Қазақстан • 26 Мамыр, 2019

Парламенттегі көрмеге павлодарлық кәсіпорындар қатысты

1285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламенттегі көрмеге павлодарлық «Рубиком», «Айсберг ПВ», «МолКом» , «Сағып» ЖШС кәсіпорындары қатысты. Парламентте өткен тыңдаулар барысында облыс әкімі Болат Бақауов өңірдегі ет пен сүт өнімдерін өндіру, өңдеу және экспорттау мәселелері бойынша мәлім етті.

Парламенттегі көрмеге павлодарлық кәсіпорындар қатысты

Өз сөзінде  облыс әкімі өңірдегі ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың әлеуетін таныстырып, фермерлер тап болатын қиындықтарға тоқталды.

- Етті мал шаруашылығы саласында салалық құрылым жасаумен айналысамыз. Отбасылық фермалар, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдарын құрып, етті өңдеу қолға алынуда, - деді Болат Бақауов. – Облыста жалпы қуаттылығы 13,4 мың бас малға арналған бордақылау алаңдары бар. Осы жылы 10 мың бас малға арналған екі инвестициялық жоба басталды. Бұл өңірдің өнеркәсіптік бордақылау алаңдарға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді.

Сүтті мал шаруашылығына келетін болсақ, жалпы қуаттылығы 10 мың бас малды құрайтын 28 ірі және орта сүтті-тауарлы ферма бар. Облыста 3,4 мың бас малға арналған 6 сүтті-тауарлы ферманы іске қосу және кеңейту жоспарланып отыр.

- Былтыр тірі салмақтағы 96,5 мың тонна ет және 382,1 мың тонна сүт өндірілді,- деді өңір басшысы. – Шикізат өндірісінің артуы сүт және етті өңдейтін кәсіпорындардың санының артуына әсер етеді. Өткен жылы етті экспорттау жоспары үштен бірге орындалып, 3,8 миллион АҚШ доллары сомасына 1350 тонна ет шет елдерге шығарылды. 

Даму перспективаларымен қатар, облыс әкімі шаруаларды толғандыратын күрделі мәселелерді де атап өтті. Олардың біріншісі –ауыл шаруашылығының дамуына теріс әсер ететін мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларының ережелерінің жиі өзгеруі.

Сонымен қатар, Болат Бақауов сапалы жем-шөп базасының қажеттілігіне назар аударды. Өңірдегі суармалы егіншілікке қажетті инфрақұрылым толықтай іске қосылған және 70 мың гектар жерді ғана қамтамасыз етіп отыр.

Өңірде құрылып жатқан бірнеше жоба қосымша 50 мың гектар жерді суармалы алқаптарға айналдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде құжаттар қажетті қаржы алу үшін «ҚазСушаруашылық» РМК мен  Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.  

Павлодар облысы