Аталған байқаушылар ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы күніне дейін өңірдегі сайлау учаскелерінің дайындығын бақылап, сайлауалды жағдайды қадағалайтын болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда ЕҚЫҰ атынан ұзақ мерзімді 22 байқаушы жұмыс істеп жүр. Бұған қоса 9 маусымға дейін елімізге қысқа мерзімді байқаушылар да келеді. Олар сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын және дауыстарды санауды қадағалайды. Жалпы, сайлау күні елімізде 200-ден астам шетелдік байқаушы жұмыс істейтін болады.
Қарағанды облысында халықаралық байқаушылар Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларындағы сайлау учаскелерінің жұмысына қатысуды жоспарлап отыр.
– Қазір біз сайлау комиссияларымен, қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен кездесулер өткізіп жүрміз. Ал елордада біз президент лауазымына кандидаттармен және штаб мүшелерімен жұмыс істейтін боламыз, – деді кездесу барысында Мартин Россман.
Ерлан Қошанов миссияға қатысушыларға Қарағанды облысы туралы және сайлауға дайындық туралы айтып берді. «Өңірде сайлаушылар тізімі жаңартылған: жаңа тізімде 938 мың адам бар. Олар үшін 787 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Сайлау учаскелерінің бәрінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігі ескеріледі», деді өңір басшысы.
Еске салсақ, Қарағанды облысында кәсіпкерлер қауымдастығы базасында шетелдік байқаушыларға көмек көрсету орталығы құрылған болатын. Бұл жерде оларға міндеттерін алаңсыз және толыққанды атқару үшін барлық жағдай мүмкіндігі қарастырылған.
Қарағанды облысы