Қоғам • 24 Мамыр, 2019

«Маңызды» алаңында – жастар мәселесі

1313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастыратын «Маңызды» сараптама алаңының кезекті саны жастар мәселесіне арналды. «Жастардың қоғамды өзгерту интеграциясының мүмкіндіктері» тақырыбында ой бөлісуге білікті сарапшылармен қатар жетістікке жеткен жастар да қатысты. Олардың арасында халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары да бар.

«Маңызды» алаңында – жастар мәселесі

Спикерлердің алғашқысы болып сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы жөніндегі комитетінің төрағасы Данияр Қожахмет Жастар жылы ая­сын­дағы атқарылып жатқан жұ­мыстарға, сондай-ақ аталған ведомствоның жастар саясаты бағытындағы маңызды мін­деттеріне тоқталды. Оның айтуынша, Жастар жылы аясында ұйымдастырылатын шараларға еліміздегі жастардың 70 пайызы қамтылады. «Қалған 30 пайы­зы мектептің оқушылары немесе студенттер болуы мүмкін. Олар осы жылы бекітілген жұмыстардың жемісін алдағы уақытта көреді. Сондай-ақ жастардың өз кәсібін ашып, консультациялық кеңес алуына, бизнестегі сауатын арттыруға ба­ғытталған бағдарламаларды іске асыру басталды. Бұдан бөлек, атаулы жыл аясында жас ға­лым­дарға көбірек көңіл бөлуді қолға алып отырмыз. Соның бір дәлелі – жас ғалымдардың жоба жұмыстарына 3 миллиард тең­генің бөлінуі», деді М.Қожахмет. 

Ал Тұңғыш Президент қо­ры­ның жетекші сарапшысы Жақ­сылық Сәбитов өз кезегінде жастар үшін ғылымда карьера жасаудың мүмкіндіктері туралы баяндады. Ол ғалымдарға деген қоғамның көзқарасы бұрынғыдан әлдеқайда өзгергенін, оған заманауи талаптардың әсер еткенін айта келе: «Ғалымдарға осыған дейін қайыршы секілді қарап келді. Рас, өйткені кейбір тарихи өзгерістер ықпал етті. Ал қазір – ғалымдардың заманы. Сондықтан ғылым жолына түсу – табыс табуға, елге қызмет етуге, қоғамды алға жылжытуға және жетістікке жетуге жақсы мүмкіндік», деді. Оның ойынша, лайықты нәтиже көрсету үшін жастар өзі оқитын жоғары оқу орнын алдын ала мұқият зерттеп, саралап, ең үздігін таңдау керек. 

Билік, қоғам, бизнес және жеке тұлғалар арасын байланыстыратын көпір болуды көздейтін «Serpin» білім және инновация ұлттық палатасы соңғы уақытта университет студенттерімен ғана емес, мектеп оқушылары және мектепке дейінгі балалармен жұмыс істей бастаған. Аталған палата директоры Әкiм Хазiретәлі қолға алған істерінің елеулісі ретінде «Samsung» компаниясымен бірлесіп, бағдар­ламалау бойынша түрлі олимпиа­да­­лар ұйымдастырылып жат­қанын жеткізді. «Жақында «Тоғыз­құмалақ» федерациясымен келі­сімге отырдық. Сол арқылы ұлт­т­ық ойындарға деген балалар мен жастардың қызығушылығын арт­тыруды мақсат етеміз. Тоғыз­құ­малақтың пайдасын зерттеу­де оның шахматқа қарағанда ж­ү­ріс­терінің артықшылықтары, ақыл-ойды дамытуға әсер ететін ерекшеліктері барын аңғардық», деді Ә.Хазіретәлі. Оның айтуынша, палата университетке түсетін үміткерлерге арналған мүм­кін­діктерді жалғастыратын «Serpininfo» платформасын әзір­леу үстінде. Онда талапкерлер жинаған балы бойынша қай­да түсуге болатынын біле ала­ды. Сондай-ақ Ә.Хазіретәлі отан­дық қана емес, 10-ға жуық шетел­дік ЖОО-лармен түрлі меморан­дум­дарға отырғанын тілге тиек етті.

Спикерлер мен қатысушылар шара соңына қарай пікір таластырып, өзекті мәселелерді ортаға салды. Соның нәтижесінде сараптама алаңының кезекті санында талқыланатын маңызды тақырыпты белгіледі.