Аймақтар • 24 Мамыр, 2019

Тараз қаласында миллионер оқушы тұрады

1509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан бес ай бұрын Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті өңірдегі мектеп оқушыларының арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқау жариялаған болатын.

Тараз қаласында миллионер оқушы тұрады

Байқауға жалпы саны 48 мектептен 1000-нан аса оқушы қатысты. Оның ішінде 44-і қала мектептері болып саналады. Тізім бойынша берілген жүз кітапты толық оқып, емтихан сұрақтарына жауап берген оқушыға бір миллион теңге жүлде уәде етілген еді. Байқауды ұйымдастыруға Тараз қалалық білім бөлімі және Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы атсалысты. Миллионер оқушыны анықтау мақсатында Тараз қалалық мәдениет үйінде байқау қорытындысы өтті.

Жиында алғаш болып сөз алған Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев кітаптың жас ұрпақтың қалыптасуына қажетті дүние екенін айтып, байқауға қатысушы оқырмандарға сәттілік тіледі. Содан кейін аталған байқауға бас демеуші болып, 3 миллион теңге қаражат аударған «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы сөз алып, болашақ ұрпақтың білімді әрі парасатты болуы үшін кітаптың әсері мол екенін жеткізді. 

Байқау нәтижесінде 8-11 сыныптар аралығы бойынша Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Казына Әбдісейіт І орынды жеңіп алып, 1 миллион теңге жүлдені иеленді. Ал, Керімбай атындағы №12 мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Айгерім Мейірханова  ІІ орынды (500 мың теңге),   №7 мектеп гимназиясының 11-сынып оқушысы Галина Буркина ІІІ орынды (250 мың теңге) иеленді. Ал, 5-7 сынып аралығындағы қатысушылар арасынан И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айзере Ерен жеңімпаз атанып, 500 мың теңгеге қол жеткізді. Сондай-ақ, №10 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Данияр Бекжан мен №54 орта мектебінің 6-сынып оқушысы  Тоғжан Аллаберген ІІ орынды (150 мың теңгеден) өзара бөліссе, №30 мектеп гимназиясының 7-сынып оқушысы Сабина Сулеймен мен №31 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Гюзаль Османова ІІІ орынға (75 мың теңгеден) лайық деп табылды. Ал, байқаудың қалалық деңгейде өткеніне қарамастан өз қалауымен 61 кітап оқыған республикалық Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Фатима Баймаханға Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» балалар лагеріне 20 күндік жолдама табыс етті. Сонымен қатар, облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Қапарқызы жас зияткерге ноутбук сыйлады. Ал, оқыған кітабынан әсерленіп қайырымдылық қорын ашқан Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушысы Аружан Айғабылға Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының атынан смартфон берілді.

Аталған байқауды ұйымдастырушылар алдағы уақыттарда байқаудың аумағын кеңейтіп, дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырғанын айтады. Ал, оқушылар арасында ең көп оқылған әдебиеттер қатарында М.Әуезовтің «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», М.Мағауиннің «Тазының өлімі», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітаптары бар.

 

Жамбыл облысы