Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Сайлау учаскелері электронды картаға енгізілді

1078 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің қатысуымен сайлауды ұйымдастырушыларға арналған оқыту семинары өтті.

Сайлау учаскелері электронды картаға енгізілді

Жиында Нұр-Сұлтан қа­ласынан келген өкіл сай­лау заңнамасындағы өзгеріс­тер­мен, сайлау науқанының негізгі кезеңдерімен, канди­даттар­дың сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру шарттарымен таныстырды. Әрі, сайлау комис­сияларының сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі өкілеттіктерімен, аумақтық сайлау комиссияларын және жергілікті атқарушы орган­дардың мүмкіндіктері шек­теулі азаматтардың құқық­та­рын қамтамасыз ету жө­ніндегі міндеттерін айтып берді.

«Учаскелік сайлау комис­сиялары жұмысын бастады. Біз осы дайындық жұ­мыстарын пысықтап алуымыз керек. Сайлау туралы заңға өзге­рістер еніп отыр. Биылғы ұйым­дастыру науқанында бір­­­қатар жаңашылдықтар бар. Енді сайлау комиссиясының мүшелері жұмысты жүйелі ұйымдас­тыру керек», деді Ләззат Жаңылысқызы.

Алқалы жиында Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов биылғы сайлау науқаны кезінде тұрғындар сайлау учас­келерін адаспай табуы үшін аталған орындарды 2ГИС электронды картасына енгі­зіп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ сайлаушылардың тізімдерін жасау, сайлау учас­келерін материалдық-тех­никалық жарақтандыру бойынша, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайларын қамтамасыз ету бойынша қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.

«Қалада 260 сайлау учас­кесі жұмыс істейді. Оның ішінде 25 учаске жаңадан құ­рылып отыр. Бекітілген күнтізбеге сәйкес, дайындық жұмыстары жүр­гізілуде. Шым­кентте 568 794 сайлау­шы бар. Қала әкімдігі тарапынан сайлауды ұйымдастырудағы цифрлы техно­логияларды қолдану, мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың сайлауға бел­сене қатысуына барлық жағдай қарас­тырылуда», деді аппарат басшысы.

Семинарда қалалық сайлау комис­сиясының төрағасы Ерлан Дауылбаев сайлау науқанын өткізу жағдайы, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайын­дығы тура­лы хабардар етті. Бұл рет­кі се­минарға аумақтық жә­не учаскелік сайлау комис­сия­ларының мүшелері, элек­тораттық оқытудың серти­фикатталған тренерлері, Пре­зидент жанындағы Мемле­кеттік бас­қару академиясы фи­лиалының өкілдері мен жер­гілікті ат­қарушы органдардың өкіл­дері қатысты.

ШЫМКЕНТ