Аймақтар • 27 Мамыр, 2019

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан табылған адам сүйектері басқа жерге жерленеді

1558 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желілерде тосындау бейнежазба жарияланып, жұрт арасында түрлі пікір туындаған болатын. Иә, Түркістанда басталып жатқан құрылыстың іргетасы үшін шұңқыр қазу кезінде адамның сүйектері табылған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан табылған адам сүйектері басқа жерге жерленеді

Бүгінде Түркістан қаласының шеткі аумағында салынып жатқан нысандармен қатар Рухани-мәдени орталықта да жұмыс қызу қарқын алған.  Бұл орталық Қ.А.Ясауи кесенесі маңын қамтиды. Ол маңайдағы тұрғын үйлер және басқа да нысандар орналасқан жерлер заң шеңберінде мемлекеттің мұқтаждығына алынған-ды. Яғни 98 гектарды қамтитын  қажетті жерді дайындау мақсатында  мемлекеттің мұқтаждығы үшін 167 нысанды (13 кәсіпкерлік, 154 тұрғын үй) қайтару жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлер бұзылып, орнына жаңа нысандар салына бастады. «Астанагенплан» ЖШС «Түркістангенплан» өкілдігінің басшысы Еркін Жүсіптің айтуынша, жаңа салынатын нысандардың орнын дайындау кезінде адам сүйектері табылған. Терең қазылған жерлерден шыққан сүйектер бойынша археологтар жұмыс істеп жатса керек. Яғни жылдар, бәлкім ғасырлар бойы жатқан сүйек тереңдете қазу нәтижесінде шығып отыр.

Шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі өз еңбектерінде мұсылман Шығысы халықтарының әдетінде егер қайтыс болған кісі әулиенің қасына жерленетін болса, онда ол о дүниеде Алла тағала тарапына жақын бола алады деген наным кең етек алғанын жазады. «Ал, Қожа Ахмет қасиетті деп саналғандықтан да осы ғасырдың басына дейін өз жақындарын осында жерлеуге құштар болғандар көп болған. Бірақ олардың ішінде тек дәулетті, тұрмысты кісілер ғана өз ойларын жүзеге асыра алған. Ол үшін кесененің шырақшы шайқыларына дүние береді. Ал, тіпті түн ішінде жасырын көміп, ізін де білдірмей кететін жәйттер де кездескен», -дейді шығыстанушы «Қожа Ахмет Ясауи, Ақсақ Темір және Түркістан мәдениеті» атты еңбегінде. Яғни құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында адам сүйектері табылуының бір себебі де осында жатыр.

Ал күні кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында профессор, тарихшы Хазіретәлі Тұрсын кесененің төңірегіндегі сүйектердің шығу себептерін бірнеше дерекпен байланыстырды. Түркістандағы ескі қалашықтың орны 2500 жылдық мәдени қатпардан тұрады. Осы уақыт ішінде аймақта түрлі оқиғалар болғаны ақиқат. Киелі көне шаһардағы шайқастарда қаза тапқандардың жерленуі де әрқилы болған. Қ.А.Ясауи кесенесінің төңірегінде қазақтың игі жақсыларының жерленуі, Қазақ хандығы құрылардан 500-600 жыл бұрын басталған. «Біріншіден, қазба және құрылыс жұмыстары кезінде табылып жатқан қабірлер белгілі бір игі жақсылар мен тарихи тұлғалардікі болуы мүмкін. Ондай жағдайда мәйіт аруланып көмілген. Екінші жағдайда кесененің төңірегінде Рабат, Шахристан секілді үлкен қорғандар болған. Мәселен, Әмір Темірдің кезінде де шайқастар болған. Тарихшылар ең соңғы шайқа ретінде Түркістан қаласының полковник Веревкиннің отрядынан қорғану кезеңін келтіруде. Осы шайқаста төңіректе орлар қазылған. Қаншама адам атылған. Бүгінде сүйектердің шығуы, көз жұмған адамдардың арнайы жерленбей бетін жаба салуынан дейді мамандар. Ал үшінші дерек бойынша, ХVIII- XIX ғасырдағы және 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта кесене төңірегінде өлген адамдар сыртқа шығарылып арнайы қорымға көмілген», - деді Хазіретәлі Тұрсын.

Баспасөз мәслихатына қатысқан ҚМДБ қызметкерлерінің мәлімдеуінше, табылған мәйіттер рәсім бойынша қайта жерленеді. «Шариғат бойынша қабірстанның ішіне қойылған ең соңғы адамның бейітіне 40 жыл өткеннен кейін, мазарат сүріліп тасталып, орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады. Ал егер, басталып кеткен құрылыс аймақтарында атқарылатын қазба жұмыстарында адам сүйектері табылып жатса, ол сүйектер ақ матаға оралып, басқа жерге көміледі», - дейді Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы.