ді киім мен шынайы қарым-қатынасты, адамға жақсы әсер қалдыратын сюжеттердің басым­дығын, заманауи болуды, кейіпкердің арман-мұратына қол жеткізуін көргісі келе­тіндіктерін айтыпты. Бұл нені білдіреді? Кез келген шетелдік туынды қай жағынан алып қарасаңыз да көрушіге әсерін тигізбей тұр­майтынын, әрине. 

Біз әдетте телехикаяның түпкі мақсаты көрерменді өзіне тарта отырып, экранға назар аударту деп қана түсінеміз. Өкінішке қа­рай олай емес, оның ар жағында көл-көсір міндет тұрғанын, өзге елдің идеологиясы сананы майдансыз майдалап билеп жатқанын сезе қоймаймыз. «Өнерде шекара жоқ» деген сылтаумен, шөптің атын пайдаланып, шөңге де өмірімізге еніп кетіп жатыр. Жер бетіндегі барша адамзат баласының артық құндылығы саналатын әлемдік жауһарлар туралы сөз басқа, әрине. Біздің бұл жерде әңгімеге арқау етіп отырғанымыз – пайдасынан гөрі зияны басымдау болып келетін дүбәра дүниелер хақында. Халықтың едәуір бөлігі теледидар тамашалайтынын ескерсек, жұртшылықтың назарына ұсынылмас бұрын шетелдік сериалдардың адам психологиясына қаншалықты әсер ететіні мен залалы елеп-екшелуі, тексерілуі тиіс-ау! Қоғамда орын алып жататын апат пен опаттың, небір жантүршігерлік оқиғаларға себептің бір ұшы осында жатқан жоқ па екен деген ой еріксіз қылаң беріп қалады. Өйткені қазір небір сұмдықты алдыңызға жайып салатын сериалдар қаптап кеткен заман. Интернет тұрғанда бұлардың таралуын шектеп, мүлде шідерлеп тас­тау тағы мүмкін емес. Ол – шиыршық атып, айналып тұрған үлкен диірмен. Онымен күресуге пәрмен де, дәрмен де аз. Бүкіл елдің сериалы орысша аудармасымен осында. Мұны кез келген қазақстандық тамашалап отыр деген сөз. 

Бұл жердегі айтпағымыз – өзгенің өт­пей ұзақ тұрып қалған тұщымсыз, мән­сіз дүниесінің отандық телеарналардан көр­сетілуіне жол бермесек, соның өзі үл­кен жетістік дер едік. Алайда қазақтың мента­литетіне мүлде жат бөгде елдің сериалдарынан есін енді ғана жия бастаған ұлттың санасын соңынан ілестіріп әкете қоярлық төл теле­хикаяларымызда қауқар бар ма екен қазір? «Оралу», «Жалғыз жауқазын», «Детектив әже», «Мұздағы жалын», «Асыл арман», «Тағы да сүй», «Тағдыр тартысы», «Қарлығаш ұя салғанда», «Махаббатым жүрегімде», «Өгей жү­рек», «Жараланған жүректер», «Зәуре», «Қыз жолы», «Кенже», «Бақытсыздар бағы»... Құдайға шүкір, бүгінде кино түсіру технологиясы дамып, олардың орны осындай туындылармен толығып келеді десек те, сапасы тұрғысынан әлі де көңілді күпті ететін жайттар көп. Ал бұл – бөлек әңгіме.