07 Наурыз, 2013

Алматылықтардың орташа өмір сүру жасы өскен, ал денсаулығымыз қалай?

382 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматылықтардың орташа өмір сүру жасы өскен, ал денсаулығымыз қалай?

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:32

Алматыда қалалық денсаулық сақ­тау басқармасы­­ның 2012 жылдың қоры­тындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Шаһар басшысы А.Есімов, қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Мұқашев, аудан әкімдері, күң­гей­дегі бас қалада орналасқан респуб­ли­калық емдеу мекемелерінің,

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:32

Алматыда қалалық денсаулық сақ­тау басқармасы­­ның 2012 жылдың қоры­тындысы бойынша кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Шаһар басшысы А.Есімов, қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Мұқашев, аудан әкімдері, күң­гей­дегі бас қалада орналасқан респуб­ли­калық емдеу мекемелерінің, ғылыми орта­лықтардың, жеке меншік емдеу орындарының, емхана мен ауруханалардың басшылары мен отандық медицинаның майталман ардагерлері қатысқан жиында былтырғы жылы денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар талқыланып, алдағы уақытта қала тұрғындарын сапалы да қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етудегі атқарылар міндеттер айқындалды.

Басқарманың жылдық есебінде негізгі баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжанова халықтың денсаулығын жақсартуда медицина секторында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің орындалуына тоқталып, республика және қала тұрғындарына қажетті медициналық көмектің толық көрсетілгенін алға тартты.
Мәселен, өткен жылы Алматыда туу көрсеткіші 2 пайызға, табиғи өсім 9 пайызға ұлғайса, жалпы өлім-жітім – 8, нәрестелер өлімі 28 пайызға, 1-2 жасқа дейінгі балалар өлімі – 40, ал 5 жасқа дейінгілер 30 пайызға төмендеген. Дерт­тің алдын алудың кешенді шаралары мен емдеудің нәтижесінде қала тұрғын­дары арасындағы қан айналымы ауруынан болатын өлім-жітім 16 пайызға кеміген. Сонымен қатар, кардиологиялық қызмет пен кардиохирургиялық көмек көрсетудің жолға қойылуынан жүрек ақауларынан болатын өлім саны да едәуір азайып, Жол картасын жүзеге асыру мақсатында екі инсульт орталығы ашылған. Қатерлі дерттен қайтыс болатындар 5 пайызға, құрт ауруынан өмірмен қоштасатындар 3 пайызға, туберкулезбен ауыратындар 7,4 пайызға төмендеген. Жағымды жаңалықтың бірі – алматылықтардың орташа өмір сүру жасы бір жасқа өсіп, әйелдердің орташа өмір сүру жасы 76,6, ал ер-азаматтардың жасы 67,6 жасты құраған.
Қалалықтардың денсаулығын қорғау­ды жүйелі жүргізуде Денсаулық сақтау министрлігі мен қалалық әкімдік тарапынан қаржыландыруға айрықша мән берілетіні әрі жыл сайынғы өсу қарқыны байқалып отыр. Мәселен, 2010 жылы ол 30 млрд. теңгені құраса, өткен жылы салаға қала қазынасынан 49,5 млрд. теңге бөлінген. Ал республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 8,4 млрд. теңгені құраған.
Басқарма бастығы, сондай-ақ, еліміз­де 2010 жылы енгізілген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (БҰДСЖ) орындалу барысына кеңінен тоқталды.
– БҰДСЖ бойынша біз барлық мақ­саттарға қол жеткіздік, – деді қаланың бас дәрігері. – Оның дәлелі, ауруханаға жос­парлы жатудың ерікті таңдауын жасаған республиканың әрбір оныншы пациенті Алматы клиникаларына жолдама алды. Мәселен, 1 452 459 қала тұрғыны емхананы өз еріктерімен таңдаса, 105 211 науқас өз таңдаулары бойынша ауруханаларда жатып емделді. Ең бастысы, БҰДСЖ жағдайында мемлекеттік бюджеттің қаржысын пайдаланудың тиімділігі артты. 2010 жылдан бері стационарда жатып емделген бір науқастың құны 1,6, ал бір күнгі төсек-орын бағасы 1,7 есеге өскен. Бір айта кетерлігі, 2012 жылы өзге аймақтардан келіп емделген нау­қастарға жұмсалған қаржы 6 есеге өскен. Яғни, 2010 жылы 596,5 млн. теңге болса, былтыр 3 млрд. 252,2 млн. теңгеге жеткен.
Баршаға мәлім, Алматыда жоғары маманданған медициналық емдеу орындары көптеп шоғырланған. Соған орай, мұнда медициналық қызмет те жоғары көлемде көрсетіледі. Атап айтар болсақ, есту қабілетін арттыратын күрделі оталар, кохлеарлы имплант, лапароскопиялық және микрохирургиялық оталар, буынды эндопротездеу, балалар мен ересектерге жасалатын кардиохирургиялық оталар, ағзаны трансплантациялау. Мәселен, №7 қалалық клиникалық ауруханада 12 бүйрек ауыстырылса, тұңғыш рет бүйрек пен ұйқы безін бір мезгілде трансплантациялану да осында жүзеге асырылды.
Қалада емдеу мекемелерін күрделі жөндеу, жаңа ғимараттар салуда біраз шаруалар атқарылған. Алғашқы медико-санитарлық көмекті дамыту бағытында әкімдіктің қолдауымен өткен жылы төрт мекеме – №12 емханаға, аймақтық диагностика орталығына, №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына қосымша ғимараттар, «Алатау» ауруханасына амбулаторлық корпус салы­нып, пайдалануға берілді. Ал, №15 емхананың қосымша құрылыс жұмыс­тары аяқталу үстінде. «Денсаулық сақтау саласына – 350 нысан» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен екі емдеу мекемесінің құрылысы қолға алынбақ. Үстіміздегі жылы Бостандық ауданында 150 орындық психиатриялық аурухана, Алатау ауданындағы «Алға­бас» шағын ауданында 500 орындық ем­хана, Түрксіб ауданына қарасты «Ал­тай» шағын ауданында отбасылық амбу­­ла­торияның құрылыс жұмыстары басталмақ.
Көңілді көншітетін тағы бір жайт, денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен 1 қарашадан бастап қалалық емханаларда 25 әлеуметтік дәріхана ашылып, ондағы дәрі-дәрмек он пайызға жеңілдетіліп сатылуда. Әрине, 1,5 млн.-нан астам халық тұратын ірі мегополисте жедел жәрдем қызметінің алар орны ерекше маңызды. Өйткені, қалалықтар негізінен денсаулық сақтау саласының жұмысын осы қызметтің деңгейімен бағалап жатады. Осы ретте елімізде алғаш рет қалалық жедел жәрдем стансасындағы барлық бригада көліктері GPS жүйесі мен борттық навигаторлармен жабдықталып, тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жасалды. Мамандардың білімін жетілдіру жүйесі де тұрақты жолға қойылып отыр. Өткен жылы жергі­лікті және шетелдерде оқыту жүйе­сіне республикалық бюджеттен 109,6, жергілікті бюджеттен 88,2 млн. теңге қаржы қарастырылған. Соның негізінде 40-қа жуық алыс және жақын шетел мамандарының қатысуымен Медициналық инновациялық технология­лар орталығында 50-ге жуық шеберлік-класс, тренинг және семинарлар өткізілген.
Басқарма бастығы қол жеткізген же­тістіктермен қатар алдағы уақытта кө­ңіл бөлініп, атқарылатын іс-шара­лар­­ға тоқталып, олардың да атын атап, тү­сін түстеп өтті. Олар: аналар өлімі, ба­ла­лар­дың қызылша ауруының көр­сет­­кіш дең­гейінің азаймай отырғаны, ба­лалар мен жасөспірімдердің сүйек-бұл­шық ет жүйесінің аурушаңдығы және жас­өспірімдер арасындағы суицидтің жиілеп кетуі. Сондай-ақ, тек қана Алма­ты қаласында ғана емес, рес­публика көле­мінде шешімін таппай келе жатқан маңыз­ды мәселе – кадр же­тіс­­пеушілігінен бүгінде қаланың емдеу ор­ындарына 1500 дәрігер мен 2356 орта буын маманы қажет. Әрине, бұл жағдай ме­д­ициналық көмектің сапасына өз әсерін тигізуде.
Міне, осындай кемшін түсіп жатқан мәселелерді, Алматы қалалық денсау­лық сақтау басқармасының рейтингісін көтеруде атқарылатын бірқатар индикаторларды жетілдіру қажеттігін алға тартқан басқарма бастығы Ж.Қа­сым­жанова әріптестерімен бірігіп, бірлікке жұмыла жұмыс істеуге шақырып, қала тұрғындарына сапалы да қолжетімді меди­циналық қызметпен қамтамасыз етуде бар мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Басқарма басшысынан кейін жинал­ғандар алдында медициналық қызметтің сапасын бақылау жөніндегі Алматы қалалық департаментінің директоры А.Молдақасымова мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комтетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры С.Рахменшеев те есеп берді.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының жылдық есебін қорытын­дылаған Ахметжан Смағұлұлы алдымен жан-жақты байыпты жасалған баяндаманы мақұлдап, басқарма бастығының жұмысқа кіріскеніне аз ғана уақыт болса да, Ж.Қасымжанованың ден­сау­лық сақтау саласында тәжірибелі кәсіби маман, білікті ұйымдастырушы екенін, сондықтан да үлкен сенім көрсетіліп отырғанын атап көрсетті. Рас, ұстанымы мықты ұстаздары – академик Т.Шарманов, білікті ұйымдастырушы марқұм А.Біртановтың тәлім-тәрбиесінен өткен Жанат Кәкім­сейітқызы бұған дейін қаладағы №5 қалалық клиникалық ауру­хананың бас дәрігері қызметін атқарған кезінде еліміздегі құлақ-мұрын және бет-әлпет ауруларын емдеуде инновациялық технологияларды қолданысқа енгізуде елеулі үлес қосқан жаңашыл басшы болғанын айта кеткеніміз жөн болар.
– Баршаға аян, денсаулық сақтау жүйесі жұмысында ең басты индикатор – ол халықтың денсаулығы, – деді Ахметжан Смағұлұлы. – Міне, осы қағиданы денсаулық сақтау басқармасы басшылыққа алуы керек. Ал біздің тарапымыздан бұл салаға бөлінетін бюджет тұрақты өсуде. Соңғы үш жыл ішінде 1,7 есе артып, 2013 жылы 53 млрд. теңге бөлініп отыр. Алайда, баяндамада көрсетілгендей, Алматыда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі үздіксіз өсіп жатқанына қарамастан, жан басына шаққандағы республикалық көрсеткіштен артта келеді екенбіз. Оның себебін анықтау үшін талдау жұмысын жүргізу керек.
Сондай-ақ, әкім БҰДСЖ-нің «Ақша аурумен бірге келеді» деген қағи­даны жоққа шығармайтынын, бірақ Алматыда денсаулық сақтау меке­ме­ле­рінің жүктемесінің артуына байланыс­ты қаржыландыруды ғана емес, емдеу мекемелерінің де санын арттыру қажеттігін тілге тиек етті. Мәселен, соңғы 2 жылда еліміздің басқа өңірлерінен келіп емделушілер саны 6 есеге өскен. Алайда, қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасы бұдан зардап шекпеуі керек. Бұл ретте емдеу мекемелерінің санын көбейту қажет. Өйткені, төсек орын саны аздық етіп, дәрігерлерге көп күш түсуде. Ал бұл өз кезегінде науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде әсерін тигізбей қоймайды.
Шаһар басшысы кадрлық саясатты жақсартуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, әкім сайтына медициналық көмектің сапасы жайында, оларға жеткілікті көңіл бөлінбей, туған-туыстарына түсіндіру жұмыстары жүргізілмейтіні жөнінде алматылықтардан көптеген сауалдар жолданатынын, әсіресе, аналар өліміне айрықша көңіл бөлу қажеттігін, тұрғындар қандай қызметтің ақылы, қандай қызметтің тегін көрсетілетінін нақты білулері керектігін, қазіргі кезде №4, №7 ауруханаларда жұмыс істеп жатқан бақылаушы кеңестер қатарын көбейтуді міндеттеді. Сонымен қатар, әкім денсаулық сақтау мекемелері қазір медициналық жоғары оқу орындарының әлеуетін өз деңгейінде пайдаланып отырылғандығын, дәрігерлер білімдерін тұрақты түрде жетілдіру мәселесін де қалыс қалдырмады.
– 2009 жылмен салыстырғанда ден­саулық сақтау саласы қызметкер­ле­рінің жалақысы 1,7 есеге өсіп, дәрі­гер­лер­дің әлеуметтік жағдайын жақсар­ту мақсатында соңғы бес жылда 701 пә­тер бөлінді. 2012 жылы қалалық обли­­­­га­циялық займ шеңберінде тағы да 53 пәтер берілді. Алдағы уақытта осы мақ­сатқа жергілікті бюджеттен 4 млрд. теңге қарастырылып отыр, – дей келе, әкім бү­гінде отандық медицинаның кори­фей­ле­рі Камал Ормантаев, Төрегелді Шар­ма­­нов ағаларымыздай болсақ дейтін дәрігерлердің аздығына қынжылыс білдірді.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».