Аймақтар • 27 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Солтүстік соясы» бағдарламасы жүзеге асады

820 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен аймақ басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов «Солтүстік соясы» біріккен бағдарламасын жүзеге асыру келісіміне қол қойды.

Солтүстік  Қазақстанда «Солтүстік соясы» бағдарламасы жүзеге асады

А. Сапаров  Премьер-Министр Асқар Мамин қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесінде  аталмыш жобаның тұсаукесері болғанын жеткізді.

«Бағдарлама қаржылық, мамандар дайындау сияқты мәселелерді қамтып,  теріскей аграршыларын қолдауға арналған. Бес жыл ішінде соя дақылының көлемін 1,5 миллион гектарға, жалпы өнімді  3 миллион тоннаға дейін жеткізу белгіленген. Мұның өзі  өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығын,  еңбек өнімділігін, экспорт мөлшерін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді Айдарбек Сейпілұлы.

Астықты өлкенің пилоттық жобаның бірегей алаңы ретінде таңдап алынуы кездейсоқ емес. Өңірде астық өндірісін  әртараптандырудың нәтижесінде майлы дақылдар жалпы егістік алқабының төрттен бірін құрап, 1 миллион гектарға жетіп отыр.  Биыл алғаш рет 15 мың гектарға соя егу тәжірибесі қолға алынды. Австриядан әкелінген  элиталы, суперэлиталы тұқым жеткілікті, арнайы техникалар бар. Соядан кейін бидай жақсы өседі. Бағасы да жоғары.