Руханият • 27 Мамыр, 2019

«Ертіс бойындағы қала мәдениетіне – 1000 жыл» деп атап өтсек...

826 реткөрсетілді

Қазіргі Өскемен, Семей, Павлодар қалаларының орны ежелден адамдарға құтты қоныс және қалалық мәдениетке жақын болған.

Газетімізде 23 мамырда «Мыңжылдық тарихы бар қала» атты мақала жарияланған еді. Мақалаға, онда көтерілген мәселеге байланысты жергілікті зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер өз пікірлерін білдіріп жатыр. Осы ретте семейлік археолог, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет профессоры Амантай Исиннің шағын мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.                                                                                                                            

 Редакция

                                                                                                             

"Ертіс ұлы өзен ғой. Бұл өзеннің алқабында ежелгі замандардан бастап халықтар, тайпалық бірлестіктер тығыз тұрған. Кейін мемлекеттер құрылды. Сақтарда, ғұндарда, көне түркілерде мемлекет бірлігі болса, міндетті түрде олардың орталықтары, орда тіккен жерлері, бекіністері болады. Мұны айғақтайтын дүние – жазба және археологиялық деректер. Бізде екеуі де бар. Археологиялық деректер тіпті тереңге кетеді. Ертіс бойында әсіресе қола дәуірінен бастап халық тығыз қоныстанған. Оны дәлелдейтін ірі қоныстар археолог С.Черниковтың зерттеулерінен, XX ғасыр ортасынан бері табылып жатыр. Қазір протоқалалар туралы жиі айтып жүрміз. Бұрын оңтүстік Оралдағы Арқайым қаласын білетін едік. Бүгінде керекулік археолог Виктор Мерц Ертістің оң жағалауындағы, Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылының іргесіндегі протоқаланы зерттеп жатыр. Бұл осы өлкеде қала мәдениеті ерте кезеңде қалыптасқанын, Ертіс алқабында қола дәуірінің өзінде протоқала болғандығын көрсетеді. Ерте темір дәуірінде де осы өзеннің жағасында қуатты мемлекеттің ордалары тұрды. Одан бергі түркі заманында бекіністер салынды. Бұл туралы араб саяхатшылары кезінде сипаттап жазып кеткен. Қимақ қағандығы өте қуатты мемлекет болған. Жер аумағы да үлкен, батыста оңтүстік Оралға, оңтүстік шығыста Алакөл көліне дейін жеткен. Барлығы осы мемлекеттің құрамында болған. Осы далада ірі халықаралық сауда қатынастары жақсы дамыды. Оның бір тармағы, мұны далалық сауда жолы дейді, Ертіс алқабынан Қара Теңіздің солтүстік жағалауына кеткен. Бұл шамамен сақ заманының өзінде қалыптасып, одан кейінгі кезеңдерде маңызын жоғалтпай дами түскен. Бір сөзбен айтқанда, саяси орталықтар да, сауда орталықтары да Ертіс бойында болған. Сондай орталықтың бірі Қимақия, Қимақ қағандығының 16 қаласы жайында араб географтары X-XII ғасырларда жазған. Мұны қимақтанушы ғалым Болат Көмеков 1971 жылы жарияланған монографиясында талдап шыққан. Осы ортағасырлық қалалардан әл-Қимақи секілді үлкен білімпаз адамдар шыққан. Әбсаттар Дербісәлі зерттеулерінде де айтылған.

Қазіргі Өскемен, Семей, Павлодар қалаларының орны ежелден адамдарға құтты қоныс және қалалық мәдениетке жақын болған. Қоныстардың көлемін анықтау, сипаттау арнайы зерттеулерді қажет етеді. 2017 жылы Семейде 1718 жылы тұрғызылған әскери бекіністің 300 жылдығын тойлау керек деген әңгімелер айтыла бастағанда семейлік бір топ тарихшылар мен ғалымдар ортағасырлық жазба деректерге сілтеме жасады, 2016 жылы бұл тарапта «Ертіс бойындағы қала мәдениетіне – 1000 жыл» деген өзіміздің тұжырымымызды халыққа жеткіздік. Біз дәл 1000 жылды шартты түрде алдық. Өйткені шындыққа сәйкес келеді. Семейдің, Өскеменнің, Павлодардың орнында қала мәдениетін айғақтайтын қоныстар болған. Бұл ешқандай күмән туғызбайды. Археология мұны растайды. Деректер өте көп. Қола, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға қатысты мағлұматтар сан алуан. «Ертіс бойындағы қала мәдениетіне – 1000 жыл» деген формулаға бәрі сыйып тұр. Бұл Семейге де, Өскеменге де қатысты. Әрине, Семей мен Өскеменнің жасы тура осындай деп тап басып айту қиын. Ізденістерге де мүмкіндік қалдыру керек қой. Ғылым дамуы керек. Ертіс бойынан әлі талай қаланың орындары табылуы ықтимал. Тек Ертіс емес, басқа да аймақтардан анықталуы мүмкін. Ұланғайыр жерімізде, соның үлкен бір бөлігі Шығыс Қазақстанда әлі талай қала мәдениетіне қатысты жаңалықтар болады. Сондықтан «Ертіс бойындағы қала мәдениетіне – 1000 жыл» деп атап өтсек тарихқа ешқандай қиянат жасамаймыз". 

СЕМЕЙ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Оралда есірткі қоймасы табылды

Аймақтар • Бүгін, 09:46

Оңды қыз Ольга

Аймақтар • Бүгін, 08:54

Құмнан табылған қазына

Тарих • Бүгін, 08:53

Зейнетті өмірге жағымды қадам

Президент • Бүгін, 08:37

Ақшағылдың Ерболы

Аймақтар • Бүгін, 08:34

Қолбасшы

Саясат • Бүгін, 08:33

Тиімді әрі батыл қадамдар жасалды

Президент • Бүгін, 08:31

Бақуатты ел – қуатты мемлекет

Президент • Бүгін, 08:29

Берекелі ауыл – Айнабұлақ

Аймақтар • Бүгін, 08:19

Хэм ағай: шеберлік һәм шыңырау

Руханият • Бүгін, 08:16

Сабақтастықтың жүз күні

Президент • Бүгін, 08:08

Ел дамуын айқындаған бастамалар

Президент • Бүгін, 08:03

Ұқсас жаңалықтар