Аймақтар • 25 Мамыр, 2019

Батыс Қазақстанда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

1419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Мерейлі отбасы - 2019» ұлттық конкурсының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпазы анықталды.

Батыс Қазақстанда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

Шаңырақ шаттығы мен отбасы мәртебесін арттырып, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Ақ Жайық өңіріндегі кезеңі өте тартысты өтті. Әу баста өз күшіне, білімі мен өнеріне сенген 48 отбасы сайысқа түскенімен, соңғы сынға 13 отбасы іріктеліп шықты. Байқауға төрелік еткен облыстық комиссия байқауға қатысқан отбасының қоғамдағы абырой-беделіне, азаматтық белсенділігіне, шаңырақта ұлттық құндылықтарды қаншалықты  сақтауына баса мән беріпті.

- Атадан балаға мирас болып келе жатқан тәлім-тәрбиені ұрпаққа дарыту, ұл-қызын қатарынан кем қылмай өсіру, оларды елін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу – әр отбасындағы ұлттық идеология екені сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын көкке көтеретін жастарымыз осындай мерейлі отбасылардан өсіп шығады. Отбасын қалай құрып, перзентін қалай тәрбиелеуді үйренеді, - дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Әзбаев байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алған жеңімпаз отбасыларды құттықтап тұрып.

Сонымен, республикалық «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Қазталов ауданынан келген Қарсақовтар отбасы жүлделі 1 орынға қоса, республикалық байқауға жолдаманы ұтып алды. Жеңімпаз шаңырақтың отағасы Медет Қарсақов - дене шынықтыру пәнінің I санатты мұғалімі, 15 жылдық өтілі бар ұстаз. Медеттің жұбайы Гүлайым Өтегенова да – 16 жылдан бері бастауыш сыныптарға сабақ беріп келе жатқан үздік мұғалім, білім департаментінің сарапшысы, аудандық шығармашылық топтың мүшесі екен. Өнегелі ұстаздар отбасында 2 ұл, 3 қыз өсіп келеді. Айта кетейік, 2016 жылы дәл осы Қазталов ауданынан Биғалиевтар отбасы да үздік шыққан болатын.

Байқау қорытындысы бойынша Теректі ауданынан келген Жұмағалиевтер отбасы – 2 орынға, Жәнібек ауданынан қатысқан Исатаевтар отбасы - 3 орынға ие болды. Байқаудың соңғы кезеңңіне қатысқан барлық 13 отбасы түрлі аталым бойынша марапатталып, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан