21 Ақпан, 2013

Жаңа бастамалар жақсы

504 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаңа бастамалар жақсы

Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:25

Ол тек қолжетімді болғанда ғана ұтымды

Елде жатсақ та Елбасы айтқан әр сөз­ді теледидардан тыңдап, басылымдардан, оның ішінде «Егемен Қазақстаннан» оқып жатамыз. Соның бір мысалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы дер едім. Онда Пре­зи­дент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, да­мы­ған экономиканың және жалпыға ор­тақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», дей келіп,

Бейсенбі, 21 ақпан 2013 7:25

Ол тек қолжетімді болғанда ғана ұтымды

Елде жатсақ та Елбасы айтқан әр сөз­ді теледидардан тыңдап, басылымдардан, оның ішінде «Егемен Қазақстаннан» оқып жатамыз. Соның бір мысалы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы дер едім. Онда Пре­зи­дент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, да­мы­ған экономиканың және жалпыға ор­тақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», дей келіп, бұл бейнелі дата емес еке­нін, мұндай ұзақ уақытқа жоспар жасау ертеңіне ұмтылған барлық жұрттарда, ұйымдарда болатынын атап айтқан екен. Біз де Мемлекет басшысының келешек үшін деген осы өміршең идеясын қолдаймыз. «Түстік өмірің болса, кештік отын ал» деген қазақтың ұрпағымыз ғой.

Мен қырық бес жылдан бері ауылдық жерлердегі медициналық мекемелерде қызмет етіп келемін. Алпыс жасты ең­серсек те Елбасының Жолдауындағы отан­дастарына үн қатуын қолдап қана қой­май, шама-шарқымызға қарай үлесімізді қоссақ дейміз. Бұлай деуге себеп, ұзақ мерзімге арналған стратегияда: «Біз ба­лаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет. Барлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спекторымен қамту қажет деп ойлаймын. Оны ең төменгі өмір стандарттарына заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын қамтамасыз етуге маңызды үлес болады» деген Президент одан кейін: «Қазірге дейін ауылдағы ме­дициналық қызметтердің сапасы жөнінде көп сын айтылады. Ал ауыл тұрғындары бізде бүкіл халықтың 43%-ын құрайды» деп ел жайына да ерекше көңіл аударады. Осы күні аумалы-төкпелі кезеңдердегі қиындықтар елді мекендерде азайды деуге болады. Жаныңды жадыратар, көңілді көтерер оңтайлы істер баршылық.
Өзім 20 жылдан бері дәрігерлік қыз­мет атқарып келе жатқан Маловодный ауылдық ауруханасының ғимараты 1972 жылы арнайы жобамен, үш қабат болып салынған екен. Ол жылдары бұл мекеме аудан халқының тең жартысына жуығына стационарлық және амбулаториялық көмек көрсетті. Аурухананың орналасқан жері де өте қолайлы деуге болады. Аумағы екі гектар жерді алып жатыр. Алматы – Қор­ғас күре жолының бойына ірге тепкен. Оның үстіне еселі еңбек алаңына айналып отырған Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомобиль көлік дәлізі де осы аралықтан өтеді. Ауруханамыз орталықтандырылған су құ­бырларымен, сұйық отын арқылы жылытатын пешпен қамтамасыз етілген. Осыдан 40 жыл бұрын 210 сырқатқа арналған төсек болса, оның 45-і – хирургия, 15-і – гинекология, 50-і – терапия, 10-ы – неврология, 30-ы – балаларға, 20-сы – инфекция, 40-ы перзентхана бөлімдеріне тиесілі еді. Тәулігіне 120 адам қабылдайтын емханада терапевт, хирург, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, тіс, лор, инфекционист, көз дәрігерлері, ла­боранттар қызмет етті. Оның сыртында жақ­сы жабдықталған клиникалық-биологиялық зертхана, рентген, флюро, ЭКГ кабинеттері, физиотерапия, жедел жәрдем бөлімдері үздіксіз жұмыс істеді. 1978 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған халықаралық конференциясында біздің мекеме базалық аурухана болып табылды. Содан да шығар, көптеген жылдар бойы шетелдік және отандық ақ халатты абзал жандар біздің ауруханада «Алғашқы медициналық-са­нитарлық көмек» туралы оқып, білімдерін көтеріп келді.
Тәуелсіздігімізден кейінгі кезеңдегі қи­ындықтар біздің аурухананы да айналып өтпегені анық. Төсек саны 50-ге дейін қысқарды. Хирургия, гинекология, перзентхана, инфекциялық неврология бөлімдері мүлде жабылса, терапия және балалар бөлімдері 15 төсекке дейін азайды. Емханада хирург, невропатолог, көз дәрігері, дәрігер лаборант мамандықтары да бірте-бірте жойылды. Мұндай оңтайландыру ауылдағы қарапайым, әлеуметтік әл-ауқаты төмен адамдарға өте ауыр тиді. Аурухананың материалдық-техникалық базасы ескірген үстіне ескіре берді, дәрі-дәрмектер же­тіс­педі. Осының кесірінен көптеген ме­дициналық қызметкерлер жұмыссыз қалды.
Дегенмен, еліміздің қайта серпіле дамуы құлдыраудан құтқарып, еңсе тіктеуге молынан мүмкіндік берді. Бүгінгі күні халыққа медициналық көмекті 50 төсектік стационар, оның 20-сы травматологияға, 15-і терапияға және 15-і – балалар бөлі­міне тиесілі. Бір замандары ауысымда 120 адам қабылдайтын емханада қазір 10 төсектік күндізгі стационар, клинико-диаг­ностикалық зертхана, рентген, физиокабинеттер, жедел жәрдем бөлімі, тұрғындарға қызмет көрсетуде. 2010 жылы біздің аурухана облыс бойынша алдыңғы орыннан көрініп, облыс әкімінің арнайы дипломымен марапатталғанын айта кетудің артықтығы жоқ болар. Ауруханада 126 адам жұмыс іс­тесе, олардың арасында меди­циналық оқу орнын бітірген дәрігерлер –15, олардың жо­ғары санаттылары – 8, бірінші санаттылары – 3, орта буын медицина қызметкерлері 52 десек, бұлардың ішінде жо­ғары санаттылары – 20, бірінші санаттылары 3 адамды құрайды.
Тұрғындар саны 2009 жылы 9484 еді, 2012 жылдың көрсеткіші 10270 адамға жет­ті. Жаңа құжатқа орай, дәрігер таңдау құқығын пайдаланған басқа ауылдық округтерден өз еркімен 214 адамның тіркелгені және бар.
Ауылымызда мемлекетіміздің ертеңі саналатын ұрпақ, яғни демографиялық көрсеткіштер жылдан жылға өсу үстінде. 2009 жылы 1000 адамға шаққанда 16,4 еді, 2011 жылы бұл 21,8-ге көтерілді, яғни табиғи өсім 14,6-ға жетті. Тұрғындардың орташа өмір сүру жасы ұзарып келеді. Мысалы, әйелдер – 72, ерлер 69 жасқа дейін өмір сүруге қол жеткізе бастады. Осы арада кейбір сырқаттардың белең алғанын да айтпасқа болмас. Бірінші орынға жүрек-қан тамырлары аурулары шықса, одан кейінгі орында қатерлі ісік тұр. Есесіне жұқпалы аурулар жылдан-жылға азая түсуде. 2010 жылы 63 сырқат тіркелсе, 2011 жылы ол 43-ке төмендеді. Ал туберкулез ауруы 100 мың адамға шаққанда 2010 жылы 49 болса, 2011 жылы одан әлдеқайда көп азайды. Екіқабат әйелдерді есепке алу сынды жұмыста біздің дәрігерлер үлкен іске ұйытқы болуда. Со­ның нәтижесінде соңғы 10 жылда аналар өлімі бізде тіркелген жоқ. Скринг әдісімен профилактикалық байқаулар жүзеге асып, анықталған сырқаттар сауықтырылды.
Тәуліктік стационарда емделіп шық­қандардың 32,4 пайызы ауыл тұр­ғындары. Біздегі травматология бөлімінде ем алатындар аз емес. Оның бір себебі, үлкен жолдың бойына орналасқандықтан болу керек, жол апаттары жиі болады. Содан шығар ота жасау жұмысы да аз кездеспейді. Осы арада кейбір шешімін таппаған мәселелер туралы да айта кетсем деймін. Елбасы өзінің Жолдауында негізгі басым бағыттар деп «Сапалы және қол жетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету. Ауру­лар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету. Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұ­мыс жүргізуге баса ден қою» деген болатын. Шынында осындай ауқымды істерді атқаруға біздің емханадағы ескі құрал-жаб­дықтар, заманауи қондырғылардың жоқтығы кейде қолбайлау болатыны бар. Бүгінгі күн талабына сәйкес тұрғындарға қол жетімді медициналық көмек көрсету үшін соның барлығын жаңарту міндеті тұр. Тіпті, бір кездері жүйелі жұмыс істеген бөлімдер жабылған соң, мамандар күнкөріс деп кетті. Қазір өрлеу жолына түскенде невропатолог, хирург, көз дәрігерлері же­тіс­пейтін күйге түстік. Жедел жәрдем кө­ліктерінің де тозығы жетіп тұр. Жоғарыда айт­қанымдай үлкен жолдың бойына ор­наласқандықтан түрлі апатқа ұшыраған адам­дар біздің емханаға жиі келіп жатады. Оларға арнайы жабдықталған бөлімнің бол­мауынан жедел көмекті дер кезінде көр­сете алмай кейде қиналамыз. Осы арада, соң­ғы жылдары еліміз бойынша атқарылып жат­қан жақсы бір игілікті жұмысты еске түсірер болсақ, ол   Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі өңірлердегі күре жолдардың бойынан медициналық пункттер ашуы еді.Ал біздің емхана ондай медициналық орын­ға өзінен өзі сұранып тұр. Тиісті орын­дар осыны назарға алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір көп жағдайда өзін-өзі ақтай алмайды деп ауылды жерлердегі кейбір ме­дициналық мекемелерге оңтайландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл да тиісті орындардың уақыт талабына сай жасаған реформасы болуы керек. Әйтсе де халық жиі орналасқан елді мекендердегі ауру­ханаларды қаржыдан қыспай сақтап қалсақ ұтылмас едік. Оның үстіне ол ауру­­­­ханалардың ғимараттары құнды мү­­лік екенін естен шығармағанымыз жөн. Жекешелендіру кезінде осындай көп дүниеден көз жазып қалдық емес пе? Көп жағдайда ауыл тұрғындарының бәрі бірдей оңтайландырылған аудан ор­талығындағы емханаларға жете алмайды. Мысалы, біздің ауруханадағы перзентхана, хирургия бөлімдеріне тәулігіне төрт-бес, кейде одан да көп адамдар жедел көмек сұрап келіп жатады. Жаны ауырып, тәніне қамқор болуды өтінген адамдарды орталықтандырылған медицина мекемелеріне бар деп шығарып салу біз үшін жат қылық. Шама-шарқымыз келгенше көмек қолын созамыз. Осылай дей отырып, 50 жылға таяу тарихы бар, айналасында ондаған елді мекендер шоғырланған емхананың дербестігін сақтасақ, тұрғындарды әрі-бері сабылтпай қолжетімді ем алуына мүмкіндік жасар едік. Үлкен күре жолдың бойында іргесі қа­ланған, ғимараты бүтін, айналасын жасыл желек көмкерген бұл емдеу мекемесін аудандық орталықтанған аурухананың әр бөлімшесі болумен қатар, Төтенше жағ­дайлар министрлігі Отанымыз бойынша қолға алып жатқан травматологиялық пункттің базасы мәртебесін иеленіп, заманауи құрал-жабдықтармен жарақталса, штат кестесі қайта қаралып, білікті мамандармен толықтырылса, жедел жәрдем көліктерімен жанар-жағар май мәселесі шешілсе, халық қолжетімді медициналық көмектің шарапатын көрер еді. Біздің бұл тілегімізді тиісті орындар ескерер деген үміттеміз.
Шайзында ТАЛДЫБАЕВ, 
жоғары санатты дәрігер, Қазақстан Республикасы 
денсаулық сақтау ісінің үздігі.
Алматы облысы, 
Еңбекшіқазақ ауданы, 
Маловодный ауылы.