Президент • 24 Мамыр, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің отырысына қатысты

865 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің отырысына қатысты

Жиынға Президент Әкімшілігінің Басшысы Б.Сағынтаев, Президент­тің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қ.Қасымов, Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары – Қаржы ми­нистрі Ә.Смайылов, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы қатысты.

Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тұрақты қолдауының арқасында Қазақстанда ықшам, мобильді және соғысқа қабілетті армия құрылғанын, оның негізгі миссиясы – мемлекеттің егемендігі мен аумағының тұтастығын қорғау екенін айтты.

– Қарулы Күштердің басшы­лық құрамының алдында болып жат­қан өзгерістерге бейімделу ғана емес, сон­дай-ақ алдын алу жұмыстары тұр. Бұл қауіп-қатерлерге жан-жақты талдау жасауды талап етеді. Бүгінде біз геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскеніне, жаңа қақтығыстардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Әскери іс-қимылдарды жүргізудің формалары мен тәсілдері өзгерді, дәлдігі жоғары қарулар мен басқа да заманауи қару-жарақтардың үлесі артты. Сондықтан мен «Айбалта» оқу-жаттығуы кезінде Қорғаныс министріне Қарулы Күштерді құру және дамыту тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма бердім, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қорғаныс ми­нистрлігінің басшылығына шешім қабылдау уақытын барынша қысқарту үшін басқару жүйесін жаңғыртуды міндеттеді. Сондай-ақ роботтандыру, цифрлы технология, жасанды интеллект және ұшқышсыз басқару жүйесін енгізудің маңыздылығын айтты.

– Ең алдымен, қару-жарақтарды технологиялық тұрғыдан жетілдіру және жаңғырту есебінен әскери әлеуетті одан әрі нығайтуды қамтамасыз ету қажет. Кешенді қайта қарулану аясында әскер қару мен техниканың заманауи үлгілерімен қамтамасыз етіледі. Қарулы Күштер басшылығы табандылық танытып, дәйекті әрі жүйелі тәсіл қолдануы және қаржылық тәртіпті сақтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті жауынгерлік дайындықтың деңгейін көтеру мен шұғыл әрекет ету, әскери білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, оқу-жат­тығу бағдарламалары түрлі жағдай­лар­ды, ұрыс жүргізудің заманауи формалары мен әдістерін, қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін үйретіп, қолдануы тиіс.

– Мамандарды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде болашақ әскери инженерлерді, ІТ мамандарын, роботтехникаларды, жасанды интел­лект бойынша мамандарды тәрбиелеп шы­ғару керек. Олар – «SMART» деп атала­тын буын. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында, әсіресе физика-математика бойынша тереңдете оқытылатын мектептерде «SMART-SARBAZ» үйірмелерін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы келесі аптаға жос­парланған бітімгерлік жөнінде өте­тін форум, алдағы уақытта Қазақ­стан­ның белсенді бітімгер-мемлекет ретін­­дегі мәртебесін арттырып, бұл ба­ғыт­­­тағы әлеуетіне тың серпін бере­тінін жеткізді. 

Оның айтуынша, Қазақстан жаяу әскер­лерді ғана жібермей, БҰҰ бітім­герлік миссиясына аса қажетті инженер-сапер, барлаушы, дәрігерлер құрамы және басқа да бөлімшелерді жіберу арқылы көкжиегін кеңейтуі қажет.

Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскери тәртіп пен әскерилердің рухын күшейту, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.

– 2017-2018 жылдары әскери­лердің жалақылары өсіп, санаттық қосымшалар төлене бастады. Жуырда әскери ұшқыш­тардың жалақылары екі есе артты. Жаңа жүйе бойынша әскерилерді баспанамен қамтама­сыз ету мәселелері шешілуде. Бұл кесте жалпы алғанда озық болғанымен, тұрғын үй төлемінде ауытқушылық­тар бар. Гарнизондардың тұрғын үй қорын жаңарту қажет. Мәселені қордаландырмай, шұғыл шешу керек. Сонда ғана әскери қызметтің және әскерилердің әлеуметтік мәртебесін көтереміз, – деді Қазақстан Президенті. 

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы  іс-шара­дан соң Қор­ғаныс министрлігінің стра­­те­гиялық басқару орталығының жұмы­сымен танысты.