02 Наурыз, 2013

Ана мен бала өлімін азайтатын жоба

699 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ана мен бала өлімін азайтатын жоба

Сенбі, 2 наурыз 2013 8:17

Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғы­лымдарының докторы Намаз Ізімбергеновтің есімі елімізге кеңінен таныс. Ол мыңдаған адамдарды ажал тырнағынан алып қалған білікті хирург. Талай күрделі операцияларды жасай жүріп, адам өмірін ұзарту жолдарын зерттеумен жүйелі айналысып келеді.

Сенбі, 2 наурыз 2013 8:17

Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғы­лымдарының докторы Намаз Ізімбергеновтің есімі елімізге кеңінен таныс. Ол мыңдаған адамдарды ажал тырнағынан алып қалған білікті хирург. Талай күрделі операцияларды жасай жүріп, адам өмірін ұзарту жолдарын зерттеумен жүйелі айналысып келеді. Қайткенде адам өміріне арашашы боламын деп үнемі ізденісте жүретін ақ халатты абзал жанның ана мен баланы аман сақтау үшін медициналық жедел жәрдем ауруханасы жанынан жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық көмек көрсету орталығын ашып, жаңа жобаны жүзеге асырып жатқанын естіп, онымен кездесіп әңгімелесуге асықтық. Әңгімеміздің әлқиссасы да бірден осы өміршең жобадан арна тартты.

– Намаз Ізімбергенұлы, алдымен әңгіме желісін осы орталықтың қалай ашылғаны төңірегінде тарқатсаңыз.

– Ана мен бала өлімінің себептері, осы қасіреттің қайткенде алдын алуға болады деген ой мені дәрігер ретінде де, адам ретінде де көптен мазалап жүретін. Өмір тәжірибемнен аңғарғаным жүкті және босанған әйелдер ауруының алдын алмай, уақыт өткізіп алатынына көз жеткіздім. Сондықтан хирургиялық операциялар жасау арқылы ана мен баланы аман алып қалудың жолы осындай орталық ашу екенін түсіндім. Орталық 2009 жылы ақпан айында ашылды. Аналар өлімінің себебін талдау, соның негізінде ұсыныстар жасау – ғалым-дәрігер ретінде менің борышым. Ал бір ғалымның ұсынысы бойынша күнделікті қолданыстағы ресми жүйеге өзгеріс әкеліп, республикада бұрын пайдаланылмаған жаңа жүйені тәжірибеге енгізу үлкен жауапкершілік жүктейтіні де белгілі. Бұл нар тәуекелмен бітетін шаруа емес. Қоғам үшін өте өзекті мәселені түсіну, оның қайтарымдылығына көз жеткізу керек. Жоғары орындардан қолдау-көмек те қажет. Бұл жерде облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы, профессор Қайрат Сабыр мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры, профессор Ербол Бекмұхамбетов сынды басшылардың үлкен азаматтық жасағанын айту ләзім. Олар ана мен бала денсаулығын қорғауда анағұрлым оң нәтиже беретін бұл жобаның өміршеңдігін зерделеп, түсінді. Орталық облыстық департамент пен университет басшыларының қолдауымен ашылды. Осындай бірегей орталықтың құрылуы науқастардың ауруханаларды аралап жүрмей, бірден жақсы жабдықталған, тәжірибелі мамандар істейтін жоғарғы дәрежедегі емдеу орнына келіп түсуіне мүмкіндік туғызды. Ал бұл жағдай жүкті және жаңа босанған әйелдерге диаг­ноз қою, емдеуде уақыт алмай бірден кесімді шешім қабылдауға қол жеткізді, мұның өзі ана мен баланы аман сақтау нәтижелерін жақсартуға алғышарт жасады. Орталық ашылғаннан бергі төрт жыл ішінде біздің облыс бойынша жүкті әйелдерді жедел хирургиялық аурулардан операция арқылы босандырғанда олардың арасында кездесетін хирургиялық асқынулар салдарынан болатын ана мен бала өлімі болған жоқ. Біздің тәжірибемізді 2010 жылы – Оңтүстік Қазақстан облысы, 2011 жылы Маңғыстау облысы өздерінде қолданып, осындай орталықтар ашты. Біз енгізген жүйенің тиімділігіне көз жеткізген Денсаулық сақтау министрлігі 2011 жылы бұл тәжірибені бүкіл республика көлемінде кеңінен қолдануды ұсынды. Қазіргі мақсат – осыны жүзеге асыру.

Елімізде ана мен бала өлімін 2020 жылға қарай 2 есеге дейін кеміту көзделіп отырған қазіргі таңда бұған атүсті қарауға әсте де болмайды. Міне, Елбасының бұл тапсырмасын мүлтіксіз орындауда осындай орталықтарды Астана, Алматы қалаларында, облыс орталықтарында ашсақ қана көздеген межеден көрінеміз. Ана мен бала өмірін сақтаудың бірден-бір жолы – жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық жәрдемді арнайы мамандандырылған орталықтарда көрсету болмақ. Бұл тұжырымды біздің тәжірибеміз, біздің қатысумызбен ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы осындай орталықтардың жұмысы дәлелдейді. Жан-жақты зерттеліп, дәлелденген ғылыми тәжірибелік жоба дайын. Енді, жобаны жүзеге асыру үшін ана мен бала өміріне жаны ашитын азаматтар ғана керек, біздің бұл іске.

– Кейде дәрігерлер тарапынан да қателіктер кетіп, опық жегізетін жайттар кездесетінін өмірде көріп жүрміз. Ана мен бала өлімінің қазіргі жағдайын толықтай табиғи процесс деуге келмейтін шығар?

– «Ауруын жасырған өледі», дейді халық мақалы. Иә, бүгінгі таңда барлық дәрігер мамандардың жұмысы талапқа сай, жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету жұмысы ойдағыдай деп үзілді-кесілді айтуға да болмас. Бірақ бұл орайда, дәрігерлер кінәсінен болатын бақытсыздықтар ілуде бір, сирек кездеседі әрі мұндай кемшіліктерді түзетуге толық мүмкіндік бар. Солардың бірі – жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі кезеңде болатын жедел хирургиялық аурулар, яғни әйел өздігінен босана алмай, операция арқылы босанғаннан кейінгі әртүрлі қабыну, іріңді асқынулар. Шетелдік мәліметтер бойынша, осындай хирургиялық аурулардың асқынулары, әйелді босандыру үшін жасалған операциядан кейінгі перитониттер ана өлімінің 30-40 пайызына себеп болатын көрінеді. Осы жайттарды ескеріп, 2004-2005 жылдардан бастап біз ана мен бала өлімінің алдын алу мәселесімен тікелей айналысып келеміз. Көп ізденістер, ана өлімі себептерін зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қорытындысында, ана мен бала өліміне тек акушер-гинеколог дәрігерлер емес, медицинаның әртүрлі салаларының мамандары да жауапты деген тұжырым жасалды. Мысалы, біздер, хирургтер осы жауапкершілікті өз мойнымызға алып, тиісті шараларды дер кезінде қолға алар болсақ, бұл қайғылы оқиғалардың, анау-мынау емес, үштен бірін жоюға мүмкіндігіміз бар екен.

Бұл ізденістер нәтижесінде көзіміздің жеткені – елімізде қолданылып келе жатқан заңдастырылған ресми жүйе ойдағыдай болмай шықты. Бұл жүйеде жүктілік не босану кезінде әйел ағзасында болатын күрделі өзгерістер ескерілмей, оларға барлық басқа халықпен бірдей тексеру-емдеу әдістері пайдаланылады. Оларға жаңаша көзқарас, жаңаша ұйымдастыру, жаңаша емдеу әдістері қажет.

– Мұны қалай түсінуге болады?

– Емдеудің нәтиже бермеуінің бір себебі, жүкті әйелдердің хирургиялық стационарға кешігіп түсуі дер едім. Ресейдің беделді хирургтерінің деректері бойынша, ауырғаннан бас­тап жүкті әйел хирургтердің алдына 24-48 сағат кеш келеді екен. Ойлаңыз, бұл осыншама уақытта ауру асқынып кетіп, емдеудің нәтиже бермеуі бек мүмкін ғой. Біріншіден, қазіргі ресми жүйе бойынша жүкті әйелдердің іші ауырса, құсуын қоймаса, осы сияқты неден екенін анықтау қиын белгілер пайда болса, оларды тексеру үшін ең әуелі әйелдер емханасына, перзентханаларға жатқызады. Аурудың жүктілікке байланысты емес екенін анықтағаннан кейін барып, хирургтерге көрсетеді. Әрине, бұл тексерулер, кеңес беруші хирургті арнайы шақырту, одан кейін хирургиялық бөлімшеге ауыстыру көп уақыт алады. Керекті операциялар кеш, ауру әбден асқынған кезде жасалады. Мысалы, түнде ауырып, таңертең сағат 10-дарға таман перзентханаға барып тексерілген әйел хирургия бөлімшесіне кешке қарай түсіп, одан соң тағы 2-3 сағат өткенде операция үстеліне апарылады. Енді түсінген боларсыз, қазіргі қолданылып жүрген ресми жүйе қажетті операциялардың кеш жасалуына әкеліп соғады. Операцияны кеш жасау салдарынан, іріңді асқынулар пайда болып, ананың да, баланың да ағзасына кері әсер етеді. Ал жүкті әйел өмірі үшін әр сағат қымбат.

Екіншіден, қазіргі ресми жүйе бойынша, жүкті не босанған әйелдер хирургиялық дерттерге ұшыраған кезде, өздерінің тұратын мекеніне байланысты аудандық, қалалық ауруханаларда емделеді. Өздеріңізге белгілі, мұндай ауруханалардағы дәрігерлердің біліктілік деңгейлері, қолданылатын аппарат, тексеру құралдары барлық уақытта дұрыс диаг­ноз қоюға, нәтижелі ем қолданып, күрделі операциялар жасауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, олар әуел бастан кез келген ауруханада емес, белгілі мамандандырылған орталықта емделуі керек.

Үшіншіден, жүкті әйел операция жасап босанған жағдайда, операциядан кейінгі кезеңде әртүрлі іріңді асқынулар, перитонит, сепсис сияқты ана өміріне қауіпті жағдайлар болады. Әдетте, олар акушер-гинеколог мамандардың бақылауында болады. Ал акушер-гинекологтар мұндай хирургиялық асқынулардың емдеу әдістерін жете білмейді. Мұндай асқынуларды тек хирургтер ғана емдеу керек. Бұл қағиданы жүзеге асыру үшін бір орталықта емдеуіміз керек.

Сонымен, жүктілікке немесе босануға байланысты ана мен бала өлімінің алдын алу үшін оларға жедел хирургиялық көмек көрсету жұмысын, диагноз қою, емдеу тәсілдерін қайта қарап, тәжірибеге жаңа жүйе енгізу керек. Осы жағдайларды ескере отырып, жоғарыда айтқанымдай, біз жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық жәрдем көрсету үшін арнайы мамандандырылған облыстық орталық аштық. Біз ұсынған бұл жоба жоғарыда көрсетілген кемшіліктерге жол бермейді. Нәтижесін қараңыз, соңғы төрт жылда облыста хирургиялық аурулардан ана мен бала өлімі болған жоқ.

– Нәтижелілігі қолға ұстатқандай көрініп тұрған жаңа жобаның кең қолдау тауып кетпей отырғаны қалай?

– Жаңалықтың жолы қашан да оңай емес. Қандай да жаңалыққа тосырқай қараушылық болады. Оның үстіне адам өмірімен тікелей байланысты денсаулық саласына жаңалық енгізу өте күрделі. Кейбір медициналық мекемелер басшылары жауапкершіліктен қашады, әлде, қайтеді дегендей «әліптің артын бағудан» аса алмайды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында ондаған жылдар қалыптасып қалған ескі жүйеден шығуға қауқарсыздық танытады. Алайда, біз қолға алған жаңа жүйе ана мен бала өлімін азайтатын бірегей жоба екенін дәлелдеп үлгерді. Бұған жоғары жақтағылар түсіністікпен қарап, қолдау көрсетулері қажет. Бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Мұны тәжірибелі ғалым ретінде, маман дәрігер ретінде де айта аламын, оған дәлелім де жеткілікті. Былай қарағанда, қазірдің өзінде осындай орталық үш облыста жұмыс жасап, тиімділігін көрсетті. Басқа өңірлерде де бұған оң көзқарас болады деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.