28 Ақпан, 2013

Үрімжіден басталған үміт жолы

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үрімжіден басталған үміт жолы

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:03

Өмірде алтынға да айырбасталмайтын құндылықтар болады. Ал адамның көпшілікке жасаған жақсылығын ешнәрсемен өлшеуге келмейді. Сол үшін тынымсыз ізденіп, ғылыммен айналысып жүрген Бегылан Стамболұлын біреу білсе, біреу білмес. Сонау Үрімжіде туған қандасымыз бір күнде табысы мол қызметін тастап, Астанаға жол тартқан еді. Ол не үшін атажұртына бет бұрды? Бүгінгі айтылар сөз осы төңіректе өрбімек.

 

Бейсенбі, 28 ақпан 2013 7:03

Өмірде алтынға да айырбасталмайтын құндылықтар болады. Ал адамның көпшілікке жасаған жақсылығын ешнәрсемен өлшеуге келмейді. Сол үшін тынымсыз ізденіп, ғылыммен айналысып жүрген Бегылан Стамболұлын біреу білсе, біреу білмес. Сонау Үрімжіде туған қандасымыз бір күнде табысы мол қызметін тастап, Астанаға жол тартқан еді. Ол не үшін атажұртына бет бұрды? Бүгінгі айтылар сөз осы төңіректе өрбімек.

Бегылан айтқандай, 70-ші жылдың аяғында жүрек-қан тамырларына ота жасау – кеңірдектен кіндік тұсқа таяу аралыққа дейін теріні тілу арқылы іске асырылған. Дененің бір мүшесінен тамыр алып, оны әлгі жарамсыз тамырдың орнына жалғайды. Мұндай тәсіл сол жердің қайта зақымданбауына еш кепілдік бере алмайды. Бегылан осы тұжырымды Қытайда қорғаған өзінің ғылыми жұмысында дәлелдеп шығыпты.

Жақсы жүрек маманы атану үшін кардиолог болу қажет дейді ол. Осы еңбек өтілінен өт­кен маман ғана жүрек соғысын тап басып айта алады. Университет қабырғасында оқып жүр­ген жастардың мұны ескергені жөн. Ең кем дегенде бес жыл кардиолог болуы тиіс. Ме­ди­цинаны дамытуға бағыт алған елдер осыған баса мән береді. Сөйтіп, операция үстеліне үлкен дайындықпен келеді. Мәселен, Бегылан Стамболұлы Үрімжі қаласындағы «Достық» емханасында бес жыл кардиолог болған. Сосын, «Бейжің Фу Уай жүрек-қан тамыр орталығында» оқып әрі интервенциялық кардиолог қызметін атқарады. Негізі, интервенциялық кардиология дегеніміз – кеудені тілмей, тамыр жалғастырмай ота жасау қызметі.

– Расын айтайын, жүрек талмасымен ауы­ра­тын­дардың дені – дене шынықтыру ісін ақса­тып алғандар. Жайлы жұмсақ кресло көңіл жұбатқанымен, қан таралу жолын ретке келтіре алмайды. Ал темекі шегу салдарынан артерияның ішкі перделері зақымдалып, қан тамыры тарылады. Осының әсерінен адам жүрек талмасына душар болады. Күйзеліске берілу, семіздік те адам ағзасының бұзылуына әкеліп соғады. Жалпы, Елбасымыз өз Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесіне баса мән беріп келеді. Бұл де­ге­німіз, адам денсаулығының алғы кезекте тұрғанын, бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр­­ғанын айғақтайды. Десек-тағы, жоғарыда мең­зеп өткенімдей, бәріміз саламатты өмір салтын ұстануымыз қажет, – деді Бегылан бізбен әңгімесінде.

Қытайдың Үрімжі қаласында жүрек ақауын анықтайтын екі қазақ азаматы болыпты. Бірі – жүректің қалыпты соғуын тексерсе, екіншісі зақымдалған тамырға кергіш (стенд) орналастырған. Осы соңғы айтылғанды Бегылан заманауи құрал-жабдықтармен сәтті атқарып келеді. Медицина ғылымының докторы, профессор атанған бұл азаматтың қан тамырының екі жағына кергішті орнату туралы ғылыми жұмысы кезінде оң бағаланған.

Жалпы, жүрек-қан тамырының зақымдалып, бітелуі А,В,С деген топқа бөлінеді. Соның ішінде В-1-орташа, В-2-ауыр, С тобы өте қауіпті түр ретінде саналады. Ал ұйыған қан қазіргі кезде катетер арқылы анықталады. Бұл катетер адамның денесіне кішігірім із қалдырып енеді де, тамырды бойлап ұйыған қанға тіреледі. Содан кейін зақымдалған тамырды арнайы құралмен тазалап, кергіш орнатады. Осы үдеріс жүзеге асырылған кезде адам ояу жатады.

Енді Үрімжіден Астанаға қалай атбасын бұрды деген сауалға жауап берейік. Сол жердегі жүрек-қан тамыр орталығында қызмет істеп жүрген кезінде әлемнің бірқатар елінен келген белді азаматтар Бегылан емінің шипасын сезінеді. Сондай бір сырқатынан айыққан қазақстандық белгілі академик кейіпкерімізге: «Біздің қаражатымыз болғасын саған жеттік. Ал табысы күнделікті ішіп-жеміне әрең жетіп отырған, жанына дауа іздеген жандардың мына Үрімжіңе келуі мұң ғой. Осы қандастарың үшін еліңе барып қызмет істегенің жөн.

Мазалаған сан сұрақтар ақыры Бегыланды елорда төріне жетеледі. Астанаға келісімен ұлттық ғылыми медициналық орталығының директоры Абай Байгенжинге жолығып, ой бөлісті. Абай Қабатайұлы алыстан ат арытып келіп тұрған азаматқа қолдау білдіріп, 2009 жылы алғаш рет орталықтан интервенциялық кардиология бөлімшесін ашып, Бегыланды меңгеруші етіп тағайындады. Және бар жағдайын жасап, бөлімшені заманауи жабдықтармен қамтыды. Бегыланның мәлімдеуінше, өткен жылдың өзінде мұнда 1200 адам тексеруден өткен. Соның 500-інің жүрек тамырына кергіш орнатылды. Оқырмандар ескере кететін жайт, «тас» күйінде тамырда ұйыған қандарды еріту үшін белгілі бір мерзім керек. Сондықтан, оны орнықтыру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Өткен жылы ол арнайы шақырумен Сингапур еліне барып келді. Онда жүрек-қан тамырына байланысты дәрігер-ғалымдардың конференция­сы өткізілді. Бегылан тамырды теспеудің алдын алу жөнінде әріптестерімен пікір алысты. Сонда байқағаны, оның оқығаны мен іс жүзінде тоқығаны Батыстың озығынан кенже емес. Бү­гін­де ол бүйрек, мойын тамырларындағы ұйыған қандарды ретке келтіре алады. Көпшілікті мазалап жүрген туа пайда болған жүрек ақаулары мен жүрек қақпақшаларының зақымдалуын да интервенциялық әдіспен (кеуде қуысын тілмей) емдейді.

Интервенциялық кардиология бөлімшесінде 20 төсек орын бар. Қазір күніне ең кем дегенде 10 ота жасалады десек, әрине, бұл жатар орын тым аздық етеді. Ауруын асқындырып, ақырғы сәтте келгендерін де кездестіресіз. Қызылорда облысының Әйтеке би кентінен келген 64 жастағы Рахманберген Жұмағанбет 2006 жылы жүрек талмасына шалдығып, әуелі жергілікті жерде, сосын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ем алады. Ол кезде Қазақстанның бірде-бір жерінде интервенциялық кардиология бөлімшесі болмап еді. «Араға алты жыл салып, жүрек қайта сыздады. Бұл жолы дем алуым қатты нашарлады. Үйреншікті ішетін дәріден қайран болмағасын, Астанадағы осы бөлімшеге келдім. Тексеріс нәтижесі, бір тамырдың үзіліп, екіншісінің бітеліп қалғанын дәлелдеп берді. Бегыланның ота жасап жатқан сәтін монитордан көріп, онымен жүзбе-жүз тілдестім. Қан ұйыған тамырды тазалады да, стенд орнатты. «Ағасы, сәтті шықты» дегенінде төбем көкке жетті», – дейді ол. Бүгінде оның жағдайы қалыпты. Тыныс алуы ретке келген. 3 айдан кейін тексеруден өтуге келеді. Егер, бәрі ойдағыдай болса, бұл жерге қайта айналып соқпайды.

Астана қаласының тұрғындары Дамир Тұқым­ұлы мен Жанат Балабекұлын да жүрек талмасы мазалайды. «Бұл дерттің орын алуына түрлі әсер етуші факторды санамалап келтіруге болады. Алайда, оның тұқым қуалайтыны жасырын емес. Соның салдарынан інім 40 жасында, қарындасым 55 жасында, ал анам 63 жасында өмірден өтті», – деді Дамир ағамыз. Ол да бар үмітін Бегылан алақанына сеніп тапсырады. Биыл тексерілуге келген екен. Стенд орнатылған жер таза және қан айналымы жақсы деген қорытынды алды.

Әлем бойынша жүрек дертіне шалдыққан­дардың саны жетерлік. Дегенмен, бізде биыл бір күнде он отаның жасалуы – ойлантарлық жағдай. Бегылан созылмалы жүрек тамырының бітелуін 93,4 пайызға жақсарта аламын дейді. Неге 100 пайыз емес дейміз біз. Келтірген дәлеліне жүгінсек, техникасы дамыған Жапонияның өзі аталған дертті 95 пайызға сауықтыра алады. Германия болса, 64 пайызды місе тұтып отырған көрінеді. Интервенциялық бөлімше Жапонияның межесіне жетуді жоспарлап отыр. Ол үшін жетіспейтін 3-4 құралды тездетіп алуы шарт.

Отаныма қызмет етемін деп атамекеніне атбасын бұрған азамат шәкірт тәрбиелеу ісін де ұмыт қалдырмапты. Қостанайдан келген жас маман Болат Қанапия 8 ай бойы Бегыланның қасында жүріп, еліне жаңа істің қыр-сырын меңгеріп қайт­ты. Мұрат Әлиханов, Марал Исадин де ізденіс үс­тінде. Күні ертең талайға қуаныш сыйлайтын – осылар.

Бегылан үшін халқының пейілінен асқан мәртебе жоқ. Бұл тілекті әкесі және анасы Шайза Мейірбекқызы жастайынан құлағына құйған-ды. Ана сүтімен дарыған асыл қасиеттің текке кетпегені туған елге келген қадамынан айқын аңғарылады.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.